Ел мен Елбасы: Жамбылдағы жылы жүздесулер
Ел мен Елбасы: Жамбылдағы жылы жүздесулер
Әр жылдары Ұлт көшбас­шы-­с­ы­мен жүздесу құрметіне ие бол­ған­­дар осы бір естен кетпес кез­десу мәң­гі жадыларында сақ­тал­ғанын ай­та­ды. Ондай бақытқа бө­­­ленген­де­рдің арасында жам­был­­дықтар да аз емес. Міне, біз бү­­гін осы тарихи сәтті бастан ке­­шір­­ген әулиеаталық­тар­дың ес­тен кет­пес кездесу сәт­те­рін ұсын­бақ­пыз...  

«Жарасып тұрса, жүре бер осылай»

Ұлт көшбасшысының қара­пайым­­­дылық қыры жайлы аға буын үл­кен­д­ерден жиі естиміз. Сон­­дай оқи­ғаның бірін Еңбек Ері, «Қаз­­фос­фат» ЖШС-інің ди­рек­торы Мұқаш Ескендіров тар­қатып айтып берді. – Елбасының 2008 жылы Та­раз қаласына жасаған кезекті жұ­мыс сапарының бірі болатын. Содан Жаңа Жамбыл фосфор зауы­тында химия өндірісін да­мыту бойынша үлкен респуб­ли­калық жиын өтті. Атал­ған шараға дайындаламын деп жүріп, шаш алдыруды ұмытып ке­тіппін. Со­дан басқосуда баян­дама жасап, барлық жұмысты ег­жей-тегжейлі түсіндіріп болғаным сол еді, Нұрсұлтан Әбішұлы «Мұ­қаш, ша­шың өсіп кетіпті ғой. Алдыр­­мап­сың» деп қалғаны. Елдің бәрі ду күліп жіберді. Мен де сас­пай «Нұрсұлтан Әбішұлы, ал­дыру­ға қол тимеді» деп күліп жіберіп едім, ол кісі «Жарасып тұрса, жү­ре бер осылай» деп арқамнан қақ­ты. Шыны керек, Ұлт көшбас­шы­сының осындай қарапайым­дылық қасиетіне қайран қаласың. Бір ме­зетте айналаға жағымды аура қалыптастырып, маман­дар­дың да көңілін табуды біледі. Со­сын өзі өндірістің адамы бол­ған­нан кейін ешқашан сұлу сан­дарды сөйлете алмайсың. Бәрін бірден біліп қоя­ды. Және бір нәрсеге уәде берсең, уақыты кел­генде сол жұмысты сұ­­райды. Мем­лекет басқарып, сан­­­сыз тір­лік­ке бас-көз болып отыр­­ған ол кісінің осындай есте сақ­­тау қабі­летіне де қайран қала­сың, – дейді М.Ескендіров.  

Қазақы болмыстың бір көрінісі

Елбасының осындай ерекше қасиеті туралы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Масат Берік те толғаныспен еске алды. – Оңтүстіктегі көрші мемлекетпен шекара мәселесіне байланысты үлкен кездесу өтеді. Елбасы сол басқосудан кейін облыстағы бір  ауданға келеді деген тапсырма түскеннен соң бәріміз сонда жиналамыз. Сақтық шаралары барынша күшейтілген. Жүріп-тұрудың өзі қиын. Бір кезде Президенттің тікұшақпен қонғаны сол еді, «ат алдырыңдар» деген тапсырма түсті. Бәріміз жүгіріп жүріп, әдемі оюлы нақыштармен безендірілген сәйгүлікті әкелдік. Ұлт көшбасшысы атқа отырған бойы күзетшілеріне де қарамай, сайын далаға шауып кетті. Қорғаушылары жоспарланбаған әрекеттен асып-сасып, не істерін білмей қалды. Ал Елбасы сол кеткеннен бір сағаттан кейін барып оралды. Аңғарғанымыз –  екі ел арасындағы жиын ауыр өткен сияқты. Нұрсұлтан Әбішұлы соны ой елегінен өткізіп келгендей көрінді. Ең таңғаларлығы, ол кісі мінген ат  қара терге түсіп, өн бойы су болып,  шылқылдап кетіпті. Үлкендер мұны Ұлт көшбасшысының бойындағы ерекше қасиетіне балады. «Президенттің бойындағы ой мен уайымды қайран жылқы жануары өзіне қабылдаған екен ғой» деп жатты. Бұл Елбасының жылқы жалында өскен қазақы болмысының бір көрінісі еді, – дейді М.Берік.  

Көшбасшының көрегенділігі

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова Ұлт көшбасшысының ұлылығы туралы былай еске алды. – Елбасымыз еліміздің Тұңғыш Президенті  болып сайланғалы  бері  ол кісінің алдында сан мәрте ән сал­­дым.Үлкен концерттерде,  арнайы қабылдауында, шетелден мәртебелі  қонақтар келгенде, талай маңызды жиындарда бірге болдық.  Сондай   кездесудің  бірі  ел астанасын Ақмолаға көшіру  туралы  жиын еді. Сол тұста  ол кісі  өнер және әдебиет өкілдерімен де кездесу  өткізді. Астананы  көшіру жөнінде өзінің ұсынысын жеткізді. Жиналғандар  республика басшысын   қолдап сөйлегенімен,  кейбір көңілдерде күдік те жоқ емес еді. Елбасымыз  соны аңғарып  бір мысал айтты. «Баяғыда  бір хан барлық  уәзірлерін жинап, жайылған   үлкен кілемнің қақ ортасына кесе қойдырады. Сөйтіп, кілемді  баспай кесені алу жөнінде уәзірлеріне  бұйрық  береді. Уәзірлері қатты дабдырап, ұзақ ақылдасып, амал іздепті. Ақыры  кілемді бір шетінен  жинай жүріп, жақындап барып кесені алып,  ханға ұсынған екен. Сол секілді Астанамыз да еліміздің қақ  ортасында  болғаны  дұрыс», – деді  Президент.   Elbasi Jambil obl Бір жолы Президенттің алдында «Толағай» әнін екі шумақпен  тоқтат­қаным бар. Сол кезде Елбасы «Жайлауы Толағайдың қоңыр салқын...» деп  үшінші шумақты  жалғап кеткенде тыпыршып қалдым.  Содан мен де қосыла шырқап кеттім.  

«Мені қаншаға сатып жатырсыңдар?»

«Рысбаева и К» ЖШС-інің директоры Сәуле Рысбаеваның да Елбасы туралы естен кетпес естелігі көп. – 1998 жылы облысқа келген іс­сапары  барысында  ол кісі біздің өндіріс орнын  көруге арнайы ат басын бұрды.  Алақандай ғана  кәсіпорнымызға  Елбасының арнайы келетіні  біз үшін үлкен  қуаныш  болды. Сондықтан қатты қобалжып, облыс әкімдігінен қалай таныстыруым керек екенін алдын ала сұрап, дайындалдым. Әкімдіктің  нұсқауымен келген баяндаманы сан мәрте қайталап, жанымды қоярға жер таппай жүрмін. Сөрелерде тұрған тауарларды аралап жүрген Президент бір кезде жоғарыда ілініп тұрған өзінің суретін көріп, «Сәуле, мені қаншаға сатып жатырсың?» дегені бар ма?! Осы кезде үстіме тастай су құйып жібергендей селк ете қалдым. «Жо-жоқ,  Нұрсұлтан аға, бұл сатылымға шыққан дүние емес, төрге ілініп қойылған сурет қой»  деп түсіндіріп жатырмын. «Жоқ, әне, бағасы да ілініп тұр» деп  күліп жіберді. Қасындағылар да ду етіп күліп жатыр. Осылайша, Елбасымыз кәсіп­орынмен танысу кезінде ерекше көтеріңкі көңілмен кетіп, зор табыс тілеген  еді,  – дейді С.Рысбаева.  

«Шіркін-ай, қазақтың барлық қызы осылай киінсе...»

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Кабиева да Ел­басымен кездескен сәтін естен шығара алмайды. – Мен Елбасымен он бір рет кез­десіппін. Әр кездесуім естен кетпейді. 1996 жылы Ұлт көшбасшысының облысқа жасаған кезекті бір сапарында  Жүсіп Баласағұн атындағы мәдениет сарайындағы әйелдер съезіне қаты­сатыны айтылды. Тараз қалалық ұлттық технологиялық институтынан делегат ретінде мені сол съезге жіберді. Содан ғимараттың екінші қабатында бір топ адамдар жиылып тұр едік, Елбасының дәл маған қарай беттеп келе жатқанын көрдім. «Маған ба, әлде басқа біреуге келе жатыр ма?» деп сасқалақтап қалғаным сол еді, қолын созып «Қай жақтансың?», – деді. «Технологиялық институттан келдім», – дедім. Сол сәтте Президент «Шіркін-ай, қазақтың барлық қыз-келіншегі осындай ұлттық үлгіде киініп  жүрсе ғой. Қандай тамаша, қараңыздаршы!» деп менің үстімдегі оюлы камзол мен кестеленіп тігілген жейдеме, түрлі таспен көмкерілген сырға-білезіктеріме айрықша назар аударған еді. Мен Елбасының ұлттық болмысы мен қазақы қасиетіне осы кезде қайран қалдым, – дейді А.Кабиева. Иә, бұл Ұлт көшбасшысының қара­пайымдылық мінезінің бір қыры ғана. Елбасымен әрбір кездескен жан тек әсерлі естеліктерімен бөлісуде. «Ел үшін туған ер» деп дана халық осындайда айтса керек.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы