ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 96 жасында өмірден өтті. Бұл туралы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты хабарлады. «Бүгін түнде қазақ тіл білімінің абыз анасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық дүниеден өтті. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Рәбиға Сәтіғалиқызы отбасының қайғысына ортақтасып көңіл айтады», – деп хабарлады институт Facebook желісінде. Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы, Ойыл қалашығында туған. Ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының, «Парасат» орденінің, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері. Рәбиға Сыздық «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959 ж.), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971 ж.) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994). Диссертациялық зерттеу еңбектерінен бөлек, Р. Сыздық қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы, қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі, тарихи лексикология, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті және орфография, орфоэпия бағыттарымен айналысқан. Сонымен бірге, әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырған. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі – осы саладағы ізденістің нәтижесі. Тарихи лексикология бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек 1994 жылы толықтырылып, өңделіп, екінші рет жарық көрді. Кітапта тарихи, лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар тілінде, тұрақты тіркестер құрамында, мақал-мәтелдерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, семантикалық өзгерістеріне талдау жасалады. Сондықтан аталмыш еңбек тек тіл мамандары ғана емес, байырғы көркем мұраларды сүйсіне оқитын былайғы жұртшылық үшін де бағалы зерттеудің бірі болды. Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді. Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р.Сыздықова алғашқы болып, ғылыми очерк жазып, кітапшалар шығарды. Оның Қ. Жұбанов туралы «Ғалым-азамат» (1966, 2004), А.Байтұрсынов туралы «Ахмет Байтұрсынов» (1990) деген кітапшалары жұртшылыққа кеңінен мәлім.