Нұр-Сұлтан – ұлт тарихындағы айтулы жетістік
Нұр-Сұлтан – ұлт тарихындағы айтулы жетістік
308
оқылды
Алайда арада нәбәрі он жыл өткенде қазақтың кең даласының нақ төрінде тәуелсіз ұлттың аспан тектес алтын күмбезі жарқырап тұрды. Ғасыр идеясын іске асыруға тұтас ел жұдырықтай жұмылды. Халық еңбегінің нәтижесі бүгін көз алдымызда. Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласы бүгін Тәуелсіз Қазақстаның маң­дайалды жетістігі деп мойын­далып, халықтың мақтанышына айналды. Жаңа елорда салу идеясы еуразия даласында тағдыр кешкен ұлы мемлекеттердің мұрагері тәуелсіз Қазақстанның асқақ мұ­раттарын жалпақ әлемге паш ету мақсатынан туындаған көреген бастама екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Бұл бабалар аңсап өткен, жұртпен терезесі тең ұлт құру жолындағы батыл қадам болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қызметіне кірісу сәтінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет үшін сіңір­ген еңбегін атап өтіп, мем­лекет астанасына Тұңғыш Прези­дент есімін беруді ұсынды. Осы арқылы мемлекет басшысы қазақ даласында тарихи қалыптасқан саяси сабақтастық мәдениетін тағы бір шегелеп берді. Халқы­мыздың бойына сіңген тарихқа құрметпен қараудың айрықша үлгісін көрсетті. Жалпы, ықылым заманнан бері өркениеттің қозғаушы күші болып, оның әр дәуірде жаңа серпінмен өркендеуіне ықпал еткен орталықтар – қалалар еді. Адамзат тарихындағы озық ойлар мен тіршілік етудің соны үлгілері дәл осы қалалық құрылымдарда өмірге келіп, дамыды. Бұл үрдіс сонау ежелгі Месопотамияда пайда болған алғашқы қалалық қоныстардан басталып, бүгінгі урбанизация дәуіріндегі мега­полистерге дейін жалғасып келеді. Ұлы астаналар алып өрке­ниеттердің алтын бесігіне айналып, адамзат тарихының жарқын образдарын қалып­тастырды. Бұған ежелгі Рим, Спарта, Александрия, Афина қалаларының тарихы айқын дәлел. Мұндай мысал өз тарихы­мызда да жетерлік. Күллі түркі жұртының рух қазаны болған Яссы қаласы Қожа Ахмет Ясауи бастаған ғұламалардың қалыптасуына ықпал етті. Ясауи ілімі оның шәкірттері арқылы алыс-жақын түркі жұртына таралып, ұлан-ғайыр аумақты қамтыған Түркістан жұртының рухани діңгегі болды. Кейінірек Яссы қаласы да Түркістан атауын алды. Қала 200 жылдан аса Қазақ хандығының астанасы болды. Сол Яссыдан бастау алып тараған діни-философиялық ілім қазақ сахарасына кең тарап, осы даладағы дүниетанымның дамуына өлшеусіз ықпал етті. Кеңестік кезеңде және Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында қазақ елінің астанасы болған Алматы – ұлт рухын тоталитаризмнің қанқұйлы зұлматынан аман алып шыққан ұлы қала. Сталиндік қуғын-сүр­гіннен тірі қалған ұлт зиялылары Алматыда бас қосып, үзіліп бара жатқан рухымызды сөндірмеуге күш салды. Осылайша, қай заманда да қалалар, ордалар бүкіл қоғамның интеллектуалдық әлеуетін бір арнаға шоғырландырып, ұлт рухын сақтаушы, жаңғыртушы болды. Жасампаз ұлттардың жарқын болмысы дәл осы қалалар қазанында қайнап, сомдалды. Ал жаңа елорда құру қашанда тұтас ұлт рухын жаңартуға жол ашатын түбегейлі қадам деп танылды. Мұндай қадамды іске асыру тарихта кемел ұлт құруға талпынған талай ұрпақ үшін арман болғаны белгілі. Десек те, бұл оңай іс емес екені белгілі. Мемлекет құруды жаңа елорда салудан бастаған жағдайлар көп емес. Бұл халық­тың қолдауын, ерекше қажыр-қайратты қажет ететін тарихи миссия. Мұндай миссияны іске асыру тарихта кез келген ел билеушінің тағдырына бұйыра бермеген. Солардың бірі және бірегейі Түркия Республикасының тұңғыш президенті, қазіргі түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік болды. 1923 жылы Түркия тәуелсіздігін алған сәттен Ататүрік Анка­раны ел астанасы деп жария­лады. Бұрынғысы Осман импе­риясының астанасы Стамбұл еді. Бұл шешім Ататүрікке жаңа түрік ұлтын құруға жол ашқан оның кемеңгер реформаларының бірі деп бағаланады. Мұндай асқақ мұратты кешегі алаш арыстары да аңсап өтті. Кезінде алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ халқының болашағы үлкен. Уақыт өзгереді. Жаңа заман келеді. Сол кезде Қараөткелді астана етеміз, уни­верситет ашамыз» деп жазғаны бар. Осы арман Қазақстан тәуел­сіздігін алған кезеңде республи­каның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көкі­регінде қайта оянды. Н.Назарбаев ұлы дала төсінде, келешегі кемел жаңа мемлекет құру үшін осындай батыл да өршіл қадамға бару қажетін тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап терең ұқты. Бұл туралы Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе – 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым. Өйткені Қазақстанның эконо­микасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», – деп толған­ған еді. Жаңа астана салудың түпкі астары ғасырлар бойы бабалар аңсап өткен азаттыққа қол жеткен сәтте баянды мемлекеттілік та­рихын жаңа парақтан бастау еді. Бұл үшін тағдырдың талайын бас­тан кешкен халыққа күмбездей жарқын бейнесімен жол көр­сететін жаңа орда керек еді. Жаны жаншылған ұлттың еңсесін көтеретін, келешек ұрпаққа рухани діңгек болатын қуат, күш жаңа елорда тұрғызу еді. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев елорданың 10 жылдығына ар­налған жиында «Тәуелсіздіктің негізгі мәні тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жо­лымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйы­тып отырған рухани орда­мызға да айналып отыр», – деп атап көрсеткен еді. Ақиқатын айтар болсақ, жаңа елорда біздің халқымыздың бойына азаттық сезімін, ертеңге деген сенім, асқақ арман және көзге көріне бермейтін қуатты рухани серпіліс сыйлады. Біріншіден, елорда – ұлт тарихындағы жасампаздықтың куәсіне айналған қала. Қазақ­стан­ның жаңа астанасының құрылысы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ХХ ғасырдың соңындағы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді, ал Қазақстан – екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз ел. Аз уақыт ішінде елорда Қазақстанның әкімшілік-саяси орталығы ретінде қалыптасты. Елорда еліміздің тәуелсіздік жылдары ішіндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің куәсі болды. Елорда жетістіктері өңірлердің серпінді дамуына, олардың ілгері басуына үлгі болды. Екіншіден, елорда – ұлттың жаңа болмысын сомдаған прогрессивті қала. Нұр-Сұлтан қаласының қарқынды дамуы бүкіл Қазақстанды түбегейлі өзгертті, оны экономикалық қуатты және саяси тұрақты мемлекетке, жауапты да беделді халықаралық серіктеске айналдырды. Үшіншіден, елорда – ар­маншыл жас ұрпаққа жол ашқан қала. Осы жылдар ішінде еліміздің шартарапынан арман қуған жастар астанаға ағылды. Бүгінде елорда тұрғындарының 62 пайызы – жасы 35-ке дейінгі адамдар. Бұл елорда жастар қа­ласы екенін көрсетеді. Төртіншіден, елорда – бейбітшілік пен теңдік идеясын барша әлемге паш еткен қала. Елорда өзін халықаралық дең­гейде Бейбітшілік және келісім қаласы ретінде танытты. Қа­зақстанның астанасында әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съездері, Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының, Ислам ынтымақтастығы ұйымы­ның, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенімділік шаралары жө­ніндегі кеңестің маңызды іс-шаралары өтті. Онда қабылданған шешімдер халықаралық дең­гейдегі тұрақтылық пен қауіп­сіздікке ықпал етіп келеді. Бесіншіден, елорда – Н.Назарбаевтың мемлекетшіл тұл­ғасының көрінісі, оның ұлтқа қызметінің айшықты үл­гісі. Елорда құрылысы Тәуел­сіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен жаңа астана салу идея­сын ұсынып, іске асыр­ған Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың қыз­метімен тығыз байланысты. Ол қазақ мемлекетін қалыптастыруға, оның елордасын орнатуға бар күш-жігерін салып еңбек етіп келеді. Бүгінде ұлт мақтанышы елорда – бұл төл тарихымыздың жаңа беттерінің бастауы, айтулы жетістігіміз. Бұл ұлттың түбегейлі жаңаруының алғышарты, тәуел­сіз қазақ мемлекеттілігінің темір­қазығы. Келешек ұрпақ үшін зор мүмкіндік.  

Оспан ЕДІЛ,  Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты