Елорда дәрігерлері ерлеп тұр
Елорда дәрігерлері ерлеп тұр
Биыл айтулы Астана күні осы дүрбелеңмен тұспа-тұс келіп тұр. Осыған орай біз вирусқа шалдыққан жандардың өмірі үшін күндіз-түні күресіп жатқан елорда дәрігерлерінің елеулі еңбегін атай кеткенді жөн көрдік. Ақпан айында Қытайда жаңа типтегі коронавирусты ең алғаш анықтаған дәрігер Ли Уенлианг аталған індеттен қайтыс болған еді. Сол кезде вирус қаупі дәрігерлерге де төне бастағаны айтылды. Өкінішке қарай, мұндай оқиға Қазақстанда да тіркелді. 13 мамыр күні елордада 62 жастағы дәрігер әйел дерттен қайтыс болды.  Ол аз десеңіз, эпидемиялық жағдайға байланысты мамыр айының ба­сындағы дерекке сүйенсек, жалпы науқастардың бестен бір бөлігіне жуығы медицина қызметкері екен. Осыдан кейін эпидемиялық ахуалға қарсы жұмылдырылған дәрігерлердің қауіпсіздігі алаңдата бастады. Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиялық жағдай да мәз емес. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қаладағы 2,5 мыңнан астам науқастың 80 пайызы реанимацияда жатыр. Осы күні елордада 400-ге жуық дәрігер вирус жұқтырған. Одан бөлек, маусым айында зертханада жұмыс істейтін 20 вирусологтан  індет анықталыпты. Сондықтан дәрігерлер дертпен күресіп қана қоймай, бастарын қауіпке тігіп отыр десек артық айтқандық емес. Індет жайыла бастаған шақта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі мәлімдеме жасап, дәрігерлерге көңіл бөлу керегін ескеріп «Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көр­сетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қыз­меткерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы төленеді» деген еді. Осылайша, Президенттің тапсырмасымен нағыз қауіп өтінде жүрген 26 228 дәрігерге үстемеақы берілді. Әрине, қауіпті сәтте өз басын қатерге тіккен дәрігерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ал елордада науқастардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлер нендей пікір айтады? Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас инфекционисі Сәуле Атығаева дәрігерлердің қаңтар айынан бастап үйде болмағанын, бірінші күннен бастап стационар мүлдем босамағанын айтып отыр. – Соңғы аптада мұнда ауыр науқастар тіптен көбейді. Стационарда мүлдем басқаша, қорқынышты өмір екенін қанша жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер мойындап отыр. Қазір стационардағы па­циенттердің 95 пайызында  пневмония, оларда тыныс алу жетіспеушілігі бар, оттегі жетіспеушілігінен аппарат қажеттілігіне мұқтаж адамдар. Реанимацияда бос орын жоқ деуге болады. Дәрігерлердің өзі антидепрессант қолданып жүр. Мен жұқпалы аурулар емханасында жұмыс істеймін, ауыр науқастарды күнде көремін. 28 жыл ішінде мұндай қасіретті  көрген емеспін. Тыныс ала алмай, демігіп, ентіккен адамдар бір бөлек, көз алдыңда көз жұмып жатқаны қорқынышты,  –  дейді маман. Ал дәрігер инфекционист Гүлнар Искакова болса, нау­қастардың күйзелісі көбейгенін жеткізді. – Науқастардың бәрінде аурудан бөлек шок, агрессия, ашу бар. Бірақ бұл қалыпты реакция деп ойлаймын. Өз ау­руына сенбейтіндер көп. Теріс-қағыс сөйлейді, қыңыр жауап береді.  Құжаттарды растауды, зертхананың нөмірін талап етеді, тест қорытындысын жи­нау мен зертханаға жеткізудің дұрыстығына күмән келтіреді. Коронавируспен ауыратын науқастардың агрессиясына инфекционистер әбден үйренген. Ал психотерапевтер олардың эмоционалдық жағдайына логикалық түсініктеме тапты. Адам ауыр науқасты білгенде, ол жан күйзелісін сезінеді. Мұның бәрі содан,  –  деді дәрігер. Вирус кезінде жедел жәрдем қызметкерлеріне де салмақ түсті. Науқастарды жеткізіп үлгере алмай жатқаны да жа­сырын емес. Жедел жәрдем қызметінің дәрігері, фельдшер Абзал Майлыбаев науқастың көптігі мүлдем ойлануға уақыт қалдырмайтынын айтты.  – Тіптен қарбалас көп. Инфекциялық ауруханаларға күніне  оннан астам адам келіп түседі. Әрине, бұлар ауыр халдегілер ғана. Толық бір күн, 24 сағат жұмысқа шығып, 24 сағат демалып жатырмыз. Екпе егу мен алғашқы көмектен қол босамайды. Адам жазылып шығып жатса, орнына қайтадан науқастар келеді, – деді. Провизорлық стационардың эпидемиялық бөлімінің мең­герушісі Айнұр Қалидолла болса, бұл кезеңдегі жұмыстарын ерлікке емес, міндетті орындау деп түсінген дұрыс екенін баяндады. – 8 сағаттан 3 ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз. Бәрімізге қиын. Алдыңғы айдан бері үйге барған жоқпыз. Науқастар да күн сайын үсті-үстіне көбейіп жатыр. Физикалық тұрғыдан емес, моральдық жағынан қиын. Бірақ біз мұны ерлік деп санамаймыз. Себебі бұл – біздің қызметтік міндетіміз. Гиппократ антын бергендіктен, біз содан тайқымауымыз керек. Мойнымызға жүктелді, орындауға тиіспіз, – дейді дәрігер.   Түйін: Дәрігерлер күнделікті қарбаласын осылайша баяндап отыр. Демек, індеттің беті қайтты деуге әлі ерте. Науқастарды емдейміз деп жүріп, өздері төсекке таңылған дәрігерлерді бүгінгі күннің батырлары десек құба-құп болар. Ал сіз бен біз секілді жұртшылық үшін дертке шалдықпаудың жолын ойлап, сақтық шарасын орындағаны да елге тиер көмек.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ