Алдағы дүйсенбі күні болатын Астана күніне орай және пандемия кезінде елді қауіпті дертке бірлесе қарсы тұруға ұйыстырған «Біргеміз» акциясы аясында ұйымдастырылған басқосуда Алакөл аудандық ауруханасына 2 жедел жәрдем автокөлігінің кілті тапсырылып, партия қатарына өткен бір топ жас маманға партия билеті табысталды. Игілікті істің басы-қасында Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановпен бірге «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Birgemiz Zhetysu қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Жанболат Жөргенбаевтың өзі де жүрді. «Сіздерді Елордамыз Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі таңда Елордамыз барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне айналды. Шекарамызды шегендеп, барлық елмен достық қатынас орнатылып, төрткүл дүниеге тең терезелі ел ретінде танылдық», – деді Ж.Жөргенбаев құттықтау сөзінде. Сонымен қатар ол пандемия жағдайында әлемдегі елдермен бірге біздің мемлекетіміз де жауапты кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. «Наурыз айында елімізде төтенше жағдайдың жариялауына байланысты Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Biz Birgemiz акциясы бастау алды. Осы республикалық акция барысында «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы мен басқа да аумақтық филиалдары және «Jas Otan» Жастар қанатының еріктілері партияның «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» жобалары аясында 24 813 адамға 257 млн теңгенің азық-түлік және жеке гигиеналық заттарын, антисептикалық құралдар, медициналық бетперделер алып берді» деген партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары республикалық Bіrgemіz қорынан облыстағы 20 аудан, қаладағы 40 193 мұқтаж азаматқа 50 000 теңгеден қаржылай көмек аударылғанын айтты. Карантиндік шара енгізілген аудан, қалаларға қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен азық-түліктер таратылды. «Қазақстанның бүгінгі жетістіктері, маңызды әлемдік бастамалары, ынтымақтастық пен бейбітшілікті қолдауда алдан көрінуі, елорданың жаһандық орталықтардың бірі ретінде мойындалуы біздің ортақ жеңісіміз деп батыл айтуға болады. Еліміздің одан әрі дамуы жолындағы жұмыстарыңызға табыс пен сәттілік тілеймін» деп жиналғандарды құттықтаған Жанболат Әкебайұлы партия қатарына қосылған жастарға партия мүшелігі билетін тапсырды. Бұдан кейін көпшілік алдына көтерілген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Құлаймергенұлы дәл қазіргі күрделі кезде елдің бірлігі мен ынтымағының аса маңызды екенін айта келе, ортақ қиындыққа қарсы тұруда «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы мен Birgemiz Zhetysu қоғамдық қоры атқарып отырған істердің аса ауқымды екенін атап өтті. Содан соң ортаға шыққан Алакөл аудандық ауруханасының бас дәрігеріне медициналық автокөліктердің кілтін тапсырды. Жалпы, Алматы облысында «нұротандықтардың» ұйытқы болуымен атқарылып жатқан жақсы істер мен қайырымдылық қадамдар баршылық. Қазіргі кезде әлемде, оның ішінде елімізде коронавирусқа қатысты қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, айрықша көмек көрсетілуде. Бұған дейін «Nur Otan» партиясының мүшесі, кәсіпкер В.Сычев Талдықорған қаласындағы облыстық жедел жәрдем стансасына реанимобиль, Қапшағай қаласында «Nur Otan» партиясының мүшесі, кәсіпкер М.Сергебаев қалалық ауруханаға ретро автокөлік мұражайынан «Волга» автокөлігін арнайы сыйға тартып, екі автокөлік халыққа қызмет етуге кіріскен болатын. Birgemiz Zhetysu қоғамдық қоры Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешені тұрғындарына 3,7 млн теңге көлеміндегі қаржыға, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарына 5,4 млн теңге көлеміндегі қаржыға 600 азық-түлік себетін таратып, облысымыздағы қызмет барысында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасылары мен құқық қорғау органдарының ардагерлеріне 1 млн теңгеге азық-түлік сатып әперді. Сонымен қатар 8 млн теңгеге COVID-19 коронавирус індетін анықтауға арналған 1 900 экспресс-тест және Еңбекшіқазақ ауданының көпсалалы ауруханасына 53,2 млн теңге көлеміндегі қаржыға жұқпалы ауруларды анықтайтын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жылжымалы зертханасын сатып алып орнатты. Қордан Кеген ауданына 10 млн теңге, Талдықорған қаласына 5,8 млн теңге аударылды. Бұл жолы екі бірдей жедел жәрдем автокөлігін Алакөл аудандық ауруханасына берудің өзіндік себебі бар. Өйткені биығы туризмге қатысты болжам бойынша жаз айларында Алакөл жағалауына 2 миллионға жуық турист келуі мүмкін. Демалушылар көп жерде денсаулықты бақылауға да көп күш керек. Оларға жедел медициналық жәрдем көрсетуде арнайы автокөліктердің қажеттілігі өткірлене түсері сөзсіз. Соған сай Birgemiz Zhetysu қоғамдық қорының бұл жолғы көмегі алакөлдіктер үшін барынша маңызды екені анық.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы