5400 теңге тұратын мобильді топ қызметі тегін болады

5400 теңге тұратын мобильді топ қызметі тегін болады

Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болатынын мәлімдеді. «Бұл (мобильді топтар) – халыққа тегін көрсетілетін жедел жәрдемнің жаңа қызметі. Мемлекет әр шақырту бойынша МӘМС (Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру) қоры арқылы төлейтін болады. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады», - деп жазылған министрліктің ақпаратында. Мәлім етілгендей, мобильді бригадалар емханалар жанынан құрылған. Қызметі - коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылау. «Сонымен бірге мобильді топтар созылмалы ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды үйінде бақылайтын болады. Мобильді бригадалардың қызмет төлемін Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Әр шақырту үшін емханаларға 5400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада. Еске сала кетсек, бұдан бұрынғы баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирусты жеңіл және симптомсыз көтеретін адамдарға көшпелі бригадалар қызмет көрсететінін хабарлаған болатын.