Жансейіт Түймебаев #Abai175 челенджіне қатысушылармен кездесті
Жансейіт Түймебаев #Abai175 челенджіне қатысушылармен кездесті

Челлендж Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жастар қанаттарынан қолдау табуда

Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған #Абай175 эстафетасына қатысушыларымен кездесті.

Ассамблея төрағасы Алматы қалалық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Қазақбай Қасымов бастаған эстафета қатысушыларына ұлы ақын Абай атамыздың кітабын тарту етті. Кездесу соңында Жансейіт Қансейітұлы Абайдың 37-қара сөзін оқып, келген қонақтарға шараның мағынасын түсіндіріп берді.

Еске салсақ, 30 мамырда «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейде 500-ге жуық мерекелік іс-шара өткізілетіні жайлы айтылған. Соның бірі, әлеуметтік желілерде сәтті іске асырылған #Abai175 челленджі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жастар қанаттарынан қолдау табуда. Әр түрлі ұлт өкілдері қазақ тілінде хәкім өлеңдерін жатқа оқып, әлеуметтік парақшаларда жариялап келеді.

Шара аясында Жансейіт Түймебаев республикалық этномәдени бірлестіктердің басшыларымен өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізді. Одан кейін Достық үйінің фойесінде Ұйғыр асханасының фестивалі өтті. Фестиваль барысында ұйғыр ұлттық тағамдарының жасалу жолы бойынша шеберлік сыныптары пен концерт болды.