«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар өңірімізде сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде Алаштың анасы атанған қасиетті мекен қарқынды құрылыс алаңына айналды. Осыдан бір ай бұрын ғана 180 пәтерлік тұрғын үйді табыстадық. Ал бүгін 160 отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлағалы отыр. Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
160 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын «Жабдықтау», «Сапақ», «Нұр-Талап и К», «Астана-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізген. Өңір басшысы сол жағалауда жаңа қала салуды қолдап, карантин шектеуіне қарамай, батыл қадам мен нық шешім қабылдап, тұрғын үй көтерген Сыр елінің құрылысшыларына қос мереке қарсаңында алғысхат табыстады.