Астық тасымалына не кедергі?
Астық тасымалына не кедергі?
146
оқылды

Теміржол көлігімен астық тасымалдау қарқынын үзіп алмау үшін қандай амал керек? Жүк жөнелтуге тапсырыс беруден бастап, соңғы нүктеде жүктің уақытында түсірілуі, қысқасы, вагондардың жол үстінде қаңтарылып немесе «дөңгелекті қоймаға» айналмауы үшін не істеген жөн? «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов­тің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе талқыға түсті.

Астық тасымалдауды ұтымды ұйым­дастыруға арналған отырысқа аграрлық кәсіпорындар басшылары, жылжымалы құрам операторлары мен мүдделі ведом­ство өкілдері қатысты.

«Үздіксіз тасымалдауды жүзеге асыру үшін процеске қатысушылардың нақты келісілген іс-әрекеті қажет», – деді жиын­ды ашқан Қ.Әлмағамбетов. Егер сол нақты келісілген іс-әрекет болса, мы­надай жиын өтпес те еді. Себебі, бұл – жылда қайта­ла­натын жағдай. Түптеп келгенде, тарап­тардың жауапсыздығы теміржол тасымалы жоспарының орындалуына кедергі болады. Соған жол бермеу үшін ҚТЖ осы жиынды ұйымдастырды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ресми дерегіне сүйенсек, биыл алғашқы жарты жылдықта 5,4 млн тонна астық тиелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсет­кішінен 2 пайызға көп. Сондай-ақ, атаулы кезеңде 1,3 млн тонна ұн өнімдері тасы­мал­данған. Жалпы, астық экспорты өткен жылғыдан 5 пайызға артып, 4,2 млн тон­наны құраған. Астық тасымалы не­гізінен Орталық Азия, Балтық жағалауы елдері, Ресей, Беларусь, Иран, Грузия, Әзірбайжан, Қытай, Ауғанстан елдеріне бағытталып жатыр. Пайыздап бөлсек, астықтың 50 пайызы – Орталық Азия елдеріне, 25 пайызы еуропалық бағытқа жөнелтіліп отыр. Ал ұн өнімдерінің 60 пайызы – Ауғанстанға, 35 пайызы Орта­лық Азия елдеріне жөнелтілген.

«ҚТЖ–Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Нұржан Келбұғановтың айтуынша, биыл 1 қыр­кү­йек­тен бастап Өзбекстан мен Тәжік­станға астық бағыты құрылады. Бұл жүк жеткізуді жеделдетеді және вагондар ай­налымын екі есеге қысқартады деген үміт бар.

Сарыағаш мемлекетаралық түйіспелі қосыны арқылы өтетін желінің өткізу мүм­кіндігі тәулігіне 23 жұп пойыздан 28 жұп пойызға көбейді. Ақтау портын солтүстік бойынша кеңейту жобасы, Құрық портын­да логистикалық инфра­құрылымы мен ке­дендік қызмет көрсету аумағы бар темір­жол-паром кешені мен автокөлік паром кешені жүзеге асырылды. Құрық – Алят – Ахалкалаки – Карс – Мерсин арқылы жаңа теміржол дәлізінің ашылуы Түркия мен Еуропа елдері на­рығына төтесінен шығуға мүмкіндік берді. Мұның барлығы тасымал­дау жұ­мысын жетелдетуді көздейді.

«Маркетинг болжамы негізінде 2019-2020 жылдарға 10 млн тонна астық пен 1,8 млн тонна ұн өнімдерін тиеу жос­парланған. Ол үшін вагондардың тоқтап тұруын қысқартуға бағытталған шаралар қабылдау қажет, бастысы, жүк иелері тасымалды са­палы жоспарлауы маңызды. Егер әу бас­тағы жоспар жөнімен ­жа­салып, сол тәртіп сақталса, астық тасы­ма­лын толық жүзеге асыруға болады», – дейді Н.Келбұғанов.

Әйтпесе, астық тиісті нүктеге жет­песе, сөздің бәрі теміржолшыларға келеді, вагон бермеді, вагон жетпеді деген сылтау айты­лады. Олай болса, әңгімені астық тасымал­дауға вагон жеткілікті ме деген сауалдан бастайық.

Бүгінгі таңда қазақсандық астық тасы­малдаушы вагондар паркінде 9259 вагон бар. Оның 6 254-і – «Астық тасы­малы» АҚ-ның басқаруында. Аталған компания осы вагондардың 2893-ін «Қа­зақстан темір жолы» ұлттық ком­па­ния­сының еншілес кәсіпорыны – «Қаз­теміртранстан» жалға алған. Осылайша «Астық тасымалы» АҚ астық тасымалына жегілген вагондар пар­кінің 72 пайызына иелік етіп отыр. Бұған «Қазтеміртранс» басқаруындағы респуб­лика ішінде астық тасымалдау үшін қақпақ орнату арқылы модернизацияланған 322 ашық вагонды қосыңыз. Ал 2517 вагон не­месе қазақ­стан­дық парктің 28 пайызы – өзге компаниялар (Агромин, Expert logistic, Самал транс, Универсал логистик, Логос Грейн, София Транс Экспресс, АТК Ке­руен, НордТЭК және басқа компаниялар) меншігінде.

Соңғы үш жылда Қазақстандағы ас­тық тасымалдаушы вагондар паркі 567 вагонға немесе 7 пайызға көбейген. Ұлттық ком­панияның жүк вагондары бойынша опе­раторы – «Қазтеміртранс» меншігіндегі астық тасымалдаушы ва­гондар 1200-ге азайса, «Астық транста» керісінше 1135 ва­гонға көбейіпті. Нәти­жесінде «Астық Транс» АҚ астық тасы­малының 56 пайы­зын жүзеге асырып отыр. Соның ішінде республикаішілік астық тасымалының 90 пайызы, экс­портқа жіберілетін астық­тың 42 пайызын осы компания тасымал­дайды. Есесіне «Қаз­теміртранс» отандық жабық вагон­дар паркіндегі 13 011 вагонның 62 па­йы­зына иелік етіп отыр. Осыншама вагон бола тұра, жаппай астық тасымалдау маусымында отандық жүк жөнелтушілер мен операторлар өз күшімен «бөгде» вагондар паркінен 2500-ге жуық вагон тартуға мәжбүр. Егер астық тасымалдау науқаны кезінде тасымалдау процесіне қатысушылар жұдырықтай жұмылып жұмыс істесе, вагон жетіспеушілігінің алдын алуға болады екен.

«Тасымалдаушы жеткізу жылдам­дығын, вагондарды уақытында беруді және жинауды қамтамасыз етеді. Ал жүк жө­нелтуші мен жүкті қабылдаушы жүк тиеу және түсіру кезінде вагондардың қаң­та­рылып қалуын азайтуға, тасы­мал­дауды сапалы жоспарлауға міндетті. Тасымалды жоспарлау – тасымал про­цесін ұйым­дастырудың негізі саналады. Өйткені, астық пен ұн өнімдерінің
90 па­йызға жуығы жоспардан тыс тасы­мал­данады. Соның салдарынан бірінші он күнде 100 вагонға ғана астық тиелсе, екінші-үшінші онкүндікте 1200 вагонға дейін тиеледі. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында жылдық жоспардың 50 па­йызға жуығы тасымалданады да, бұл ва­гон дефицитінің қолдан жасалуына әке­ліп соғады», – дейді Нұржан Келбұғанов.

Сондықтан мемлекеттік бақылау ор­ган­дары фитосанитарлық, кедендік ба­қы­лау бойынша аймақтық бөлімшелердің рұқсат қағаздарды үздіксіз беруді, лицен­зиясы бар зертханалар санын көбейтіп, фитосанитарлық және кедендік бақылау қо­сындарының жүк тиеу орындарына ба­рынша жақын орналасуын қамтамасыз ету қажет. Фитосанитарлы және карантин сер­тификаттарын демалыс пен мереке күн­дері беру де астық тасымалдауды же­делдетуге ықпал етер еді дейді теміржол­шылар.

Айтқандай, вагондардың қаңтарылып қалуына астық сапасының талапқа сай болмауы да ықпал етеді екен. Импорт­таушы елдердің астық сапасына қоятын талабы өте жоғары және ол астыққа араласқан қоспа мен астықтың бүлінуіне қатысты қазақстандық стандарттан бөлектеу екен. Астыққа қарақоңыз бен кене сынды жәндіктер, көп жағдайда жаңа астыққа ескі астықты аралас­тыр­ғанда пайда болады. Вагондардың дә­ріленбеуі де көп жұмысқа қолбайлау, тіпті дәріленген күнде де оны лицензиясыз компаниялар сапасыз ат­қарады. Осындай мәселелерді шешу үшін элеваторлардың астық сапасына жауапкершілігін арттыру қажет дейді ұлттық компания өкілдері. Әрі-беріден соң бұл «Қазақстанда астықты сандық-сапалы есепке алу ережесінде» қарастырылған.

Сондай-ақ жүк тиеуші құралдардың жиі бұзылуы, вагон таразысы мен мотовоздардың жоқтығы да вагондардың қаңтарылуына алып келеді. Осындай мәселелерді қызу талқылаған кеңесте жүк жөнелтушілерге «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ вагондардың тоқтап тұруын қыс­қартуға бағытталған шаралар қабылдауға бірқатар ұсыныс берді. Сондай-ақ жүк­терді тасымалдауға қатысты қызмет көрсету, сұрақтарға жауап беру мен мамандардың кеңесі, ақпараттық анықтама беру бойынша Call-орталығы іске қосылғанын еске салды.

Алдағы қазан айынан бастап, «ҚТЖ» ҰК басқарма төрағасы бірінші орын­басарының төрағалық етуімен астық тасымалын ұйымдастыру штабы жұмыс істей бастайды.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ