Мал өсірсең – қой өсір…
Мал өсірсең – қой өсір…
251
оқылды

1890 жылы әлемдік статистика мәліметінде қазақтардың саны 10 млн, әр шаңырақта 7 адамнан, қазақтар өзбектерден 5 есе көп деп жазылған мәлімет бар. Қызыл империяның қан жұтқызған саясатының салдарынан қазақ халқы төрт рет аштыққа ұрынды. Өткен тарихқа үңілсек, Қазақстанда аштық қырғыны басталғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Француз тарихшысы Иза­бел­ле Охойон «Қазақстанда аш­тық қырғыны халықтың 80 пайызын қырып салды, салда­ры геноцидтен асып кетті» деп әлемдік ақпаратта жар салды. Осы тұста күй атасы Құрмағазы­ның: «Табиғат апаты қырды не, патша жендеттері қырды не, қырылған қазақ қырылып жа­тыр» деген сөзі де ойға ора­лады. Қызыл империя қазақты ал­дын­дағы малын тартып алу арқы­лы аштыққа ұшыратты. «Малым – жанымның, жаным арымның садағасы» деген қазақ үшін төрт түлігінің орны ерек болатын.

Ал енді еркіндікке қолымыз жеткенде аштық зұлматын ұмы­туға айналғандаймыз. Өйтпе­генде ше, егемендіктің алғашқы жылдарында Кеңес үкіметі құлап, елдің шаруа күйі тайып, әлсі­реген кезде Қазақстан үкі­ме­тін басқарған Әкежан Қажы­гел­дин «Қой бағу шығынға ұшы­ратады, азық-түлікті ше­тел­ден тасыған арзанға түседі. Шаруашылықтар жекешеленіп, қой малын өсіруді тоқтатсын, совхоз басшылары шаруашы­лық байлығының 30 пайыз үле­сін иеленсін» деп үндеу тастады. Іле артынан жүздеген совхоз, аудан, облыс басшылары дүрлі­гіп 20 миллионға тарта қойды ұшақпен, автокөліктермен, пойыз­бен шетелдерге тасып, ақша­сын қалтаға басты. Сол жыл­дары аудандардағы ет комби­наттары күндіз-түні қой союдан босаған жоқ. Осы кезде «Құмкөл» совхозының дирек­торы Өмірқұл Ыбыраев қой өсіру шаруасын талан-таражға сал­май­мын деп аудан, облыс бас­шы­ларына қарсы тұрғаны үшін жұмыстан қуылды, ақы­рын­да ауруға шалдығып, бақи­лық болып кетті. Қой малын өсіруді тоқтатқысы келмеген кейбір бас­шылар орынтағынан айы­рылып, түрлі жазаға ұшыра­ды. Қайткенде де, Қажыгелдин үкімет басқарған тұстағы қой шаруашылығын құрту мәселесі бір жылға жетер-жетпес уақытта аяқталып, кей жылдары төлімен 35 млн-ға жететін ұсақ мал құрып тынуға айналды.

Осындай дүрбелеңде совхоз басшылары жекешелендіруді пайдаланып, 30 пайыз үлесін 60 пайызға жеткізіп байып қалды. Бір ғана Ақмола облы­сында бір миллионнан астам қой айналасы 3-4 айда жер жұтқандай сойылып, сатылып бітті. Оны азсынған Атбасар ауданының әкімі Пашков деген қу қой мен шошқа малын пай­да­сына сатып, талан-таражға салғанын қоймай, тұқым асты­ғын да шетелге асырып жіберді. Қалтасын қалыңдатқан Пашков артынып-тартынып Ресейге көшіп кете барды. Ал социа­лис­тік еңбек ерлері – Ибрагим Жан­қоразов, Иван Шарф бас­қаратын совхоздар жеке­ше­лендіруде талауға жол бермей, байлығын сақтап қалды. Жем­қор­лық пен парақорлық­тың байлық көрсе опырып тастай­тын зұлымдығы қазақ үкіметін Әкежан Қажыгелдин басқарған жылдардан бастау алды. Одан кейін М.Әблязов, В.Храпунов сияқты жемқорларымыз әлемді шарлап кетті. Бүгіндері де тірліктің тынысын тарылтып өкпе қысқан жемқорлық тыншу таппай тұр. Жемқорлардың ұраны жемейтін адам жер астын­да дегенге ұласты. Қойын алдырып, қорасын бекіткен шопандарға жайлаудағы жыр­тық астау мен құдықтан су тартатын мотор ғана бұйырып, тіпті кейбіріне Хрущев зама­нын­дағы қамыс қора иелігіне беріліп, жұрт оларға кекесінмен күлісіп жүрді.

Қазақ «Қойың болмаса, байлықтан ойың болмасын» деуші еді. Сол жылдардан бері елімізде бірнеше Ауыл шаруа­шылығы министрі ауысты. Со­лар­дың бірде-бірі қой шаруа­шылығын өркендетейік деп мәселе қозғаған емес. Мына түрімізбен қой малын Қызыл кітапқа енгізуге дайындап жат­қан жоқпыз ба деген күпті көңілімізді жасырып қайтеміз?

Мал шаруашылығын өркен­де­туді ойлайтын аудан әкімі болса машина трактор станса­сын ашып, ауылға бөлген қар­жы­ны механизаторға айлық есебінде беріп, малшылардың жем-шөбін тегін дайындап бер­се, мал тез өседі. Қой өсіре­тін кооперативтер құрса, жайлау малға толады. Қайтесің, кейбір әкімдер құлағы қалқиып, аузын бақаша ашып, жоғарыдағы лауазым иесінің тапсырысын орындауды күтіп отырады. Ал лауазым иесі тапсырыс қалай орындалды деп, көзбен көріп тексеріп жатпайды.

Ілгеріректе ауылдың бір ада­мы қаланың жеті адамын асы­раған болса, бүгінде қаланың жеті адамы ауылдың бір адамын асырай алмайды. Қажыгел­дин­нің жолымен жүргендер – «мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» дегенді ұмытқалы қашан...

 

Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы