Қазақстанда қатаң карантин шаралары күшіне енді
Қазақстанда қатаң карантин шаралары күшіне енді
фото: ашық дереккөз
5,231
оқылды
Бүгіннен бастап елде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар шектеу шаралары күшіне енді. Айта кетейік, 2 шілде күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралған болатын. Осы кеңесте мемкомиссия 5 шілдеден бастап 14 күнге қатаң шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдады. 14 күнге созылатын карантин барысында халықаралық әуе қатынасы сақталады. Өңірлер арасындағы әуе қатынасы, темір жол қатынасы сақталғанымен, нақты шектеу шаралары қолданылады. Өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтатылды. Қала ішіндегі қоғамдық көліктің жұмысына да уақыт бойынша шектеу енгізілді. Мәселен, бүгіннен бастап елордада алдағы 2 аптаға қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынды. Сұлулық салондары, шаштараз, спорт залдары, фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері, діни нысандар, кинотеатрлар қызметі тоқтатылады. Алдын ала жазылу бойынша медицина орталықтарының, дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі жалғасады.