Бүгін елімізде Ұлттық домбыра күні. Ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып өтеді. 2018 жылдың 13 маусымында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы жарығы шықты. Сол жылы шілдедегі алғашқы жексенбі 1-і күніне дөп келіп, сол күні елорданың «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңға жиналған 2 мыңнан астам музыканттан құралған домбырашылар оркестрі «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін орындаған болатын. Бұл көріністі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы келіп тамашалап, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтаған еді. Биыл елімізде де жайлаған коронавирус індеті барлық жоспарланған іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен, соған қарамастан ұлттық аспабымызға деген құрмет төмендемек емес. Еске салайық, Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтіледі.