Бүгін елордадағы «Аманат» отбасылық денсаулық орталығында №9 қалалық емхана базасында бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) желісін дамыту тұжырымдамасы аясында«Үйдегі дәрігер» жобасы жүзеге асырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жоба мақсаты – қол жетімділікті қамтамасыз ету және ықшам медициналық амбулаториялардың ашылуы қарастырылған емханалар желісін дамыту. Отбасылық денсаулық орталығы «Үйдегі дәрігер» жобасы аясында жақын маңдағы тұрғындарға медициналық көмекті жақсартуға және жақындатуға бағытталған. №9 қалалық емхана елорданың сол жағалауында, қарқынды дамып жатқан ауданда орналасқан. Қазіргі уақытта қызмет көрсету аумағы 10 шақырымнан асады. Әсіресе, Бөкейхан, Ұлы Дала көшелерінің ауданында халық тығыз қоныстанған, ол жерде көптеген жаңа тұрғын үй кешендері салынуда. Тіркелген ересектер мен балаларға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.