Қашқарлық кейуана 134 жасқа толған туған күнін тойлады
Қашқарлық кейуана 134 жасқа толған туған күнін тойлады
фото: ашық дереккөз
176
оқылды
Қытайдың Қашқар аймағында тұратын кейуана Алымқан Сейіт 134 жасқа толған туған күнін атап өтті, деп жазады kazakcnr.com сайты. Аталған ақпарат көзінің жазуынша, Алымқан Сейіт - Қытайдың Қашқар аймағы Жаңашар ауданы Құмшілік ауылында тұрады. Үш ғасырдың куәсі болған кейуана 1886 жылы 25-ші маусымда туған. Бұл кезең Қытайды маньчжурлар әулеті билеген Чинь патшалығының заманына тура келеді. Ал Алымқан Сейітті 2013 жылы Қытайдың қарттар ұйымы ең ұзақ жасаған адам деп таныған. «Алымқан Сейіт 1903 жылы 17 жасында Тұрды Розыға тұрмысқа шыққан. Бірақ бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар бір ұл, бір қыз асырап алады. Ұлы 36 жасында ауырып қайтыс болып, көп ұзамай күйеуі Тұрды да мәңгілік сапарға аттанады. Бүгінгі күні Алымқанның сол жалғыз қызы Тәжігүлден тараған 40-қа жуық ұрпағы бар екен. Жергілікті билік қарттың биылғы 134 жасқа толған туған күнін құттықтап, «Махаббат мәңгі ертегі» тақырыбындағы іс-шарамен атап өткен. Өйткені өзін көңілді ұстайтын кейуана ғашықтық жырларын айтып, жұртты күлкіге кенелтіп, ортасын думанға бөлеп жүретін болған. Кейуананы қазіргі күні өздігінен жүріп-тұруы қиындағандықтан немересі мен келіні бағып, күтіп отыр. Дегенмен дәргерлердің айтуынша, қарттың денсаулығы әлі де тың, көзі өткір, еске сақтауы, есту қабілеті, тамаққа тәбеті жақсы. Ол ұйғыр тілінен бөлек, қытай тілінде жетік меңгерген», - деп жазады Қытайдың «Орталық халық радиосы». Ақпарат көзінің дерегінше, кейуананың жүріп-тұруы қиындаған соңғы жылдарға дейінгі күнделікті тіршілік дағдысы қарапайым болған. Таңғы сағат 5-6-да тұрып намазын оқып, 8-де таңғы асын ішкен. Кешкі сағат10-да ұйықтап демалған. Шай ішкенді ұнатпайды, оның орнына салқын су ішкен. Нан, қоян етін жеп, кеспе, қырыққабат сорпасын ішуді жақсы көрген. Тіршілігінде егіншілікті кәсіп еткен кейуана қауын, шабдалы және қара өрік сияқты жемістерді жегенді ұнатқан. Ал ең сүйікті жемісі - кішкентай, қышқыл жасыл өрік болған.