Әлеуметтік көмек алушылар – партия бақылауында
Әлеуметтік көмек алушылар – партия бақылауында

Қарағандыда мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасылардың кірісін анықтау барысында алаяқтық іс-әрекеттің орын алғаны белгілі болды. Жақсы табыс тауып отырған әрі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топқа жатпайтын адамдар ай сайын жәрдемақы алып отыру үшін кірісін азайтып, жалған құжат жасап, түрлі айла-тәсілдерге барған.

Партияның аталған облыстағы филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан Қошанов жергілікті би­лікке және партияның Қара­ған­ды облысындағы филиалына жәр­демақы алуға үміткер азамат­тарды тексеру жөнінде тапсырма берді.

– Атаулы әлеуметтік кө­мекті тек мұқтаж адамдар алуы керек, – деді Ерлан Қошанов.

Nur Otan партиясы және әлеуметтік қызмет өкілдерінен құ­ралған мобильді топ өз жұмысын аяқтады.

– Мобильді топтың мақсаты – жұмыс істегісі келмейтін және түр­лі сылтаумен жұмысқа орна­ласу туралы өтініштерден бас тар­татындарды анықтау. Сонымен қатар біздің мобильді тобымыз жәрдемақы алу мақсатында өзінің табысын жасырған адамдарды да анықтайды, – деп мәлімдеді партияның Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова.

Вакансиялар бақылауда. Со­нымен бірге, аудандық және қа­лалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберіледі. Осыған қара­мастан, Қарағанды облысында кірісін жасырып, жұмыс істегісі келмейтін отбасылардың бары анықталып отыр.

– Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 199 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуын қысқарту туралы ше­шім қабылданды. Қалған жұмыс­тармен бөлімшелік комис­сия айналысуда. Жазаның екі түрі бар. Айла-тәсілге барған­дар шығын төлейді немесе сот ор­гандары арқылы жазаланады, – деді Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масының басшысы Әсем Жүнісбекова.


Эльмира ОРАЛБАЙҚЫЗЫ