Әйел бұғып, еркек ұрар заман ба?
Әйел бұғып, еркек ұрар заман ба?

Мәліметтерге жүгінсек, елімізде зорлық-зомбылыққа қатысты 20 дағдарыс орталығы жұмыс істеуде екен. Бұл дегеніміз әйелдер мен балаларға жасалатын әлімжеттік мәселесі елімізде түп тамырымен жойылмағанының белгісі болса керек.

Статистика бойынша Қазақ­стан­да бір жыл ішінде 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зор­лық-зомбылықтың құрбаны бола­ды екен. Бұл, әрине, сотқа жүгініп, құқығын қорғағысы келгендердің тізімі ғана. Өйткені «жабулы қазанды ашқысы келмей», отбасы кикілжінің сыртқа шығармай қалу да орын алып отырғаны жасырын емес. Әрине, отбасылар­дың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбы­лық. Кейінгі кезде көп айтылып жүрген гендерлік сая­саттың да нақты мақсаты – ген­дерлік теңдікке қол жеткізу.

Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қор өкілдігінің қолдауымен «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік инсти­туты» қоғамдық қоры зерттеу жүргізіп, қазақстандық­тардың ген­дерлік саясатты жүзеге асыру­дың басты бағыттарына қатысты көзқарас сараланып, кітап болып басылды. Зерттеу мынадай сұрақ­тармен айналысқан болатын: қазақстандықтар қазіргі қоғамда­ғы ерлер мен әйелдердің жағдайы жөнінде не ойлайды? Қазақстанда ерлер мен әйелдер үшін теңсіз­діктің қандай белгілері бар? Республика азаматтары үшін қан­дай гендерлік мәселелер ерекше өзекті болып табылады? Өздерінің гендерлік құқықтары мен еркін­діктерін жүзеге асыру үшін олар қандай шаралар қажет деп біледі?

Міне, осындағы «Сіздің ойы­ңыз­ша Қазақстанда ерлер мен әйелдер арасында теңсіздік бар ма?» деген сұраққа респондент­тердің 37,1 проценті – «Жоқ, бізде барлығы тең», 14,4 проценті «Иә, өте жоғары деңгейде» деген нұсқаны таңдаған.

«Гендерлік теңсіздіктің бар екенін ауыл тұрғындарына қара­ғанда қала тұрғындары көбірек айтады. Аталған сұраққа берілген жауаптарды саралау қазақ­стан­дықтардың гендерлік тең­сіздіктің бар екенін мойын­дамайтындығын көрсетеді», – деп атап өтті кітап авторлары. Міне, осыған қарап отырып-ақ біз ахуалды бағамдай аламыз.

90-жылдары Кеңес дәуірі келмеске кеткенде, елімізде қиындықтар туындап, халық жан бағу үшін шетел асып, тауар таси бастады. Күнделікті жұмыс істеп, айлығын алып отырған қазақ­стандықтарға жұмыссыз қалу ең ауыр сынақ уақыты еді. Әрине, нарықтық экономикаға көшкен кезде тығырыққа тірелгендей болдық. Жұмыссыздық белең алды. Ауылдар жекешеленіп, әйелдер тиын-тебен үшін жаппай саудаға көшті. «Қытайдың ала қоржыны» деген сөз сол уақытта айтыла бастады. Алыпсатар қаптады. Тұрмысты ақша билеп, амандасқан адам сенен саулы­ғынды емес «айына қанша теңге табасың?» деп сұраққа алатын кезеңге аяқ бастық. Міне, осы кездегі әлеуметтік жағдай халықты бірден екіге бөліп тастады. Бай мен кедей қылып. Бизнеске бірден ден қойғандар, жұмысын жақсы алып кетсе, кейбірі қиын­дыққа төтеп бере алмай арақ ішіп кетті, бұрын болмаған ажы­расу, отбасындағы әлімжеттілік, әйел мен баланы ұрып соғу дендеді. Міне, осы жағдай 1995 жылы Қазақстан Республика­сының Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демогра­фия­лық саясат істері жөніндегі кеңестің ашылуына алып келді. Кейін 1998 жылы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия болып қайта құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуы­мен 2011 жылдың 5 науры­зында Қазақстан әйел­дерінің тұңғыш съезі болып өтті. Съезде сөз сөйлеген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отба­сы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгенін сөзге тиек етті.

«Сырт көз – сыншы» дейміз. Әлбетте солай, өйткені ЮНИСЕФ-тің  Қазақстандағы өкі­летті органдармен бірге жүргіз­ген зерттеулердің нәтижелері көр­­сеткендей, ересектердің шама­мен 75 проценті  отбасында бала­лардың мінез-құлқын қада­ғалап отыру үшін дене жаза­лауын қолдануды құптай­тын көрінеді.

Осы ұлттық комиссияның 20 жылдығына орай 2018 жылы «Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты: жетістіктер мен перспективалар» атты халықа­ралық конференция өтті.

– Ана мен баланы қорғау, әйел­дердің құқығы мен мүмкін­діктерін кеңейту мәселелері – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Қазақ­станның отбасылық-гендерлік саясат саласындағы жетістіктеріне мемлекеттік органдардың, аза­мат­тық қоғам мен бизнес қоғам­дастықтың өзара тиімді іс-әрекеті нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.

Ұлттық комиссияның 20 жыл­дағы қызметі барысында Гендер­лік теңдік стратегиясы жүзе­ге асырылды. Гендерлік бағыттағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқық­тарының және тең мүмкіндік­терінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырым­дамасы іске асырылуда. Барлық мемлекеттік органда гендерлік саясатты іске асыруға жауапты тұлғалар белгіленді.

– Қазақстанның әйелдер қо­ғам­дастығы алдында тұрған басты міндеттер: «Қазақс­тан – 2050» стратегиясын іске асыру, 2030 жыл­ға дейінгі Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы индикаторларының орындалуына белсене атсалысу, – деді Г.Әбдіқалықова.

«Сырт көз – сыншы» дейміз. Әлбетте солай, өйткені ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкі­летті органдармен бірге жүргіз­ген зерттеулердің нәтижелері көр­­сеткендей, ересектердің шама­мен 75 проценті отбасында бала­лардың мінез-құлқын қада­ғалап отыру үшін дене жаза­лауын қолдануды құптай­тын көрінеді. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында зор­лықпен тәртіпке салу шара­ларына душар болады. Мектеп оқушыларының үштен екісі басқа оқушылар немесе мұғалім­дер тарапынан зорлық-зомбы­лық көрсетуге немесе кемсітуге шалдыққан немесе соның куәсі болған. Зорлық-зомбылықтың жоға­ры деңгейі интернат меке­мелерінде және мінез-құлқында қиындықтары бар балаларға арналған мектептерде байқа­ла­ты­ның айтады. «Зорлық-зомбы­лықты түп-тамырымен жою жолындағы айтарлықтай кедергі болып «зорлық-зомбылық» ұғымын түсіну аясының тарлығы табылады, аталған ұғым көбінесе тек дене жазалауына ғана қатыс­ты қолданылады. Зорлық-зом­былыққа қорқытуды, психо­логиялық қысым көрсетуді не­ме­се тіл тигізуді жатқызу таң­сық жайт. ЮНИСЕФ қоғамда «зорлық-зомбылық» ұғымын дұрыс түсінуді, оның жағымсыз салдарынан хабардар болуды, оның барлық түрін барлық дең­гейде қабылдамауды және күре­суді, сондай-ақ бала тәр­биесі мәдениетінен зорлық­пен тәр­бие­леудің кез келген түрін жою­ды мақсаты деп біледі», – дейді зерттеу жүргізушілер.

Осы мәселе негізінде ЮНИСЕФ өкілетті органдармен бірге балаларға зорлық-зомбы­лық көрсетудің алдын алу бо­йын­ша ақпараттық науқанды жүзеге асыра бастады. Науқан ата-аналардың сонымен қатар, бала тәрбиесінде және білім алуында зорлықшыл әдістерге жол жоқ екенінен қоғамның хабардарлығын арттыруға, осы мәселедегі әдістемелерді, нор­ма­­ларды және ұстанымдарды өз­гертуге бағытталған. Бүгінгі күні өкілетті органдармен бірге заң­наманы жетілдіру және бала­ларға зорлық-зомбылық көр­сету жағдайларын анықтау, хабар­лау, тіркеу және шара қол­дану хаттамаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгін гендерлік тең құқықтық саласындағы мемлекеттік саясат, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге қатысуларының кеңеюі, әлемдік қоғамдастықта жоғары бағаға ие болып отыр. Қазақстан гендерлік тең құқық­тық бойынша жаһандану рейтингінде 135 елдің арасында 31-орында тұр.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ