– Қазір коронавирус инфекциясы әлемді әлекке салып жатыр. Қалай ойлайсыз, елімізде вирус жұқтырғандар саны сақтық шараларын орындамаудың кесірінен көбейді ме? – Иә, солай деуге болады. Осы індетпен күресіп жатқанымызға 4 ай болды. Басында көп адам сенбеді. Бетперде кию, адам көп жиналған жерге бармау сияқты қарапайым сақтық шараларын орындаған жоқ. Шағын отырыс, жиын, той әлі тыйылмай тұр. Өкінішке қарай, соның зардабын тартып отырмыз. – Қазір сенбейтіндер азайды деп ойлаймын. Себебі тынысы тарылып жатқан туысын, танысын көрді, естіді... Алдын алу үшін қандай кеңес бересіз? –Салқын су ішпеу керек. Жылы киініп жүріңіздер. Өйткені бұл вирус дене салқындағанда өршиді. – Қандай белгілер арқылы білуге болады? Сол кезде не істеу керек? – Бірінші күні дене қызуы көтеріледі. Сүйектер қақсайды. Екінші күні субфебрильді температура (37,2-37,4°С) болады немесе дене қызуы көтерілуі мүмкін. Адам өзін әлсіз сезінеді. 3-4 күн иіс сезу, дәм сезу қабілеті жойылуы мүмкін. Індеттің маңызды белгілері – осы. Мұндай жағдайда уақытты өткізбей учаскелік дәрігерге хабарласып, тиісті ем қабылдау керек. –Пневмония диагнозы қойылған адамдардың күрт көбейгені де алаңдайтын жағдай... –Иә, дұрыс айтасыз. Вирус белгілері бар пациенттерден пневмония анықталып жатыр. Бұл індеттің ең қауіпті тұсын айта кетейін. Ол – вирус ішке түскен соң, симптомсыз пневмонияның болуы. – «Сақтансаң, сақтаймын» дейді ғой. Сақтық шараларына кеңінен тоқталып кетсеңіз. –Күніне 5 рет қол жуып тұру керек. Адам көп жерден алыс жүріңіз. Дүкенге, дәріханаға барғанда арақашықтықты сақтаңыздар. Үйді кем дегенде күніне екі рет желдетіп, ауаны тазартып тұру керек, міндетті түрде. Сарымсақты, пиязды майдалап турап, аздап су қосып, әр бөлмедегі терезенің алдына қойыңыз. Мұның вирусқа қарсы әсері бар. Сосын кәдімгі хлоргексидинді жылы суға араластырып, қолға дезинфекция жасап жүргеніңіз абзал. Зімбір шайын ішіп тұрыңыздар. Оның ағзадағы вирусты жоюға көмегі бар. Жеміс-жидекті молынан жеңіз. Әсіресе, С дәрумені бар жемісті. Қымыз ішіп тұру керек. Таза ауада жүріңіздер. Суды, сұйықтықты көп ішіңіздер. Сұйықтық арқылы асқазанға түсіп, вирус жойылады. Иммунитетіңізді осылай күшейте аласыз. Үрейге бой алдырмаңыздар. Қатты қорқудың қажеті жоқ. Тұмау секілді басталатын індет қой. Вирус белгісі бар адамдар рентгеннен немесе флюорографиядан өтуі керек. Өйткені ол жайдан-жай кетпейді, өкпеде ізі қалып қояды. Сондықтан толық жазылғанша емделуі қажет. Осындай қысылтаяң уақытта бас пайдасын ойлап дәрі-дәрмек, азық-түлік, жеміс-жидекті қымбатқа сатып жатқан адамдарға мынаны айтқым келеді: Сіздер мұнымен байымайсыздар. – Шетелде білім алдыңыз. Іссапармен өзге елдерге жиі барасыз. Қай елдің тиімді тәжірибесін бізге енгізуге болады деп ойлайсыз? – Ресейдің Свердло́вск, қазіргі Екатеринбург қаласында білім алдым. Біліктілігімізді арттырып, тәжірибе алмасу үшін өзге де мемлекеттерге барып тұрамыз. Мына нәрсеге көзім жетті. Табиғи, таза, пайдалы өнім – Қазақстанда. Мысалы, жеміс-жидектің түр-түрі, ет, қымыз, шұбат бар. Шетелдің шипажайына барғаннан гөрі, өз елімізде болған әлдеқайда жақсы. Меніңше, отандық өндірісті дамытып, қолда бар дүниенің қадірін білгеннен артығы жоқ. – Қазір кадр тапшылығы сезіліп жатыр. Үздіксіз жұмыс істегеннен біраз ақ халатты әріптестеріңіздің денсаулығы сыр бергені жасырын емес. – Иә, мұндай жағдайға дайын емес екенбіз, сол білініп қалды. Негізі, бұған ешқандай ел дайын емес еді. Өзіңіз айтқандай, мамандар жетіспей жатыр, ауруханаларда орын тапшы. Дәрігерлердің өзі ауырып жатыр, адал қызмет етіп, о дүниеге аттанғандар бар. Осындай кезеңді бастан өткізіп жатырмыз. Бұл бізге үлкен сынақ болды. Медицина саласында оң өзгерістер болады деп үміттенемін. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ