Елбасы коронавирусты қалай жеңгенін айтып берді

Елбасы коронавирусты қалай жеңгенін айтып берді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирустан қалай сауыққанын айтып, індетке шалдыққан  қазақстандықтардың барлығының аман-есен жазылып шығуына тілектестік білдірді.

«Қадірменді халайық! Бәріміз де қиын кезеңді бастан кешіріп жатырмыз. Бүкіл дүниемен бірге көріп жатқан нәрсе бұл. Мен ол қиыншылықтарды өз басымнан өткіздім. Осы кезде жанашырлық білдірген барлық жерлестеріме, отандастарыма шын көңіліммен тағы бір ризашылығымды айтқым келеді. Сіздердің Қазақстанның әр саласынан, әр түкпірінен, әрі өнеркәсіптен, мәдениеттен, спорттан, денсаулық сақтау жүйесінен маған айтып жатқан тілектеріңіздің арқасында күш-қуат алып, емделіп шықтым. Көп рахмет. Қазір де сырқаттанып жатқан, қиналып жатқан жандар бар. Солардың баршасы аман-есен шығады деп сенемін. Себебі оған сену керек. Көнбеу керек, жеңу керек. Біз одан күштіміз деп санасаңыздар барлығын жеңеміз. Біз көп нәрсені жеңіп келе жатқан батыр бабалардың ұрпағымыз. Құдай бұйыртса, бұдан да өтеміз», - деді Тұңғыш Президент.
Сонымен қатар Елбасы бүгінгі туған күніне орай бүкіл дүниежүзінен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен құттықтаулар келіп түскенін айтты. Құттықтау жолдаған барлық шет мемлекеттердің басшыларына, қайраткерлері мен саясаткерлеріне және қазақстандықтарға рахметін айтқан Тұңғыш Президенті баршаға шын көңілінен үлкен табыс, бақыт тілейтіндігін жеткізді.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бұл нәубеттен де өтеміз. Ертеңгі күні жүзіміз жарқын болып, талай кездесетін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының коронавирустан ауырып жатқан қазақстандықтардың барлығына аман-есен жазылып шығуына тілекші екендігін білдірген видеоны Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында жариялады. https://twitter.com/Aidos_Ukibay/status/1280085556467286016?ref_src=twsrc%5Etfw%7Ctwcamp%5Etweetembed%7Ctwterm%5E1280085556467286016%7Ctwgr%5E&ref_url=http%3A%2F%2F192.168.10.20%3A8080%2Fpograd%2Fnew_article