Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисте коронавирусты анықтайтын ПТР-тестілеудің тағы екі жекеменшік зертханасы ашылатынын айтты.
«Осыдан 10 күн бұрын жеке зертханаларда реагенттер бітіп қалуына байланысты қиындық туындады. Оның себебі түсінікті, тест тапсырғысы келетін адамдардың саны артты. Сонымен қатар, Ұлттық сараптама орталығы филиалының зертханасында 30-ға жуық қызметкерден коронавирус анықталды. Сол себепті жұмысты тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Қазір барлық зертханалар толығымен жұмыс істеп тұр», - деді әкім.Сонымен қатар ол тағы екі зертхана ашылатынын айтты.
«Ертеңнен бастап Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының жанынан жеке зертхана ашылады. Сондай-ақ, жақын арада жекеменшік клиникалардың бірінде тағы бір зертхана ашылатын болады. Біз халықтың тестілеу деңгейін өзіміз қойған міндеттерге жеткіземіз «, - деді Бақытжан Сағынтаев.Қала басшысының айтуынша, бүгінгі таңда 300 мыңға жуық тест жүргізілді. Оның 245 мыңы ПТР тесті.