Алакөл мен Балқаш жағалауындағы демалыс орындары жұмысын жалғастыра береді
Алакөл мен Балқаш  жағалауындағы демалыс орындары жұмысын жалғастыра береді
© сурет интернеттен алынды
544
оқылды
Алматы облысындағы Алакөл мен Балқаш жағалауындағы жағажайлар мен демалыс орындары санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмысын жалғастыра береді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады. Алакөл көлінде карантин мерзімінде де суға шомылу маусымы жалғаса береді. Дегенмен демалыс орындары барлық қажетті санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейтуі керек.
«Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауына келген туристерден коронавирусқа байланысты арнайы анықтама талап етілмейді. Бірақ демалыс орындарына 2 метрлік ара қашықтықты сақтау сынды бірнеше талап қойылған. Бұл талаптар туристерге түсіндіріледі. Ең бастысы аталған демалыс аймағы өз жұмысын жалғастыра береді»,- деді ол.
Қазір Алакөл жағалауында 250 пансионат, қонақ үйлер, демалыс базасы мен аймақтары, сауықтыру лагерлері мен қонақ үйлер жұмыс істейді. Тәуліктік сыйымдылығы 23,5 мың адамнан асады. Бұл Алматы облысының туристік объектілерінің жалпы санының 30%. Тағы үш жаңа демалыс орталығы ашылып, туристік инфрақұрылымның 15 нысанын пайдалануға беру жоспарланған.