Карантин: Алматыда кімдердің жұмыссыз қалғаны белгілі болды
Карантин: Алматыда кімдердің жұмыссыз қалғаны белгілі болды
© Sputnik / Тимур Батыршин
127
оқылды
Алматыда карантиннің күшейтілуіне байланысты шағын және орта бизнесте 680 мыңға дейін жұмыс орны тоқтатылды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.
"Эпидемиологиялық жағдай бақылауда, бірақ күрделі. Науқастардың 82%-і жұмысқа қабілетті тұрғындар. Мемлекеттік комиссияның шешіміне байланысты біраз кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты. Оның ішінде шағын және орта бизнесте 680 мыңға дейін жұмыс орны тоқтатылды", - деді қала әкімі брифингте.
Оның айтуынша, күн сайын қалада 100-ге тарта адам ауруханаға жатқызылып жатыр. Қалада коронавирус жұқтырған 6 202 адам тіркелген, аурудың күндік өсімі 1,1%-ті көрсетіп отыр.
"Қазір қалада коронавируспен ауырғандарды 4 232 төсек-орын бар 19 стационар қабылдап жатыр. Эпидемия басталған уақытпен салыстырғанда көрсеткіш тоғыз процентке өсті. Апта соңына дейін психикалық денсаулық орталығында қосымша 150 орын, урология ғылыми орталығында 150 орын, Halyk Arena базасында 200 орын ашылады. Осылайша, апта соңына дейін қосымша 500 орын әзірленеді. Halyk Arena базасында кезеңімен төсек-орынды 1000 орынға дейін ұлғайту көзделіп отыр, - деді Сағынтаев.
Қазір қалада 1772 адам инфекциялық, 1215 адам провизорлық стационарға жатқызылған. 24 науқастың жағдайы өте ауыр, 349 науқас ауыр жағдайда жатыр. 1264 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағаланса, 135 науқастың жағдайы қанағаттанарлық.