Оңтүстіктен – солтүстікке!
Оңтүстіктен – солтүстікке!
304
оқылды
500 отбасы «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүс­тіктен солтүстікке көш түзеді. Әуелгі жоспар бо­йынша 427 отбасы қоныс аударуы тиіс еді. Алайда солтүстік өңір­ге қоныс аударуға ниет білдіргендер көп болыпты. Бұған облыста жүргізілген түсіндіру жұмыстарының да ықпалы зор болған сыңайлы. Өткен жылы облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарына сапар шеккен еді. Сондай-ақ Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы да қалалар мен аудандарда тұрғындармен кездесулер өткізіп, «Еңбек» бағдарламасының шарттарын түсіндірген болатын. «Еңбек» бағдарламасының мақ­саты – халқы тығыз қоныс­тан­ған оңтүстік өңірлердің тұр­ғын­дарын жұмысшы жетіспеу­шілігі туындап отырған сол­түс­тік облыстарға көшіру. 2015 жыл­дан бастап бағдарлама аясында Түркістан облысынан солтүстікке 1365 отбасы көшіп барды. 2019 жылы Түркістан облы­сынан Қостанай облысына 62 отбасы, Шығыс Қазақстанға 115 отбасы қоныс аударған. 288 отбасы – Солтүстік Қазақстанда, 95 отбасы Пав­ло­дар облысында жаңа өмір бас­тауға шешім қабылдады. Еңбекке қабілетті 895 аза­маттың 622-сі тұрақты жұ­мыспен қамтамасыз етілген, 47 адам жеке ісін бастапты. Кәсіппен айналысамын деуші­лерге де жер учаскелері, бос үй-жайлар берілген. Тұрғын үймен қамтылды. Көшуге байланысты мемлекеттік көмек көрсетілді. Өткен жылы Түркістан об­лысына солтүстік өңірлерден арнайы 6 топ келіп, тұрғындарды бағдарламаға қатысуға шақырды. Бұл бағытта облыс әкімдігі, жауапты департаменттер үл­кен жұмыс атқарды. Жетісай ау­данында аймақаралық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 600-ден аса адам қатысқан. Оларға үш мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылыпты. Nur Otan партиясы Түр­кіс­тан облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы зор. Пар­тия филиалы облыс әкімдігімен бірге осы бағдарламаны наси­хаттауға қатысуға ниетті. Кез келген түркістандықтың жаңа ортада жаңа өмір бастауына мүмкіндігі мол.   Г. ТҰРҒАНБАЙ