Аргентиналық футболшының туриндік «Ювентус» сапына ауысатынын, Криштиану Роналдумен бір клубта өнер көрсетуі мүмкін екенін де бірнеше сайттар жарыса жазды. Осыған байланысты «Барселона» футбол клубының президенті Жозеп Бартомеу испаниялық Movistar сайтына сұхбат беріп, футболшының ешқайда кетпейтінін хабарлады. Ол алдағы уақытта шабуылшы Лионель Мессимен келісімшарт мерзімі ұзартылатынын айтты. «Мен келіссөздер туралы [жаңа келісімшарт туралы] егжей-тегжейлі айтпаймын. Бірақ Мессидің өзі мансабын «Барселонада» аяқтағысы келетінін бірнеше рет айтқан болатын. Клубтың осы маусымдағы, алдағы маусымдағы да нәтижелері біз үшін маңызды. Қазіргі кезде көптеген ойыншылармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал Месси мансабын «Барселонада» аяқтағысы келеді», – деді Бартомеу.