Желілік маркетинг: жұмыс жүйесі қандай?
Желілік маркетинг: жұмыс жүйесі қандай?

Бүгінде әлеуметтік желілерде белең алған желілік мар­кетингтің жар­намасы жер жарып тұр. Күнделікті өмірде сі­з­дің до­сыңыз не таны­сыңыз, ұжымда­сыңыз, әйтеуір біреуі желі­мен тауар сату ар­қ­ылы қосымша табыс табады. Кей­бірі тіпті бір немесе бірне­ше желі арқылы ақша тауып, әрісі осы бизнес жолына бел буып кірісіп кеткенін де көз көріп жүр. Желіге кіре қалсаңыз «Қосымша табыс тапқыңыз келе ме?», «үйде отырып ақша табуды үйре­темін», «үйде отырған аналарды, зейнет­керлерді, студент­тер­ді ақша табуға ша­қырамын», «бір ап­та­да 1 000 $-ға ие бо­лыңыз» деген жаз­ба­лар алдыңыздан шығады. Шынымен солай ма?

Бұл жұмыспен шұғылдану үшін жұмыс орнына, кеңсеге барудың қажеті жоқ, үйіңізде интернеттің мүмкіндігін пайда­лансаңыз жеткілікті. Белгілі бір компанияның өнімдерін сатып алып, артынан бірнеше адамды тіркеу міндеттеледі. Бұл сізді қаншалықты табысқа кенелтеді? Ол өзіңізге тікелей байланысты дейді же­лі­лік маркетингтің тұты­нушылары.

Желілік маркетингте сіз өзге үшін жұмыс істейсіз, яғни өзі­ңіз­ден кейін адам шақыру ар­қылы жоғарыда тұрған адамның қалта­сын қалыңдатасыз. Сатқан тауа­рыңыз бен адам тіркегеніңіз үшін компаниядан тиісті үлесі­ңізді ғана аласыз. Бір ерек­шелігі, ша­руаңызды үйде күніне 2-3 сағат уақытыңызды бөліп, ба­ла-ша­ғаның қасында отырып істей бересіз. Бұл, әсіресе, дек­рет­­те, бала күтімімен отырған қыз-ке­лін­шектерге таптырмас жұмыс дейді осы кәсіппен айналысу­шылар.

Кәмшат Мұқанова бізге же­лілік маркетингтің мүм­кіндік­тері жөнінде айтып, тәжі­рибе­сімен бөлісті.

– Қаншама қыз-келіншек қазір үйде баламен отыр. Соларға қосымша қаражат болсын деп жарнама жасаймын. Мен өнімін жарнамалайтын компа­ния­ның болашағы зор. Зерт­теп, то­лықтай көзім жеткеннен ке­йін ком­па­ния өнімдерін жар­нама­лаймын. Үйде бос отырмай, қолы­ңыздан іс келсе, неге ақша тап­пасқа?! Сол ақшаны күнде жұ­мысқа барып жүріп табатындар да бар. Қазір желілік компания көп. Өнімдері де сапалы. Се­бебі, желілік маркетинг арқы­лы таратылатын өнім ешуақытта сапасыз немесе нашар болмай­ды, – деген ол та­уар тікелей өн­ді­руші компа­ниядан, еш дел­дал­сыз келетінін айтады.

– Желілік маркетинг дұрыс болу үшін, бірінші кезекте, ком­панияның көрсететін қызмет түрлері мен ұсынатын тауарлары халал болуы тиіс. Айтылған шарттар толықтай табылмаған жағдайда ондай сауда түріне шариғатта тыйым салынады, оның табысы халал болмайды. Қазіргі таңда көптеген желілік маркетинг жүйесінде аталған шарттар толық табылмайтынын ескерген жөн, – дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы.

Ол сонымен қатар желілік маркетинг пен қаржылық пира­миданың айырмашылығына же­ке-жеке тоқталды.

– Желілік маркетинг пен қар­жылық пирамиданың құры­лымы ұқсас болғанымен, екеуі­нің жұмыс жүйесі екі түрлі. Қар­жылық пирамидалар ешқандай өнім немесе тауар ұсынбайды, айналымда тек ақша жүреді. Оның жұмыс жасау принципі мынадай: сіз алдымен белгілі бір сомада ақшалай салым саласыз, сонан соң сіздің артыңыздан тіркелген адамдардың салымы­ның есебінен пайыздық үлес алып отырасыз. Салымшы­лар­дың саны көбейген сайын табыс та еселене береді. Мұнда алдау, көмескілік, айлакерлік және бас­қа да заңсыз (шариғатқа қайшы) әрекеттер болғандықтан, бұл кәсіппен айналысуға шариғат­та рұқсат жоқ. Ал желілік марке­тинг – тәуелсіз дистрибьютерлер (тауар өткізуші агент) желісін құру арқылы өнімді сату немесе қызмет түрін көрсету. Сондай-ақ өнім делдал арқылы емес, өнді­руші компаниядан тікелей тұ­тынушының қолына тиеді. Әрбір агенттің табысы өнімді сатқаны үшін берілетін үстемеақы және қол астындағы агенттерінен түскен сыйақыдан құралады. Өз тобына тіркелген агенттердің саны неғұрлым көбейген сайын, табыс та соғұрлым молайып отырады, – дейді білікті маман.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде 5 мыңнан ас­там желілік маркетинг компа­ния­сы бар. Бір қызығы, күн са­йын әлемде елу және одан да көп адам желілік маркетингпен айналысып, миллионер атанады екен. Олардың ішінде 2 500-і АҚШ-та, Еуропада шамамен – 700, Малайзияда – 800, ал Қа­зақстанда 50-ден астам желілік маркетинг компаниясы жұмыс істейді. Желілік маркетинг өкіл­дері бұл кәсіп түрін тез арада баюдың ең оңтайлы жолы ре­тінде таныстырады, көпшілікті де сонысымен тартады. Ал же­лілік бизнесте жұмыс істеу, же­лілік маркетинг туралы көпші­ліктің ойын төмендегі пікірлер арқылы беруді жөн санадық.

 



Қаршыға МҰҚЫШ,
мәдениеттанушы:

– Үйде жатып алып мал табу де­ген «алма піс, аузыма түс» де­гендік емес шығар. Қазір «қабыр­ғасыз дүкен» индустриясы қар­қынды дамып келеді. Тоқ­са­ныншы жылдардың ортасына шейін жалпы жұрт базарға баратын еді. Одан кейін киоск деген шықты. Киоск заманы кетіп, бірінші қабаттан дүкендер пайда болды. Қазіргі кезде осы шағын дүкендер дәуірі өтіп ба­рады. Супер-гипер маркеттер же­лісі шағын кәсіпкерлікті жұ­тып жатыр. Сонымен бірге, қар­қынды қызмет саласы интернет-дүкен заманы кешеуілдеп болса да, Қазақстанға кеп қалды.

Қабырғасыз дүкен дегені­міз – интернет бизнес. Байып жатқан адамдарды көрмесе­ңіз, Алибаба, Амазон сияқты ал­пауыт болмаса да, бірсупер маркет иесінің табысындай адам­­дарды, аман болсақ, жақын болашақта жүздеген, мыңда­ғанын көреміз.


Бекжігіт СЕРДАЛЫ,
композитор:

– Түрлі дерт шығып жатқан­нан кейін бе, бүгінде айнала­мызда әрқилы компаниялардың шөптен әзірленген дәрі құты­ларын сатумен айналысатын адам көбейіп барады. Бұлар әлдебіреулердің арбауына түсіп, кейін өздері де жұртты арбау­шыларға айналған «сетевиктер». Бұл шаруамен айналы­са­тындар – негізінен әйелдер. Ешқандай медициналық білімі жоқ кез келген адам саған «диаг­ноз» қойып, «рецепт» ұсынып жатады. Тыңдап отырсаң, әуесің келеді. Бір құтысын ішсең, қазір-ақ жазылып кететіндей сезінесің. Өйткені әлгінің үгіті солай. Ала қояйын десең, бағасы удай. «Жақсы дәрінің бағасы осылай қымбат болады» деп жұбатады олар. Алдымен: «Бір құтысын ішіп көр, сосын өзің-ақ мені іздей бастайсың» деп үміттен­діреді. Неге екені белгісіз, мұн­дай дәрілердің емдеу курсы тым ұзаққа созылады: алты ай, бір жыл, тіпті үш жыл. «Толық кур­сынан» өтіп болғанша, әйтеуір, жалаңбұт қалатының сөзсіз. Сонда деймін де, егер осындай шөп ішіп, бір курстан жазылып кете беретін болсақ, соншама ауруханалардың, емханалардың, клиникалардың қажеті не? Дәрі­герлерге жалақы беріп, клини­каларға қымбат медициналық құрал-жабдықтар алып беріп, әуре болғанша, үйде шөп дәрі ішіп жата бермейміз бе?