Тоқ сымынан қауіп төніп тұр
Тоқ сымынан қауіп төніп тұр

Облыс орталығындағы «Арай-2» алқабы – жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін тұрғындар үшін инфроқұрылымы тартылған жаңа алқап. Дегенмен бұл жерде мәселе де жоқ емес. Оның үстіне, тұрғындардың «электр сымдары дұрыс орнатылмаған­дықтан, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз» деген жанайқайы жиындарда жиі айтылып келеді.

Алқаптағы Шота Руставели көшесінің тұрғыны, зейнеткер Бейбіт Байсариевтің мұнда көшіп келгеніне үш жылдан асыпты. Алайда тұрғын отбасы мүшелері үшін, оның ішінде ойын бала­ларына алаңдайтынын жеткізді.

– Көшенің бойында орналас­тырылған электр бағандары, біріншіден, стандартқа сай емес, екіншіден, тоқ жүретін кабельдер жер-жерде ілініп тұр. Көрші тұрған көшелерден тартылып алынған электр сымдары үшін тұрғындар арасында жиі дау-дамай туындай­ды. Электр энергиясын пайда­лану­да өрескел заңбұзушылыққа да жол береді. Биліктегілер мұны біл­мейді емес, біледі. Өйткені біз ай сайын «Жамбыл жарық сау­да-2030» ЖШС-ға төлем жасай­мыз. Бір­неше ай бұрын көшенің басындағы ба­ғанды көлік қағып, көше жарықсыз қалды. Оның үсті­не, үзілген сымдар әр жерде ша­шылып жатты. Беті аулақ, бірақ бір күн болмаса, бір күні мамандардың салғырттығынан сол сымдарға ба­лалар түсіп кетсе, оған кім жауап бе­реді? Біз техника мен техно­ло­гия­ның дамыған уақытында өмір сү­ріп жатырмыз дейміз. Бірақ сол заманауи әдістер біздің алқапқа жетпей қалған ба дейсің, – дейді зейнеткер.

Расында, ешбір қауіпсіздік ере­желері сақталмағанын аталған кө­шеге барған жан бірден байқай­ды. Толық көз жеткізу үшін Шота Руставели көшесіндегі бірқатар үйді аралап көрсеңіз де болады. Бір үйдің кабелі бір үйдің сыртқы дарбазасына дейін салбырап тұр. Енді бірінікі тіпті жерде жатыр. Ал ол кабельдердің барлығы жоғары вольтті электр сымдары екенін ескерсек, оқыс жағдайды елесте­тудің өзі қорқынышты. Тұрғындар табиғат тосын мінез көрсетсе, жа­рықсыз қаламыз ба деп алаңдаулы. «Руставели, Атабаев, Баянов кө­ше­лерінде түнгі жарық болмаған­дықтан, №8, 9 мөлтекауданы мен №3 лицейден қатынайтын оқу­шы­лар тас қараңғыда жүруге мәжбүр. Ал қыс айларында бұл көшелер мүлдем қорқынышты. 2017 жылы мамандар келіп, тұрғындарға осы көшелерге электр бағандарын ор­нату бойынша арнайы сметалық құжат дайындаймыз деген еді. Одан бері 2 жыл өтті. Не маман жоқ, не баған жоқ», – дейді Ш.Рус­тавели көшесіндегі №104 үйдің тұрғыны.

Сондай-ақ алқап тұрғындары бұл мәселені Энергетика басқар­масы басшысының қоғам­дық қабылдауында бірнеше рет көтергендерін айтады. Бірақ ешбір жауап жоқ, «жабулы қазан жабулы күйінде». Бұл орайда кө­шедегі тұрғындардан ай сайын тұ­ты­нылған электр энергиясына ақша алып отырған «Жамбыл жа­рық сауда-2030» ЖШС мен Энер­гетика басқармасы қайда қарап отыр? Бетін аулақ қылсын, алайда апатты жағдай орын алса, оны қай мекеме өз мойнына ала­ды? Әлде электр желілерін талапқа сай орна­ту үшін ел назары ауатын оқыс оқиға болу керек пе? Бұл сауал­дардың жауа­бын сала мамандары жедел беріп, ертерек қам­данғаны абзал.

 

Жамбыл облысы