Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы: Медсақтандыру жүйесі Қарағанды облысында сынақтан өтеді
Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВ,  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  КЕАҚ басқарма төрағасы: Медсақтандыру жүйесі Қарағанды облысында сынақтан өтеді
5,163
оқылды

Қазақ­станның барлық азаматтары, тіпті, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алатын тегін көмекке жедел жәрдем, емханадағы дәрі­гердің қабылдауы, анализдердің кейбір түрлері кіреді

– Бір ай бұрын үкімет кепіл­ден­дірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакет­те­рін бекіткен болатын. Алдымен осы екеуінің аражігін ажыратып алсақ...

– Алғашқысы – бюджет есе­бінен көрсетіледі. Қазақ­станның барлық азаматтары, тіпті, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алатын тегін көмекке жедел жәрдем, емханадағы дәрі­гердің қабылдауы, анализдердің кейбір түрлері кіреді. Оның түп­кі­лікті мақсаты – еліміздің бар­лық тұрғындарын сақтан­ды­рылған-сақтандырылмағанына қара­мастан, медициналық көмек­тің минималды түрлерімен қамтамасыз ету. Екіншісі – 2020 жылдан бастап қолданысқа енетін сақтандыру пакеті.

– Қазір осы тегін медициналық көмекке бюджеттен 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бірақ мұның халық сұранысын толық қанағаттандыруға жетпей­тіні жиі айтылып жүр. Неге?

– Иә, қазір денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың бас-аяғын жиғанда 1 триллион теңгеге жетіп жығылады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап салаға жұмсалатын қаржы көлемі сақтандыру резерві есебінен 1 триллион 620 миллиард теңгеге жетіп, шамамен 67 процентке өседі. Оның 967,7 миллиард тең­гесі – тегін көмек пакеті шең­бе­рінде көрсетілетін қызметтерге, 652,8 миллиард теңгесі меди­ци­налық сақтандыру қызметіне жұмсалады.

Әлбетте, бұл қадамның меди­цина үшін маңызы зор. Себебі, сіз айтқандай, медицинаға қаржы жетпейтіні, мемлекеттік емдеу ұйымдары көрсететін қызметтерге төленетін тарифтің төмендігі жасырын емес. Мұның ем-дом сапасына да әсер етіп жатқаны анық. Қаржы жетпе­ген­діктен қызметтердің кейбір түрлерін пациенттер айлап күтуге мәжбүр. Қаржы көлемі 67 процентке өскеннен кейін осы мәселелерді толық болмаса да, жартылай шешуге мүмкіндік туады деген үміт бар. Жалпы алғанда, тегін медициналық көмекке сұранысты толық қанағаттандыруға 350-360 миллиард теңгеге жуық қаржы жетіспейді. Қазір қор еліміздің барлық аймақтарында қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамта­масыз ету мақсатында тариф­терді теңестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы, онко­ло­гияны алып қарайық. Бұрын мамандандырылған көмек жер­гі­лікті бюджеттен қаржы­лан­дырылатын. Салдарынан, 2018 жылы аймақтар бойынша онко­логия саласындағы айырма 3,1 есеге жеткен. Мысалы, Ақтөбе облысында қатерлі ісікке шал­дық­қан 1 сырқатты емдеу құны айына 4,1 мың теңге болса, елор­дада 12,5 мың теңгені құра­ды. 2019 жылы осы айырма 2,6 есе қысқартылды. Өкінішке қарай, бұл бірден шешілетін мәселе емес. «Көш жүре түзеле­ді» демекші, біртіндеп реттеледі деп ойлаймыз.

– Денсаулық сақтау сала­сын­дағы қаржы тапшылығын МӘМС жүйесі шешіп береді деуге бола ма?

– Өзіңіз білесіз, Қазақстан халқының саны жыл санап артып келеді. Соның ішінде медициналық қызметті көп пайдаланатындарға жататын: балалар үлесі алдағы уақытта – 2,4%-ға, қарттар үлесі 4%-ға көбейе­ді. Оған үнемі қымбаттап оты­ратын технологиялардың баға­сын қосыңыз. Түптеп кел­ген­де, осының бәрі жұртшылық­тың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындарының өсуіне әсер етпей қоймайды. Шын мәнін­де, сақтандыру халықтың қалтасынан шығатын осы шы­ғындардың шектен тыс өсіп кет­пеуіне септігін тигізуі тиіс. Сондықтан міндетті медици­на­лық сақтандыру енгізілгеннен кейін саладағы қаржы тапшы­лы­ғы мәселесі түбегейлі шеші­мін табады деу қиын.

– Болашақта әлем жұртшы­лы­ғына жаңа аурулардан қауіп төніп тұрғанын ғалымдар жиі айтып жүр. Онкология, қант диабеті сияқты аурулар күшейіп барады. Соған байланысты қандай бағыттарға көбірек көңіл бөліп, қаржыландыру деңгейін көтеру қажет деп ойлайсыз?

– 1 620 млрд теңгенің басым бөлігі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке жұмсала­ды. Бізде медицина әлеуметтік бағытта дамыған, сондықтан ауру­дың негіз­гі түрлері тегін емделеді. Ең алды­мен, шұғыл көмек пен жедел жәрдемге, онкология, тубер­кулез, психи­калық және нарко­логиялық ауытқулар, ВИЧ індетін емдеуге басымдық беріледі. Аза­мат­тары­мыз­дың 70 процентке жуығы ауы­ра­тын жұқпалы емес созылмалы сыр­қаттардың 25 түрі де осы топқа жатады. Тұрғындар медициналық көмек қажет болған­да, ең алдымен, емханаларға бара­ды. Сондықтан бастапқы медици­на­лық-санитар­лық көмекті дамы­ту­ға ден қоймақ­шы­мыз.

МӘМС пакетінде: жоспарлы түрде көрсетілетін қызметтерге, консультативтік-диагностикалық көмек, скринингтер, анализдер, салалық мамандардың қызметіне басымдық беріледі. Сақтандыру жүйесінде көрсетілетін тегін көмек тізімінде ішінара стоматологиялық қызметтер де бар. Стоматологиялық көмек бірінші кезекте балаларға, жүкті әйелдер мен жеңілдігі бар өзге де санаттарға көрсетіледі.

– Бірер айдан кейін Қарағанды облысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі нобайлы жоба ретінде іске қосылады. Неліктен дәл осы өңір таңдап алынды?

– Иә, нобайлы жоба алдағы қыркүйек айында іске қосылады. Бұл жүйенің олқы тұстарын анық­тауға, дер кезінде тиісті шешім қабыл­дауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Нобайлы жоба аяқта­лы­сымен сақтандыру жүйесі еліміз бойынша қолданысқа енеді.

2019 жылы қормен 1400-ден астам медицина ұйымы келісімшарт бекіткен болатын, оның тең жартысы – жекеменшік (2017 жылы олардың саны 35 пайыз­ға да жетпейтін). Ал жеке­меншік клиникалардың осы пакет шеңберінде көрсеткен қызметіне төленетін ақы екі есе өсіп, 16,4 процентке жетті.

Қарағандыны таңдаудағы себеп: облыс медицинаны цифр­лан­дыру жағынан көш бастап тұр. Екіншіден, Қарағанды география­лық орналасу жағынан да ерекше, аумағы да үлкен. Мұнда шағын және моноқалалар да, аудан орта­лық­тары мен ауылдар да бар. Сондықтан жүйені толыққанды сынап көруге толық мүмкіндік бар деуге әбден болады.

– Қазір қорға қанша қаржы түсті және ол жүйені енгізуге жеткілікті ме?

– МӘМС жарнасын төлеу 2017 жылдың шілдесінде басталған болатын. Қазір жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері үшін жалақының 1,5 проценті көлемінде жарна аударып жатыр. Келер жылы бұл көрсеткіш 2 про­цент­ті құрамақ. Қалған санат­тағы азаматтар келер жылдан жарна төлей бастайды. Оның басым бөлігі 15 санаттағы 10,5 миллион аза­матты сақтандыратын мемле­кет­тен түседі. Бүгінде МСҚ ауда­рыл­ған қаражат көлемі 180 млрд теңгеден асты. Сақтандыру жар­на­сы еліміздегі ең сенімді банк – Ұлттық банкте сақталады. Біз бұл қаражатты 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап пайдаланатын боламыз. Екі жарым жылда жинақ­талған резерв сақтандыру жүйесінің табысты болуына септігін тигізеді деген үміт бар.

– Медициналық сақтандыру қо­рында қандай жұмыстар атқа­рыл­д­ы? Алда атқаратын шаруалар қандай?

– Қор медицина ұйымдары­ның қызмет ақысын төлеумен айналысқан бір жарым жылда біраз шаруа атқарылды. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап қор кепілден­ді­ріл­ген тегін медициналық көмек пакетінің қаржы операторы мін­де­тін атқарып келеді. Нәти­же­сінде мемлекеттік тапсырыс шең­берінде көсетілетін қызмет­терге ақы төлеу орталықтан­ды­рыл­ды. 2019 жылы ТМККК паке­тіне 973 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл біз қаржыландыра­тын қызметтер арасында: бірегей технологиялардың көмегімен жаса­латын операциялар, Қазақ­стан азаматтарын шетелде емдету ақысын төлеу т.б. бар. Мемле­кет­тік тапсырысты орындайтын ем­деу ұйымдары арасында жеке­мен­шік клиникалардың үлесі артты. 2019 жылы қор 1400-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен болатын, оның тең жартысы – жекеменшік (2017 жылы олардың саны 35 пайыз­ға да жетпейтін). Ал жеке­меншік клиникалардың осы пакет шеңберінде көрсеткен қызметіне төленетін ақы екі есе өсіп, 16,4 процентке жетті. Соны­мен қатар, жыл соңына дейін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу процесін автоматтандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жедел жәрдем қызметі, паталогоа­на­томиялық диагностика, қан қызметі, профилактика және СПИД-ке қарсы күрес салалары да бар. Тағы бір маңызды мәселе – аймақтарда мамандандырылған көмек­ке төленетін тариф теңсіз­дігін жою. Бұрын бұл қызмет жер­гілікті бюджет қаржысы есе­бі­нен, әр аймақтың мүмкін­дігіне қарай төленетін.

Атқарылған тағы бір шаруа – амбулаторлық деңгейде берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін орталықтандыру. Нәти­жесінде дәрі-дәрмекпен қам­тыл­ған пациенттер саны 2 мил­лион­нан 3,5 миллионға дейін артса, 23,4 млрд теңгені үнемдеуге мүм­кіндік туды. Үнемделген қар­жы бастапқы медициналық-сани­тарлық көмекке, жедел меди­циналық жәрдемге, дәрі-дәрмек сатып алуға және жоғары техно­ло­гиялы медициналық қызмет түрлеріне жұмсалды. Сонымен қатар, тегін медициналық қызмет­тер­дің сапасы мен көлеміне бақы­лау күшейтілді. 2018 жылдан бастап қор емханалық-амбула­тор­лық көмек, жедел жәрдем, қан қызметі, паталогоанатомиялық диаг­ностика және маманданды­рыл­ған мекемелер (алкоголизм мен нашақорлыққа салынған­дар­ға, туберкулез, психикалық ауру­лар мен ВИЧ-СПИД-ке шалдық­қандар көмек көрсететін ұйым­дар) көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлемін мониторинг­тен өткізіп келеді. Жалпы, мен атап өткен бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба­ды. Біз медициналық қызмет­терді пайдаланушылармен тұрақты түрде кері байланыс орнатуға, қызмет көрсетуші клиникаларды атқарған жұмысының нәтижесіне қарай іріктеуге, ТМККК/МӘМС пакеттері шеңберінде қызмет көрсететін емдеу ұйымдарын іріктеу және олармен келісімшарт бекіту жұмыстарын толығымен электронды форматқа көшіруге, барлық аймақ тұрғындарын сапа­лы медициналық қызметпен қам­та­масыз ету үшін тарифтерді теңестіруге, медициналық қызмет сапасын бақылауды автоматтан­ды­руға (күн сайын онлайн мони­торинг жүргізу) күш салатын боламыз.

– Мониторинг қалай жүргізі­ле­ді? Заң бұзушылықтарға жол бер­гендерге қандай жаза қолда­ны­ла­ды?

– Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс шең­берінде көрсетілетін қызмет­тер­дің ақысын төлеумен қатар, оның сапасын да бақылап отырады. 2018 жылы халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдары­нан 6,3 млрд теңге қайтарып алды. Мониторинг меншік құқы­ғына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа ен­гі­зілген болатын. Нақтырақ айт­қанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбула­тор­лық көмек, жедел жәр­дем және стационар деңгейін­де (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты сарапталады) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады. Көрсе­тіл­ген медициналық көмектің сапасына бақылау ғана емес, түрлі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берген медицина ұйымда­рына салынатын айыппұл көлемі де өсті. Мәселен, белгілі бір қыз­мет­тің нақты көрсетілгені растал­маса – 300%, тұрғынды заңсыз (азаматтың қалауынсыз) тіркеген жағдайда 100% айыппұл салына­ды. Мұның бәрі заң бұзушылық­тарды болдырмау мақсатында қолға алынып отыр.

 

Сұхбаттасқан
Айна ХАСАН