Нұр-Сұлтанда коронавирус стационары 87% толды – Көлгінов
Нұр-Сұлтанда коронавирус стационары 87% толды –  Көлгінов
© сурет интернеттен алынды
131
оқылды
Елордада эпидемиялық жағдай қиындаса, қосымша мыңнан астам орын ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов хабарлады. Оның айтуынша, коронавирус енді пайда болып, карантин басталған уақытта елордада тек қана үш стационарда мыңға жуық орын болса, қазіргі уақытта 13 стационар немесе 3 700-ден астам орын бар. Оның 87 пайызы толған. «Вирус жұқтырған жүкті әйелдерге арнайы перинаталды орталық ашылды. Республикалық ұлттық ғылыми орталықта 240 орын ашылды. Оның 40 орны – жансақтау бөліміне берілген. Кардиохирургиялық орталықта 60-тан астам ауыр халдегі азаматтарға жансақтау бөлімін аштық. №1 аурухана толығымен коронавирус стационарына ауыстырылды. Ондағы пациенттер басқа ауруханаларға жіберілді», - деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. Сонымен бірге әкім «Рамада плаза» қонақ үйінде 500 орын ашылғанын айтты. «Онда толыққанды стационар жұмыс атқарып жатыр. Оның 60 пайызынан астамы науқастарға толды. Егер эпидемиялық жағдай әрі қарай өзгеретін болса, қосымша мыңнан астам орын ашуға әзірміз», - деді Алтай Көлгінов. Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар саны 5 984-ке жетті, 61 адам қайтыс болды.