Бірліктің жарқын үлгісі
Бірліктің жарқын үлгісі
179
оқылды

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент жүзден астам этнос өкілдерін бауырына басқан еліміздегі ірі қалалардың қата­рында. Шымкент қаласы өткен жыл­дың 19 маусы­мын­да республикалық маңызға ие мега­полис мәртебесін алғаны белгілі. Бүгінде облыстан бөлініп жеке шыққанына 1 жыл толған қалада барлық мекеме қайта құрылып, жұмысын жандандырып жатыр. Соның бірі – Шым­кент қалалық Қазақ­стан халқы ассам­блея­сы осы уа­қыт аралығында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемле­кет­тік саясат аясында мақ­сатты жұмыс атқарып келе­ді.

Ассамблеяда алдымен оның қыз­метін қамтамасыз ететін «Қо­ғамдық келісім» мекемесі құры­лып, қала аумағында әрекет ететін 15 этномәдени бірлестік қайта тіркеуден өтті. Осылайша, қалалық ассамблея жанындағы қоғамдық келісім, аналар және медиа­ция кеңесі, ғылыми-сарап­шылық топ, журналистер мен блогерлер клубы, ақпараттық-наси­хаттық топ, қала­лық ҚХА кәсіп­керлер қауым­дас­ты­ғы, «Жаң­ғыру жолы» республи­ка­лық жастар қозғалысы қалалық штабы сынды құрылым­дар жұмы­сын бастады. Бүгінде Шымкенттегі 130 мектеп­тің 50-і – қазақ, 1-еуі орыс, 4-еуі өз­бек тілінде білім бере­ді. Ал 75 мек­тепте білім аралас тілде оқытуда.

«Татулық пен бірлікті ту еткен түрлі этнос арасында жыл басынан бері ассамблеяның қайырымдылық күнтізбесіне сай қайырымдылық бағыттағы Сарқыт, Сыбаға, Шашу, Асар, Қамқор, Тоқымқағар сынды іс-шаралар ай сайын өткізіліп келеді. Славяндардың «Маслени­ца», «Славян жазбасы мен мәде­ние­ті күні», корейлердің «Соль­наль», татар-башқұрттардың «Сабантойы» сынды ұлттық мере­келер ұйымдастырылып, Алғыс айту күні Шымкентте апта бойы аталып өтті. Ассамблея мүшелері сыбаға үлестіріп, қала аумағын тазалады. Көршіге ізет көрсетіп, ұстаздарды құрметтеді. «Қазақ­тану» жобасы аясында ұйымдас­ты­рылған «Наурыз кер­уені» шарасы жұртшылық тара­пы­нан жылы қабылданды. Соны­мен қатар жоғары оқу орын­­дарымен бірлесіп, 2 халықа­ралық ғылыми-практи­калық конферен­ция (ОҚМУ-де «Ұлы дала өрке­ние­тінің маңызы мен құндылық­тары», ал Silk Way уни­верси­те­тінде «Ұлы дала құн­ды­лықтарын жаңғырту – білім мен ғылымды дамытудың негізгі фак­то­ры» тақырыптарын­да) өткіздік» дейді Шымкент қала­­лық Қазақ­стан халқы ассам­блея­сы төраға­сы­ның орынбасары М.Қалмұра­тов.

Атап өтейік, ассамблея ғима­раты жанынан этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы ашыл­ған. Бүгінде мұнда 40-қа жуық азамат бастауыш және база­лық деңгейдегі топтарға бөлініп, қазақ тілін оқып-үйренуде. Тың­дау­шылар әр жексенбіде бас қосып, еркін форматта қазақша сөйлесуді меңгеріп жүр.

Ассамблея Төрағасы бастама­ла­рын іске асыру үшін Nur Otan партиясы қалалық филиалымен, жастар тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды ілгерілету үшін қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма­сы­мен әріптестік меморандум түзілген. Сондай-ақ этнос өкіл­де­рі жинақы тұратын тұрғын алап­­та­рында ақпараттық-наси­хат­тық жұмыс­тарды жүйелеу және этно­саралық кикілжіңдердің алдын алу мақсатында қалалық полиция департаментімен бір­лес­кен іс-шаралар жоспары қабыл­да­нып, соның аясында жұмыстар жүреді.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында медиация жұмыстарымен де айналысады. Бүгінде осы саланы дамытуға жа­уап­ты қалалық 6 құрылым (қа­лалық ҚХА, қалалық сот, қалалық әділет департаменті, қалалық «Кәсіподақтар орталы­ғы», қала­лық адвокаттар алқасы, қалалық нотариалдық палата) арасында меморандум түзілген. Келешекте «Мектеп медиациясы» жобасын дамыту бағытында шымкенттік 130 педагог-психо­лог медиация курсынан өткен. Ал 51 кәсіби емес медиатордың білікті­лігін көтеру бағытында 5 семинар ұйымдас­ты­ры­лыпты.

Үшінші мегаполис ассам­блея­сы бүгінде қайырымдылық шара­ларына ерекше ден қойған. Мәселен, жыл басында «Сар­қыт» іс-шарасы аясында этно­мәдени бірлестіктер жанын­дағы аналар кеңесінің мүшелері №6506 әскери бөліміне жаңадан қабылданған 40 сарбазға сарқыт табыстап, концерт­тік бағдарла­ма ұсынса, 1 ірі қараның еті мен жеті түрлі азық-түлік салынған себеттер 40 азаматқа (ардагер­лерге, көпбалалы аналарға, жас отбасыларға) сыбаға ретінде үлестірілді. Наурызда «Шашу» іс-шарасы аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 бала сүндетке отырғызылып, олар­дың сүндет тойы өткізілген. Әр балаға қысқы-жазғы киімдер мен велосипед табысталса, сәуір айында «Асар» іс-шарасы жүзеге асыпты. Ассамблея мүшелері жалғызбасты көпбалалы ананың үйіне барып жөндеу, әрлеу, тазалау жұмыстарын жүргізген. Бұл отбасы жыл бойы ассам­блея­­ның қам­қорлығында бола­ды. Мамырда «Қамқор» іс-шарасы аясында Ұлы Отан соғы­сының 8 ардагері мен тыл еңбек­кер­леріне сый-құрмет көр­се­тіл­се, маусымда «Тоқым­қа­ғар» деп аталатын шара бары­сында 1 мау­сым – Балалар­ды қорғау күні­не орай аз қамтылған отба­сы­­лардан шыққан 150 бала­ға сый­лықтар табысталып, кон­церттік бағдар­л­а­малар ұсыныл­ған.

Ерекше тоқталып өтетін жайт, Арыс қаласында болған жарылыс барлық қазақ­стан­дықты бейжай қалдырған жоқ. Орын алған төтенше жағдайға бай­ланысты Қазақстан халқы ассамблея­сы­ның тапсырмасы­мен Шымкент қалалық және Түркістан облыс­тық Қазақстан халқы ассам­блея­ларының бір­лескен штабы құрылып, Арыс қаласы тұрғын­дарына жүйелі көмек беру бастама­ларын іске асыруды бастап кетті.


Шымкент қаласында ашыл­ған 56 эвакуациялық бекетке 39 мың­нан астам арыстық тұрғын­дар орналастырылып, жарылыс­тан зар­дап шеккендерге бүкіл ел аза­мат­тары жәрдемдесіп, кө­мек­­тесті. Оған ассамблея мүше­­лері де лайық­ты үлес қосты.

Атап айтқанда, ассамблея тарапынан 24 маусым күнінің өзінде 840 мың теңгенің көмегі көр­сетіліп, зардап шеккен аза­мат­­тарға 4 мың ас суы, азық-түлік өнім­дері мен бірінші кезек­тегі тауар­лар, көрпе-төсектер жеткі­зіл­ді, ыстық тамақ ұйым­дасты­ры­лып, 700 адамға жатын орын­дары да­йын­­далды, тұрғын­дарды эвак­уа­­­ц­ия­­лауға 3 автобус пен 2 жүк көлігі жіберілді.

Шымкент қаласында ашыл­ған 56 эвакуациялық бекетке  39 мың­нан астам арыстық тұрғын­дар орналас­тыры­лып, жарылыс­тан зар­дап шеккен­дерге бүкіл ел аза­мат­тары жәрдемдесіп, кө­мек­­тесті. Оған ассамблея мүше­­лері де лайық­ты үлес қосты. 


Бұл жұмыстарға қалалық, облыстық корей, славян, ұйғыр, өзбек, түрік, татар-башқұрт этно­мәдени бірлестіктері белсе­не қатысты. Өзбек және корей этно­сының өкілдері 150 адамды жатын орындармен қамтамасыз етіп, ыстық тамағын ұйымдас­тырды.

Келесі күні тағы да арыстық ағайындарға 13 млн теңгеден астам қаржының көмегі көрсетіл­ді. Оның ішінде өзбек этномә­дени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы облыстық және қалалық өзбек этномәдени бір­лес­­тіктері мен қалалық және об­лыс­тық түрік этномәдени бірлес­тіктері әрқайсысы 3 млн теңгенің көмегін көрсетті. Сла­вян, корей, шешен-ингуш, иран, тәжік, қара­қал­пақ, татар-башқұрт, гру­зин, ұйғыр, армян, әзірбайжан және еврей, жалпы барлық этно­мәдени бір­лестік­терінің өкілдері бұл қам­қор­­лықтан тыс қалған жоқ. Тіпті қала­лық ассамблея жанын­дағы Аналар кеңестерінің мүшелері де қолында барын әкеліп беріп жат­ты.

Қарағандылық армян, аты­рау­лық шешен-ингуш, алматы­лық күрд, жамбылдық түрік этно­сының өкілдері де үлес қосты. Ал еліміз­дегі республи­калық ұйғыр­лар этномәдени бірлестігі 2 жүк көлігі­мен Арысқа құрылыс мате­риал­дарын, киім-кешек жөнелтті. Республи­калық әзірбайжан этно­мәдени бірлестігі мен Алма­ты қалалық түрік этно­мәдени бірлес­тігі Арыс тұрғын­дарына көмек ретінде әрқайсысы 2,5 млн теңге­ден аудар­ды. Нұр-Сұлтан, Орал, Петропавл, Қостанай, Семей қалаларындағы этномәде­ни бір­лес­тіктер өкілдері мүмкін­ді­гінше көмектерін ұсынып, Қазақстан халқы бірлігінің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

«Бүгінге дейін Қазақстан хал­қы ассамблеясы бағыты бойынша арыстықтарға көрсетілген көмек­тердің жалпы соммасы 54 841 227 теңгені құрайды. Оның 41 639 300 теңгесі азық-түлік, ыстық тамақ, киім-кешек, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер мен киім-кешек және т.б. түрінде болса, 13 078 427 теңг­е қаражаты «Түркістан» коро­­по­­ративті қорына, орталық ме­шіт­тің есеп-шотына және Шым­­­кент қала­с­ындағы даму қоры­на ауда­рылды.

Арыс тұрғындарына түскен салмақ бәріміз үшін үлкен сынақ болды. Халқымыз бұл қиындық­тан ұйымшылдығымен, жана­шыр­­­лығымен аман-есен өтіп келеді. Арыстық ағайынның қиын­­шы­лы­ғын бөлісіп, көмегін аямаған барша ассамблея мүше­леріне ризашы­лы­ғымызды білді­ре­міз», – дейді Мұратәлі Оразәлұ­лы.

Жалпы, ассамблея этнос өкіл­дері жинақы тұратын шағынау­дандар мен тұрғын үй алаптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, этносарлық кикілжіңдердің ал­дын алу жұмыстарын жүргізеді.

Осылайша, ынтымағы ырыс­ты, бірлігі бекем Шымкент қала­сының этнос өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тату-тәтті өмір сүріп келеді.


Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы