«Ана тілім аман ба?» деп бабам «келсе» не дейміз?
«Ана тілім аман ба?» деп бабам «келсе» не дейміз?
182
оқылды

Қыркүйекте «Тіл туралы» заңның қабылданғанына және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» құрылғанына отыз жыл толады. Бұл уақытта не тындырдық? Қалаларды айтпай-ақ қояйық, аудан орталығында, ауылдарда құрылған ұйымдағы тіл жанашырлары осы уақыт аралығында не бітірді? Бюджеттен миллиондаған ақша бөлінді. Тіл үшін ғана. Шырылдап та айтылды, айқайлап тұрып жазылды. Істелген жұмыс та көл-көсір! Бірақ, нәтиже жоқ! Неге?

Тіл дегеннен шығады, жақында Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласына шақырумен бардық, үлкен бір кешен ашылды. Қуанып қалдық. Дегенмен іште бір қыжыл кетті. Тәуелсіздік алып, басымыздағы бөрікті аспанға атқанда, бодандықтан босадық, енді қазақ тілінде сайрап кетеміз дегенбіз! Әлі сол... Облыс әкімі, кешен директоры, келушілер – бәрі орыс тілінде сайрап тұр. Арасында бір басқа ұлт өкілі жоқ. Тек шетелдік инвестор келген екен, аудармашысы бар қасында. Сол кісілерден «ұят болды-ау!» деп қысылдық. «Бір қазақша сөз естімей кетті-ау!», «Орыстілді халық екен!» деп «айтады-ау» деп.

Өткен ғасырдың 80-жыл­дары соңында қазақтың зиялы қауымы, ғалымдарымыз, қо­лы­­­на қалам ұстаған сауатты қазақ ана тіліміз құрып, өліп бара­ды деп өре тұрды! Көп ай­тыл­ды, жазылды. «Тіл туралы» заң қабылданды және Ха­лықа­­ралық «Қазақ тілі қоғамы» құрылды. Тәуба! 1990 жылғы 22 наурызда республик­алық «Ана тілі» газеті шықты. Тіл мә­селесі қозғала бастады. «Ана тілі» газеті негізгі нысан­ды тіл мәсе­лесі деп танып, бұл бағытта елеулі дүниелер жа­рия­­­лаудан тынбай келеді. Жөн-ақ!

Сол кездегі құлшыныс, қазір бәсеңдеп қалды. Сол уақытта туғандар бүгінгі күні шікірейіп бастық, шенеунік болып отыр. «Баяғы жартас – сол жартас» дегендей, бұлар да ана тілін менсіне қоймайды! Сөйлеуге арланады. Ал біз сол жылдары: «Е, қазіргі шенеунік орысша сөйлер, өйткені арма­нымызға енді жетіп егемен ел болдық. Балаларымыз өседі, өнеді, солар қазағымның тілінде түсініседі ғой» дестік. Сондағы орындалған арманы­мыз осы ма? Астананы да солтүстігіміз қазақша сөйлесін деп, көшірдік. Бірақ қала өсіп көркейгенмен, тіліміз әлі жұтаң. Қара халық қазақша жазып, сөйлесе де, мінбердегі шенеунік көрші тілде қалып қойды. «Сәлемәт­сіз!» деп бастап «У нас в прин­ципе все нормально. Выпо­л­нили...» деп орысша шүлдірлеп «Сау болыңыз!» деп аяқтайды! Бітті. Олар үшін мемлекеттік тіл екі сөзден тұрады «Сәле­мәт­­­сіз!» бен «Сау болыңыз!». Болды!

Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанымен, орыс тілі үстемдік жасап тұрғаны рас. Кей мекемеге бара қалсаңыз, сізді, қаракөздеріміз басқа тілде қарсы алады, шығарып салады. «Қазақша сөйле» дей қалсаң, «ол тіл ресми ғой» деп бұлданады.

Ауылда туып, өстім. Неміс, орыс, кәріс, молдаван, украин, белорус ұлттары да көрші үйде тұрды. Өтірік емес, ауылда орыс және қазақ мектебі болды. Орыс сыныбындағылар мектепте орысша сөйлесе де, көше тілі қазақша болатын! Басқа ұлт өкілдері менің ті­лім­де сайрап тұратын, мақал­дап сөйлегенде жаңы­лыс­тыратын. Орысшаны ауылда емес, әскери боры­шым­ды өтеуге барғанда ғана үйрендім. Мұны неге қозғадым? Айтайын, сонау қылышынан қан тамып тұрған Кеңес дәуірінің өзінде ана сүтімен, әке қанымен, бабалары­мыздың аманатымен келген тілге деген құрметіміз шексіз болатын!

Бұл дерт ауылдан емес, қаладан, облыс орталығынан, республиканы басқарып отыр­ғандардан шықты. Тілге құр­мет, тілге қызмет жасау емес қиянат жасаушылар со­лар болатын. Әлі сол! Өйткені қалаға барып тұрақтаған «Здравствуй», «До свидания», «Хлеб» дегенді ғана білетін ауыл баласы орысша сөйле­ме­се тамақсыз қалатынын білді, ең бірінші сені «мамбет» д­е­ген­ді айтқан да қаланың шала қазағы болатын. Содан кейін санаға орыс тіліңсіз өмір жоқ деген сіңе түсті. Орыс­тан­дық...

Мейлі отыз, қырық, елу жыл өтсе де тілге деген махаб­бат болмаса, мінбедегі шенеу­нік қазақша сөйлемесе, өспей­ді, қайта өшеді!

Отыз жыл болыпты, әлі күнге бұрынғы бодан болған елдің тілінде сөйлеу ғана емес, жазып-сызуымыз жойылар емес. Петропавл, Павлодарды қазақша атай алмай отырмыз. Қанша жыл өтті Қарағанды қаласында Ленин көшесі әлі тұр, қазақыланбай!

«Елім, жерім, тілім!» деп бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді қорғады. «Ана тілім аман ба?» деп атам қазақ «келсе» не дейміз? Ал біз әлі отырмыз орысша шүлдірлеп, қойыртпақтап. Соған қарамай сырттан сөз тасимыз, ауыза­шар­ды «ифтар» деп! Алдымен қазақ болып алайықшы, ағайын! Маған ана тілімнің амандығы керек, келер ұрпақтан ұялмас үшін!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ