Жұлдызы жанған жігіт
Жұлдызы жанған жігіт

Cirque du Soleil – аты аңызға айналған цирк. Осы цирктің жарық жұлдызына айналған қазақстандық жігіт бар. Есімі – Рафаэль Фатхельянов. Туған жері – Қарағанды. Ол спорттық жолын акробат-батутшы ретінде бастаған. Қазақстан құрамасында спорт шебері атанған. «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, тағдыр оның бағын циркте ашуға жазған екен. Бүгінде ол Corteo шоуымен біраз елді шарлап келді.

Қазақстан құрамасында

– Рафаэль, спорттық жолыңыз­ды ең алдымен акробат-батутшы ретін­де бастаған екенсіз. Сол шақ­тар­ға оралсақ...

– 4 жасымнан бастап акро­ба­ти­ка­мен айналыстым. Оған жете­леп әкелген әкем еді. Араға біраз жыл салған соң, қасыма серік таптым. Ол менен біраз жас үлкен болған. Екеуміз ақырындап жа­рыс­тарға шыға бастадық. Акро­бат­тық трюктер орындаған кезде мені ұстап, маған тіреу болатын. Бәрі жақсы жүріп жатты. Жарыстарға шығып, жеңіске жетіп, Қазақ­станның чемпионы болдық. Неге екенін білмеймін, бірақ сол кезде серіктесім акро­ба­ти­каны тастауды ұйғарды. Ал оның орнына басқа біреуді іздеу – қиын процесс. Ол кезде бар-жоғы 12 жастамын. Бүкіл жан-тәніңді салып, өмірің­нің 8 жылын соған арнап жүргенде әп-сәтте жұлып алған қиын. Шыны керек, есеңгіреп қаласың. Содан ол саладан мен де кетіп, үлкен теннис, футбол секілді спорт­тың басқа саласында бағым­ды сынадым. Сөйтіп жүргенімде жаттықтырушы батуттан секіру бойынша секция ашылатынын айтты. Сөйтіп батут спортына толығымен келдім. Осында жүріп Әлем кубогы, Әлем чемпионаты секілді республикалық, халықа­ралық турнирлерге бардық. Тіпті халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. 2014 жылы Әлем чемпионатына барып, Қазақстан тарихында алғашқы жеңісімізге қол жеткіздік. Спорттың бұл түрі Олимпиада ойындарында болған­дықтан, оған да қатыспақшы болдым. Өкінішке қарай, 2015 жылы іріктеуде жақсы көрсеткіш көрсете алмай, лицензияға қолым жетпеді. Тағы төрт жыл дайын­далып, қайта қатысамын деп ойладым. Алайда Қазақстан федерациясы тарапынан түсінбеу­шілік туындап, спорттан кетуді шештім.

– Адамның сынып кетпеуіне не көмектеседі? Бойында қандай мінез болуы керек?

– Шығармашылық, ұмтылыс, мінез – осы үш қасиет адамның жігерін шыңдай түседі. Мәселен, үлгі тұтып жүрген тұлғаның өзі аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ. Ол да сол дәрежеге жету үшін тынымсыз еңбектенді. Қиындық­тың өзі – бірдеңе істеп жатқанның белгісі. Себебі, істеген ісіңнің қиындығы болмаса, ештеңе істе­ме­генсің деген сөз.