Әлеуметтік желіде белгілі бір агенттік Қарағандыдан Қарқаралыға өлген адамның мәйітін жерлеу үшін 500 мың теңге талап еткені туралы жазба жарияланған. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасындағы брифингте бұл мәліметтің расталмағанын айтты.
«Облыс орталығында жерлеу қызметінің құны - 150 мың теңге. Карантинге дейін де осындай баға болды. Өткен аптада бұл мәселе талқыланды. Қарағандыда коронавирус диагнозымен жерлеу қызметін тек «Патологоанатомиялық орталық плюс« ЖШС көрсетеді. Фирма басшылығы қала бойынша бағаны 150 мың теңге, облыс бойынша барлық аудандарға жеткізуді қоса есептегенде 200 мың теңгеге дейін қалдыруға уағдаластық. Мысалы, Қарқаралы, Жәйрем, Нұра ауданы, Балқаш.... Қарқаралы бойынша негізсіз төлем фактісі расталмады. Егер сіздерде дәлел бар болса, растайтын құжаттарды талап етіңіздер, біз әрбір жағдайды анықтауға дайынбыз», - деді Жеңіс Қасымбек.Өңір басшысы бұл мәселені жеке бақылауда ұстайтынын айтты.