Заңсыз дәрі сатқандарға – 2,7 млн айыппұл!
Заңсыз дәрі сатқандарға – 2,7 млн айыппұл!
Биылғы 29 маусымда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөніндегі кеңесте «көтерме және бөлшек сауда желілерінде дәрі-дәрмек, медициналық жеке қорғаныс құралдары бағасының жасанды түрде өсуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды» жүктеді. Өйткені дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы туын­дағандықтан осы өнімді «сөре астынан» сату – баюдың көзіне айналды. Егер Кеңес кезінде мұндай «көлеңкелі сауда» сату­шының көмегімен тамыр-та­ныстық немесе «ұзынқұлақ» ар­қылы жүрсе, ал қазіргі ақпараттық технологиялар заманында оны ұйымдастыру әлдеқайда оңай. Сондықтан тәртіп сақшылары OLX және басқа да хабарламалар сайттарын сүзуді бастады. Полицейлер Нұр-Сұлтанда бір күн ішінде жалпы сомасы 3,7 миллион теңгенің дәрі-дәр­мегін тәркіледі. Кейбір пысықай астаналықтар қат дүниелерді – тер­мометрді, сондай-ақ инга­вирин, парацетамол, цеф­триаксон се­кілді дәрілерді жа­­сы­рын сау­далап келген. Тін­ту­лер нәтижесінде қалада заңсыз са­­ты­лымға шығарылған, жалпы со­ма­сы шамамен 3 млн теңгені құ­райтын, контактісіз қызу өлшейтін 63 термометр, медициналық плащтар, бетперделер қолға түсті. Кәсіпкер әйел цефтриаксонның 244 ампуласын, 234 парацетамол, 12 қорап азитромицин және 6 қорап ингавиринді өткізіп, пайда көруге ниеттеніпті. Елордадағы Түркістан көшесінде тұратын азамат 100 литр антисептикті 200 мың теңгедей қаржыға өт­кізуге талаптанды. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті әрбір оқиға бойынша ұсталған­дардың әрекетіне заң аясында баға беріліп, жеке-жеке жауапкершілігі белгіленетінін жеткізді. 6 шілде күні елордада поли­цейлер «Тойота» маркалы көлік иесін құрықтады: автомобилінің багажын дәрі-дәрмекке толтырып алған азамат осыдан 1 миллион теңге пайдаға кенелмек болыпты. Ал Алматыда полицейлік рейд барысында дәрі-дәрмекті көтерме көлемде сатып алып жүрген 2 адамды ұстады. Олардың сөмкесінен ингавирин, тамифлю және парацетамол топтамалары шықты. Шымкентте полиция қыз­меткерлері Әлімқұлов көшесіндегі жер үйдің ауласынан дәрі-дәр­мектің 229 түрі жасырылған 3 қойманы тапты. Бұл препараттар емханаларда медициналық есепте тұрған сырқаттарға тегін таратуға бөлінген екен. Арасында сондай-ақ цеф-3, ингавирин, парацетамол және басқа да коронавирус пан­демиясымен күреске қажетті препараттар бар. Қойма иесі по­лицейлер шақыртқан фарма­цевтика мамандарына дәрілік құралдарды сатуға рұқсат ететін лицензиясын көрсетті. Алайда ол рұқсатнама мүлдем басқа ме­кенжайдағы ғимаратқа қатысты болып шыққан. Бұл қоймаларда дәрі-дәрмектер заңсыз сақталған. Жалпы алғанда, Шымкентте дәріхана қызметкерлері мен қала тұрғындарының дәрілерді алып-сатумен айналысуының 10 фактісі әшкере болды. Атырау қаласында да «әбжіл» адамдар еш рұқсат қағазсыз дәрі саудасына білек сыбана кірісіп кетіпті. Және арзанға сатса бір сәрі, бастапқы бағасынан бірнеше есе көп ақша сұрап, халықты қанаған. Атырауда емхана бас­шысы – косметологиялық қыз­мет­тер клиникасының қожа­йыны коронавирусқа қарсы дәрі­лерді тым жоғары бағамен сауда­лауды жолға қойды. Мысалы, пара­цетамолды 10 есе қымбатқа – 1 мың теңгеден сатқан. Ол бірқа­тар дәрі-дәрмек құнын 8 есеге дейін шарықтатты. Леволет – 18 000 теңгеден, ингавирин – 14 000 теңгеден, азитромицин және цианокобаламин – 3 000 теңгеден, цефтриаксон – 1 000 теңгеден, аскорбин қышқылының бір құтысын 1 000 теңгеден саудалаған. Қарағандыда да адамдардың тауқыметінен табыс табуға ұм­тылған қаскөйлер ұсталуда. Қар­жы министрлігінің Экономикалық тергеулер департаментінің қыз­меткерлері «бақылаулық сатып алу» тәсілімен қарағандылықтың заңсыз саудаға ден қойғанын білді. Ол контрабандамен күресшілерге әр бірлігін 1 800 теңгеден 42 қорап цеф-3, 4 300 теңгеден 5 қорап зитмак-500, 1 000 теңгеден 9 қорап лидокаин сатқанын аңғармады. Оның көлігін тексеру барысында тергеушілер тағы 67 қорап цеф-3 тауып, алып қойды. Түркістан облысында Полиция департаменті өткір респираторлы вирустық ауруларға қарсы дәрі­лерді жоғарылатылған бағамен өткізудің бес фактісін әшкереледі. Мәселен, дәріхананың бірінің фармацеві цеф-3-тің 336 қорабын 405 мың теңгеге сату үстінде тұтылды. Ол дәріхананың өзінде шектеулі данамен 1 300 теңгеден ұсынылатын тапшы дәріні кө­терме көлемде 1 500 теңгеден беріп жіберуге ынтыққан. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері Сарыағаш қала­сының тұрғыны 1 000 бетпердені 60 мың теңгеге саудаға қойғанын анықтап, жолын кесті. Оның ма­шинасын тексерген полицейлер тағы 5 мыңға жуық бетпердені тәркіледі. Жұрт күндіз жанұшыра із­деп таппай жүрген дәрі түр­лерін Көкшетау тұрғыны түн қараң­ғылығында тығылып сатқан. Ақмола облыстық Полиция депар­таментінің дерегінше, 6 шіл­деде полиция қызметкерлері өз үйінде түнгі дәріхана ашып алған ер адамды ұстады. Оның үйін тінту нәтижесінде заңсыз тапқан ақшасы, 30 қорап ибуфен, 10 қорап аспирин және 10 қорап парацетамол табылды. – 6 шілде, яғни бір күнде Қа­зақстанда дәріні заңсыз немесе аса қымбатқа сатпақ болған 46 адам полицияға жеткізілді. Олардан әртүрлі дәрі-дәрмектің 20 884 қорабы алып қойылды. Оның арасында 2 600 қорап глюкоза мен ферсинол, 2 200 ацетилсалицил қышқылы, 654 парацетамол бар. Кейбір аза­маттар жетпей жатқан дәрілерді саудалап, пайда табуға тырысуда. Мұндай әрекеттер нарықта дүр­белең тууына ықпал етті, – деді Денсаулық сақтау ми­нистрі Алексей Цой Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте. Ол Қазақстанның барлық өңірінде әкімдіктер жанынан мониторинг топтары құрыл­ғанын, дәрі-дәрмек бағасын бақылауға үкіметтік емес ұйым­дар тартыл­ғанын мәлім етті. Заң бойынша дәріханалардағы дәрілік препарат­тардың ең жоғары бөлшек сауда бағасын мемлекет бекітеді. Тек­серу­шілер дәріханалардың осы шекті бағадан артық сұрап, заң бұзбауын қадағалайды. Ұсталған адамдарға қатысты тергеу шаралары жүргізілуде. Экономикалық тергеу қызметі дәрілік заттарды жоғары бағамен сатқаны үшін азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 426-бабы бойынша жазаға тарты­латынын және 2 миллион 778 мың теңгеге дейін айыппұл салы­натынын ескертеді.  

Ерік ЕРДЕНОВ