Қытайлық өндірушілер дәріге қажетті қоспаларды екі есе бағаға сатуда
Қытайлық өндірушілер дәріге қажетті қоспаларды екі есе бағаға сатуда
275
оқылды
Сәйкесінше, өндіріс те тұралап қалған. Оның үстіне логистикалық шығындар да қымбаттап кетіпті. Біздің елімізде өндірілетін отандық өнімдерге, яғни, фармацевтикалық өнеркәсіпте қолданылатын заттардың көпшілігі Қытай мен Үндістанда өндіріледі. Қытай карантиндегі кеткен шығындарын қайтару үшін шетелге шығаратын дәрі қоспаларын екі есе бағаға қымбаттатып отыр. Бұл туралы «Қазақстанның фармацевтикалық индустриясы» қауымдастығы мәлімдеді. Көрші елден екі есе қымбатқа дәрі қоспаларын сатып алатын елдердің қатарында біз де бармыз. Дәл қазіргі жағдайда әлем дәріге мұқтаж екенін тиімді пайдаланған Қытай өндірушілері, сұраныс жоғарылаған соң, бағаны да көтеріп отыр.
«Кейбір заттардың бағасы 2 есеге, ал кейбіреулері 20-30%-ға қымбаттады. Мысалы, пандемияға дейін кейбір дәрінің құны 45 евро болса, қазіргі уақытта 90 евро тұрады немесе ибупрофенге керек қоспа 22,3 доллардан 28 долларға дейін өсті. Сұранысқа ие парацетамолдың қоспасы 4,7-ден 5,8 долларға дейін өскен. Бұл дегеніміз – 24%. Бағалардың өсуі сәуір айының басында басталды. Бұған доллар бағамының қатысы жоқ. Бағаның өсуі әлі де байқалады. Нақты қай межеде тоқтайтыны белгісіз» делінген «Қазақстанның фармацевтикалық индустриясы» қауымдастығының мәлімдемесінде.
Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның дәрі шығару өндірісіне «көмектесіп» келген Қытай ендігі өнімдерін біржола Еуропаға қарай бағыттауды жөн көреді. Себебі, сұраныс жоғары, қымбат бағаға өткізуге болады. Осы ретте, шет мемлекеттен келетін дәрі қоспаларының қымбаттауы салдарынан бізде жасалатын дәрілердің бағасы да аспандап кететіні анық. Бұған қоса, карантин кезінде Үндістан дәрі шығаруға қажетті 26 заттың экспортын уақытша тоқтатып отыр. Бұл тізімнің ішінде аса қажетті парацетамол, ацикловир, неомицин, эритромицин, тинидазол, прогестерон, хлорамфеникол, сондай-ақ B1, B6 және B12 дәрумендерін шығаруға арналған дәрілік қоспалар бар.

Отандық фармацевтиканың көрсеткіші төмен

Қазақстандық өнеркәсіпті дамыту институтының мәліметі бойынша, елімізде биыл қаңтар-наурыз айларында жалпы құны 31,6 млрд теңгенің фармацевтикалық өнімі өндірілді. Оның ішінде антибиотиктер, антитуссивті және экспекторантты дәрілер, антисептикалық препараттар бар. Отандық фармацевтиканың көшін Алматы облысы − 27,7%, Алматы қаласы − 20,9%, Шымкет қаласы − 27,1% және Қарағанды облысы −18,2% бастап отыр. Ең қызығы, отандық өндірісте өсім болғанымен COVID-19 пандемиясы белең алғалы бері елімізде антибиотиктер шығару көлемі 3,2 тоннадан 1,8 тоннаға дейін төмендеген. 2020 жылғы қаңтар-сәуірде антибиотиктер өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56%-ға төмендеп кетіпті.   [caption id="attachment_56142" align="alignnone" width="1260"]дәрі, фармацевтика, Коллаж: Жұмабек Айқынұлы[/caption] Отандық дәрі-дәрмек өндірісі соңғы он жылда айтарлықтай өсім көрсеткен екен. Дәрі шығару өндірісі бойынша көрсеткіш 2018 жылы ғана төмендеді. Дәрілік заттардың өндірісі бірден 14% -ға, яғни 27,4 мың тоннаға дейін кеміген. Былтыр жағдай біршама тұрақталды десек те, биылғы COVID-19-дың ойламаған жерден келуі «жығылғанға жұдырық» болып отыр. Коронавирустың белең алуы кезінде отандық фармацевтика белгілі бір қиындықтарға тап болды. Vi-ORTIS ақпараттық-аналитикалық компаниясы жүргізген сараптама нәтижесінде сәуір айында фармацевтикалық нарық 1,2% төмендеген. Сұранысқа ие дәрілердің басым бөлігі сырттан келетін болған соң, нарықтың құлдырауына доллар бағамының өсуі әсер етен. Негізгі құлдырау бөлшек сауда саласында яғни аптекаларда туындап отыр. Сауда биылтырғы жылдың сәуір айымен салыстырғанда 20%-ға азайған.

Шетелдің дәрі-дәрмегіне тәуелдіміз

Қазақстанда қолданылатын дәрілердің басым бөлігі, яғни, импорттық дәрілер Германия, Франция, Ресей және Үндістаннан әкелінеді. Халық қолданатын дәрілердің 80%-ы импорттық өнімдер. Белгілі болғандай, фармацевтикалық өнімдер экспорты 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында 15%-ға төмендеп, 9,3 млн долларды құраған. Фармацевтикалық өнімдердің импорты 2020 жылғы қаңтар-ақпанда 125,1 млн АҚШ доллары болды. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Статистикалық мәліметтерден елімізде қарапайым дәрумендердің өзі бізде өндірілмейтінін көруге болады. Өткен жылы нарықтағы дәрумендердің отандық өндірістегі үлесі небәрі – 0,9%. Ал антибиотиктердің бар-жоғы 17,9%-ы ғана өзімізде өндіріледі екен.

Еркежан АЙТҚАЗЫ