COVID-19: стадионда емделсеңіз, таңғалмаңыз

COVID-19: стадионда емделсеңіз, таңғалмаңыз

Негізі, төтенше жағдай кезінде спорт кешендері мен стадиондарды стационар ретінде пайдалану қалыпты құбылыс. Зілзала, су тасқыны тәрізді табиғи апат ке­зінде стадиондар азаматтарды паналататын орынның біріне айналатынын көріп жүрміз. Мәселен, 2005 жылғы «Картина» дауылы кезінде АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласы тұрғындарының біразы стадионды паналаған. Алайда стадиондарды тура соған ұқсас мақсатқа пайдаланамыз деген біздің үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген жағдай еді. Енді, міне, еліміздегі эпидемиологиялық жағ­дайдың шиеленісуіне байланысты бұл қадамға амалсыз барып отыр­ған жайымыз бар.

 

Кез келген стадион жарамайды

Спорт кешендері мен ста­дион­дарды стационар ретінде пай­даланудың өзіндік ерекшеліктері бар. Әрі жағдай тым қиындаған кезде ғана оларды медициналық мақсатта пайдалануға болады. Денсаулық сақтау министрлігі Алексей Цой да мұны растады. Ол бірқатар нысандарды көргенін, стадиондар мен спорт кешендерін стационарға айналдыру Ал­маты мен Шымкентте ғана жоспар­ланғанын айтты. Алайда оларға нақты талаптар қойылған. Ең алдымен, стадиондарда өкпені жасанды желдету аппараттары немесе оттегі концентраттары болуы керек екенін атап өтті. «Олар­да жағдайы ауыр пациент­терге көмек көрсететін мүмкіндік болуы керек, – деді А.Цой. Сонымен қатар министр спорт кешендері мен стадионнан гөрі қонақүйлер мен жатақханалар тиімді болатынын айтты. Өйткені оларда стадиондарға қарағанда бірқатар мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, жуынатын бөлмелер мен дәретханалар қонақүйлерде жеткілікті болады. Ал стадиондарда ол жағы қиындау. Дегенмен министрдің стадиондарды стацио­нар ету туралы пікір білдіруі амал­сыз жасалған қадам тәрізді. Әрі елдегі жағдайдың тым жақсы емес екенін көрсетіп тұрса керек. Кейбір аймақтарда індеттің өршіп бара жатқаны осындай қосымша шараларды қабылдауға мәжбүр еткен сыңайлы. Алайда стадиондарды пайдаланудың да бірқатар шарттары бар. Вице-министр Ералы Тоғжанов стадион­дарды пайдалану мүмкіндігі тек ауа райы жылы аймақтарда ғана мүмкін екенін айтты. Сондықтан әкімдерге өзге нысандарды пайдалану туралы тапсырма берілген. Бұдан шығатын қорытынды, еліміздегі стадиондар мен спорт кешендерін стационар етіп жасақтау қиын. Дәретханадан бастап, жылытуға дейінгі бірқатар кедергілер бар. Әсіресе, теріскей аймақтардағы стадиондар бұған қолайсыз. Сондықтан біз мұндай қадамды пайдасынан гөрі жұмыс істеліп жатқанының иммитациясын көрсететін іс ретінде бағалаймыз. Бәлкім, шетелден көргендерін қайталағысы келді ме, әйтеуір Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет стадион мәселесін алға тартып отыр. Ал коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін стадион емес қонақүйлерді, сана­торийларды пайдалану әлдеқайда тиімді болар еді. Қазақстанда стадиондар мен спорт кешендерінен гөрі қонақүйлердің мол екенін екінің бірі біледі.

 

Іске қосылғанынан «қосыладысы» көп

Қазақстанда спорт кешендері мен стадиондарды коронавируспен күреске арнап қайта жабдықтау туралы сөз болғанда бірден Алматыдағы Halyk Arena еске түседі. Өйткені аталған нысанды стационар етіп жабдықтау туралы жоспардың айтылғанына біраз уақыт болды. Алайда 500 орынға арналған стационар әлі ашыла қойған жоқ. «Әне ашылады, міне ашылады» деген дақпырт әлі жүр. Мамандар стационар осы аптаның аяғында іске қосылатынын айтқан. Оны да уақыт көрсетер. Керісінше, Шымкентте стационарға айнал­дырылған спорт кешені жұмысын бастап кетті. Қаладағы жеңіл атлетика спорт кешенінде 500 орындық күндізгі стационар дайындалды. Орталықта ПТР әдісімен коронавирусқа теріс нәтиже көрсеткен науқастар ем алады. Нақтырақ айтқанда, ЖРВИ және пневмония жұқтырған науқастар ем қабылдауда. Қазір стационарда 50 дәрігер мен 75 медбике жұмыс істейді. Спорт кешеніндегі жұмысты үйлестіруге Шымкенттегі №5, 6, 9, 4 емхана ұжымы жұмылдырылды. Бұл стационар таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр.

Әзірге Нұр-Сұлтан қала­сындағы спорт кешендерінің қайсысын провизорлық стацио­нарға айналдыру мәселесі ше­шіле қойған жоқ. Өйткені қа­ла­­дағы стадиондар министр айтқан талаптарға сай келмейді. Яғни, ауа райы қолайсыз. Спорт кешендерін стационар етуге даяр екенін мамырдың соңында қала әкімі Алтай Көлгінов те айтқан. Бірақ нақты шешім шыққан жоқ. Алайда елордалықтар ара­­сында спорт кешендерінің стацио­нарға айналғаны туралы қауесет тарап үлгерді. WhatsApp мессенджері арқылы қаладағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атын­дағы стадионда 600 орындық провизорлық стационар ашылғаны жайлы дерек тараған. Оған арнайы видео да қосылған. Бірақ бұл ақпарат жалған. Оған тіркелген видео Нұр-Сұлтан қаласында емес, Павлодардағы «Баянтау» спорт кешенінде түсірілген.

Айтпақшы, «Баянтау» демекші аталған кешенде стационар ашыл­ғаны рас. Онда 150 орындық триаж-орталық жұмыс істеп тұр. Атқамінерлер жедел жәрдем қыз­метінің жұмысын жеңілдетуді көз­деген. Сөйтіп, сырқаттар алды­мен осы триаж-орталыққа жет­кізіліп, мамандар нақты диаг­ноз қояды да, содан соң ғана ауру­ханаға жіберіледі. Одан бөлек, Павлодар облысының басшылығы «Мойылды» ши­пажайында жағдайы тым ауыр емес сырқаттар емделетін 500 орындық провизорлық аурухана ашты. Ақсуда 70 және 80 орындық емдеу бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Сөйтіп, бір күнде 800 адамға қызмет көрсете алатын стационар іске қосылды.

Жалпы, спорт кешендерін стационарға айналдыру жағдайдың қазіргіден де қиындаған кезде қолданылатын шара екенін ескеру керек. Екіншіден, шетелдерде стадиондардың бірқатары стационар емес, медициналық қойма рөлін атқарып тұрғаны тағы бар.

 

Шетелдерде қиын-қыстау сәтте
стадионды паналау бұрыннан бар

Шетел демекші, стадионды госпиталь етуді бастаған Қытай елі еді. Қытайда 2020 жылдың ақпанында Ухань қаласындағы «Чжуанькоу» стадионы гос­питальға айналды. Одан бөлек, қалада 1 110 орындық стационар «Хуншань» спорт орталығынан ашылды. Ал Ұлыбританияда Лондон қаласындағы ExCel көрме орталығы, Кардиффтегі «Миллениум» стадионы ста­ционарға айналған еді. Соңғысында 2 мың орын науқастарға арналды. Ал Гер­манияның Дортмунд қаласындағы «Сигнал Идуна Парк» стадионы сол төңіректегі ірі орталыққа айналды. 81 мыңнан астам жанкүйер сиятын стадион коронавирустан емдеу мен тестілеуге арналды.

Біраз уақыт коронавируспен ауырғандар саны өте мол болған Бразилияда Сан-Паулудағы «Пакаэмбу», Рио де Жанейродағы атақты «Маракана» стадионы да госпитальға айналды. Бұдан басқа, елде бірқатар ірі футбол клубтары өз стадиондарын ста­ционар етуге келіскен еді. АҚШ-та US Open теннис корт­тары да коронавируспен күреске қолданылып жатыр. Онда 300 орын бар. Корттардың бірқатары азық-түлікті сұрыптау мақсатында қолданылып жатыр. Қысқасы, стадиондар мен спорт кешендерін пандемияға қарсы күреске пайдаланып жатқан мемлекеттер аз емес. Тек барлығы бірдей оларды стационар етіп отыр­ған жоқ. Дәрі-дәрмек, ме­ди­циналық құрал-жабдықтар сақ­тай­тын қойма, логистикалық орталық ретінде де қолданып жатқандар бар. Әрі стадиондарды пандемия өте қарқынды жайылған елдер көбірек қолданды. Ал Қазақстанның стадиондар мен спорт кешендерінен бөлек шипажайларды да пайдалану мүмкіндігі бар. Тек шипажайларды COVID-19-бен күресте қолдану туралы ақпарат сирек.

 

Түйін:

Стадиондар мен спорт кешен­дерін індетпен күресте пайдаланудың жаһандық тәжірибесіне назар аударсақ, оларды пайдалану халқы көп елдерде кездесіп жатыр. Әрі олар табиғи және техногендік апатты стадиондарды адамдар паналайтын орын ретінде жиі пайдаланады. Қазақстанда мұндай рөл әдетте мектептердің еншісіне тиетіні бар. Алайда жұқпалы індетпен күрес үшін мектептерді пайдалану тиімсіз екені даусыз. Бірақ қонақүйлерді не себепті стационар ретінде көптеп пайдаланбай отырғанымыз сауал туындатады. Шамасы, қонақүй иелері өз бизнес нысандарын беруге тым құлықты болмайтын шығар. Әлде, ақы сұрай ма екен?! Ол жағы беймәлім. Ал стадиондарды стационар ету сырт көзге шетел­дердің ісін қайталау сияқты болып көрінетіні бар.

 

Ардақ СҰЛТАН

 

 

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.