Одан бөлек, елтаңба мен тудың суреті бар сүлгілер, кілемдер де жетіп жатыр. Бұл өз кезегінде әлеуметтік желіде талқыланып, көп азаматтардың наразылығын тудырды. Осыған байланысты заң не дейді? Өзге елдерде аталған әрекетке байланысты жауапкершілік қарастырылған ба? Мәселеге бойласақ.
Компания ұсынған тауарлар
Компанияның онлайн дүкеніне (amazon.nl) кіре қалсаңыз, мемлекеттік рәміздер бейнеленген дәретхана жабдықтары мен аяқ астына төсеуге арналған тауарлардан көз сүрінеді. Сайттағы дерекке үңілсек, тауарларды RomaniaGH атты өндіруші компания ұсынған. Компания ұсақ тауарларға бейнелер салып шығару арқылы танылған екен. Енді еліміздің туы бейнеленген тауарлардың бағасына тоқталсақ. Бұйымдар шамамен 17 доллардан, яғни 7 мың теңгеден басталып, өсе береді. Мысалы, сатылымдағы кілемнің бағасы 28,94 еуроға (13 мың теңгеден асады) бағаланған. Ол аз десеңіз, қол сүртетін орамал мен ваннаға арналған перделерде, шұлық, қысқа шалбар және бетпердеде тудың суреті бар. Қысқа шалбар 29,16 еуро тұрса, ту бейнеленген шұлық 12,94 еуродан сатылып жатыр. Дүкен ассортиментінде Қазақстанға қатысты тауарлардың мол екенін айттық. Әлеуметтік желіде талай уақыттан бері талқыға түссе де, жауапты орындар әлі ресми жауап бермеген. Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді құрметтемей, мазаққа айналдырғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырылған. Қылмыстық кодекстің 372-бабы, яғни Мемлекеттік рәміздері туралы заңда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Бірақ бұл заң шетелдік компанияның сауда-саттығына әсер ете алмауы мүмкін. Себебі Қазақстанда шетелдік компанияның саудасына белгілі бір норма арқылы әсер ету жайы көрсетілмеген. Сондықтан құзырлы органдар компания сайтындағы тауарларға байланысты қандай да бір шара қолдана ма, ол жағы әлі белгісіз болып тұр. Бірақ дүкен қазақстандықтарға ұнайтын тауарларды да сатып жатыр. Мәселен, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы және еліміздің флорасы мен фаунасы, бүркітшінің суреті бар перделер де сатылымға шыққан. Одан бөлек, ескере кететін тағы бір жайт бар. Дәретхана жабдықтары мен түрлі бұйымдарға тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің көптеген елдерінің туы бейнеленіп сатылып жатыр. Олардың қатарын алпауыт елдер де толықтырған. Осы тұста біз өзге елдердің осы мәселеге қатысты көзқарасын бажайлап көрген едік.Өзге елдердегі көзқарас
Әртүрлі тауарларға туды бейнелеуге қатысты өзге елдерде де нақты тұжырым жоқ екен. Демек, екі жақты пікір қалыптасқан. Біреу оны абырой санаса, келесісі заңсыздыққа балайды. Киім сататын дүкендерге бара қалсаңыз, АҚШ-тың немесе Ұлыбританияның туы бейнеленген киімдерді ұшыратасыз. Жасыратыны жоқ, олардың қатарында ішкиім де бар. Оны мақтаныш санайтындар жетерлік. Мысалы, америкалық телешоулардан сол елдің туы бейнеленген ішкиім, жейде, баскиімді көп кездестіреміз. АҚШ-та бұл құбылысқа байланысты екі ұдай пікір бар. Мұнда да туға қатысты кодекстер қарастырылған. Ел азаматтарының бір бөлігі бұл кодексті заңды жауапкершілік жүктейтін күші болмаса да қатаң ұстанады. Кодекс талаптары бойынша ілулі тұрған АҚШ туы жерге, еденге немесе суға тимеуі керек, абайсызда тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануы тиіс. Америка байрағы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан бір қарыс биік тұруы қажет екен. Тіпті, белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлға мен беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету мақсатында да оны төмен түсіруге болмайды. Америкалықтар тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар салдарынан бүлініп қалмауына қатты көңіл бөледі. Мемлекеттік ту жыртылып қалса, қандай да бір зақым келсе пайдалануға жарамсыз деп табылып, өртелу керек. Себебі америкалықтар үшін рәміздің қоқыста немесе аяқтың астында иленіп жатуы – үлкен қорлық. Алайда АҚШ туының ішкиімде, суға жүзуге арналған костюмде бейнеленуі нені білдіреді? Бұл туралы АҚШ-та білім алған «Болашақ» стипендиясының иегері, UCSD Extension университеті жанындағы тіл курсының түлегі Әсем Әлмұханбет баяндаған болатын.– Құрама Штаттарда кез келген жерде ту ілініп тұрады. Үйдің балконында, үйдің кіреберісінде, ғимараттың ең үстіңгі қабатында. Аттап бассаң, туды көресің. Бұл, бір жағынан, өз еліне деген құрмет деп ойлаймын. Адамдар туды балконына іліп қоюдан қорықпайды, ол үшін жазаланбайды. Керісінше, елге деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде қабылданады. Ішкиім мен жүзуге арналған киімдердегі туға қатысты оларда да пікір көп. Оған қатысты талай мақала шыққан. Азаматтардың көбі ішкиімге ту бейнеленгенін дұрыс деп санамайды. Бірақ оны патриотизмге санайтын америкалықтар бар. Себебі 4 шілде, АҚШ-тың тәуелсіздік мейрамында тудың суреті бар киімдердің сатылымы күрт көбейіп кетеді, – дейді отандасымыз.Қорыта айтқанда, туды аталған тауарларға бейнелеуін дұрыс не бұрыс деп тұжырым жасау қиын. Дегенмен қазақстандықтардың басым бөлігі бұл әрекетке қарсы екені анық. Оған әлеуметтік желідегі пікірлер дәлел. Себебі «жауаптылар қайда қарап отыр?» деген сарында пікір білдірген желі қолданушыларында есеп жоқ. Ал осы ісі үшін алпауыт компанияны кінәлауға бола ма, ол да құзырлы органдар еншісінде. Осылайша, патриотизмді киім арқылы танытуға бола ма, мақтаныш па, әлде шектен шыққандық па, бұл жағы да оқырман назарындағы дүние болса керек.