Шымкентте дәріге сұраныс 2500 пайызға өсті
Шымкентте дәріге сұраныс 2500 пайызға өсті
278
оқылды
Жағдай бір қала не болмаса бір облыста ғана емес, бүкіл Қазақстанда ушықты. Наурыз айында болған карантин кезінде ел азық-түлік дүкендерінің алдында кезекте тұрса, қазір дәріханалардың алдын босатпай тұр.  Онда да іздеген дәрісін таппай сандалуда. Кезінде дәріханада қалдық ақшаға ұстата салатын парацетамол мен аспирин, аскорбин қышқылы қазір емге табылмай жатыр.  Нарықты сұраныс билейді дегендей, сұранысы артқан тауардың құны да аспандай беретіні заңды. Елімізде осынау пандемия басталғанда небәрі 25-30 теңге тұратын бетперде де тапшы болып, құны бірден 250 теңгеге шарықтаған. Енді міне, сол бетпердеңіз қазір 120 теңгеден барлық дәріханада сатылып жатыр. Баяғы 30 теңге сол күйі келмеске кетті. Яғни, бар болғаны 2-3 айдың көлемінде бетперденің құнын бірнеше есеге өсіріп алдық. Қазір барына шүкіршілік етіп, сатып алып жүрміз. Қолға арналған антисептик те дәл солай. 120 теңгеден 500 теңгеге көтерілген. Қазір екеуіне қажеттілік болғанымен, дәл 3 ай бұрынғыдай емес. Енді пара­цетамолдан бастап, суыққа, вирусқа, микробқа қарсы, иммунитет көтеретін және дәрумендер мен күш-қуатты арт­тыратын, терлететін дәрі-дәрмекке сұ­раныс артқан. Елдің де сабылып іздеп жүргені осы дәрілер. Берісі Алматыдан, арысы Ресейден алдырып жатқандар да көп. Ал мұндай тәсілмен алдыра алмайтындар дертімен айқасып жатыр. Тіпті, өкініштісі қосымша дерті бар жандар бірден келген кеселді көтере алмай жан тапсырып та кетуде. О дүниелік болып жатқандардың басым бөлігіне қойылатын диагноз – пневмания. Демек, тұмаумен басталған дерт өкпеге өтіп кетуде. Рас, билік көпке дейін бұл туралы жақ ашпады. Халықтың жанайқайын естісе де естімегенсіді ме, әлде шын естімеді ме, әйтеуір дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деуден танбады. Ал жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  өзінің Twitter-дегі парақшасында «Аза­маттарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қым­баттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады», – деген болатын. Осыдан кейін-ақ, дәріханаларға жаппай тексеру шаралары басталып кет­ті. Шымкент қаласында «Левомак» медициналық препаратын 12 000 теңгеге сатқан жергілікті тұрғын полицияға жеткізілген. Ол дәріні өз бағасынан алты есе қымбатқа сатқан. Сонымен қатар дәріханада провизор болып жұмыс істейтін Шымкент қаласының тағы бір тұрғыны негізгі бағасы 600 теңге болатын «Дексаметазон-Аджио» препаратының ампулаларын 5 000 теңгеден саудалаған. Ал жоғарыда айтып өткен тиын тұратын аскорбин қышқылын 5 000 теңгеден сатқан адам да белгілі болып отыр. Шымкент қалалық Полиция департаменті жүргізген рейд кезінде  бірнеше заңбұзушылықтар анықталған. Жедел іс-шаралар барысында Шымкент қаласы Әлімқұлов көшесіндегі бес үйдің ауласынан үш қойма анықталған.  Полиция қызметкерлері мен фармацевт мамандарының бірігіп жүргізген тексеруі барысында қойма иесінің дәрі-дәрмектерді сатуға арналған арнайы лицензиясынан шикілік шыққан.  Лицензия басқа ғимаратқа арналған екен.  Демек, аталған қоймаларда дәрі-дәрмек заңсыз сақталып отыр. Мамандар қоймадан табылған дәрі-дәрмекті үш топқа бөліп, әрқайсысының қайда қолданылатыны туралы түсінік берді. Олар «Конвулекс», «Энцефобол», «Алоэ экстракт инъекция үшін» және тағы басқалар. Бұлар Қазақстан аумағында тіркелмеген және сатуға рұқсат берілмеген дәрі-дәрмектер екен. Ал екінші топ – респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған, жоғары сұранысқа ие болған «ЦЕФ 3», «Цефтриаксон», «Ингавирин», «Гордокс», «Дексаметазон» және тағы басқалар. dari-darmek Сонымен қатар мұндағы «Депакин», «Методжект» сынды тағы басқа да дәрі-дәрмектерді еліміздегі медицинада тіркеуде тұрған азаматтарға тегін берілуі тиіс болған. Тексеру кезінде белгілі болғандай, қоймадағы дәрі-дәрмектердің сақталуына ешқандай жағдай жасалмаған және сақталу талаптарын өрескел бұзып отырғанын анықтаған.  Яғни, дәрі-дәрмектер емдеу қасиеттерін жоғалтып, адам өміріне қауіп төндіреді. Осынау рейд кезінде полицейлер фармацевт мамандарының қатысуымен 229 дәрі-дәрмектің түрін айғақты зат ретінде тәркілеген. Олардың ішінде «ЦЕФ 3» – 130 қорап, «Ингавирин» – 80 қорап, «Дексаметазон» – 4 ампула, «Алоэ экстракт инъекция үшін» – 120 қорап,  «Методжект» – 480 қорап, «Глюкоза» таблетка – 3 120 тақтайша,  «Глюкоза» – 27 бөтелке, «Стекловидное тело» – 2 160,  «Парацетамол» – 18 қорап, «Ферсинол» – 2 160 және 2 160 «Аскорутин»  бар. Міне, көріп отырғандай, аталған дәрі-дәрмектер қазіргі таңда ең қат болып, жұрттың сабыла іздеп жүрген препараттары. Ал тәубесін ұмытқандар осылайша қоймаға тығып, бағаның бұдан әрі де көтерілгенін күтіп отыр ма, кім білсін?! Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов те бірқатар фармацевтикалық ком­панияларды көріп қайтты. Жалпы, фармкомпания басшылықтарының сөз­деріне сенсек, қалаға күн сайын тонналап дәрі-дәрмек келіп жатыр. Дегенмен алушылардың шектен тыс көбеюі дәрі жеткізе алмаушылықты туғызуда. Шымкент қаласы бойынша жалпы 740 дәріхана бар. Қала басшысының айтуынша, бүгінде жергілікті билік оның 300-ге жуығын бақылауда ұстап отыр. Қалғандары жекеменшік бағытта, өздерінің қалауы бойынша сауда істейді. Ал «Зерде», «Муратфарм» және «Еурфарма» сынды жүйелік  ірі компаниялармен әкімдік келісімшартқа отырған. Мұрат Дүйсенбекұлы қалада рейд жүргізу кезінде бірқатар жайтқа көз жеткізгенін айтып өтті. Алыпсатарлардың көп екені, бағаны 5 есе жоғары қойып сатып жатқанын мойындайды. «Ақ Ниет» ЖШС бас директоры Ержан Ниязалиевтің айтуынша, қаладағы 4 аудандағы 70 емдеу-сауықтыру орнына тиісінше қажетті дәрі-дәрмек жеткізіп тұрған. «Бүгінгі таңда қызметкерлеріміздің 25 пайызы ауырып жатыр. Мәселен, осы бөлімдегі 40 қызметкердің 10-ы жоқ. Алайда соған қарамастан, бар күшті жұмылдырып жоспарды орындаймыз. Шымкенттегі 52 дәріханаға препарат жеткіземіз. Қазіргі таңда дәрі жетіспеушілігінің себебі – сатып алушылар 1-30 маусым аралығында 2 500 пайызға көбейген. Алып жатқан дәрілері бұрын дәріханаларда тұратын. Тіпті, біз қазан айында осы дәрілеріміз өтпей қала ма екен деп қорыққан да едік. Сонымен қатар дәрілерді науқас адамның ғана емес, басқа да жандардың шектен тыс алуы дүрбелең тұғызуда. Әзірге қоймада дәрілер бар. Жолда қаншасы келе жатыр. Елдің дүрлігуіне негіз жоқ, шыдамдылықпен күтсе деп айтар едім», – дейді ол. Ал  «Зерде Фарма» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Битеміровтің айтуынша, бүгінгі таңда қоймаға 6 жүк көлігімен дәрі-дәрмек келген. 42 желілік дәріханасы бар компания қаладағы 200 дәріхананы қамтып отыр. «Иә ауырып жатқандар көп. Сондықтан мекемедегі 6 көлік күні бойы тоқтаусыз тасымалдаумен айналысып үлгере алмай жатыр. «Зерде Фарманың» 42 дәріханасынан күн сайын 32 мың адам дәрі сатып алуда. Препараттар дәріханаларға жеткізілген сәттен өтіп кетіп жатыр. Дегенмен сонымен дәрі бітті деген сөз емес. Ертесіне тағы барады. Осы жағын да еске салсаңыздар дейміз», – дейді фармкомпания басшылары. Бұдан бөлек, күні кеше «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов бастаған партиялық бақылау тобы да рейд шараларын жүргізіп, біраз былықты  көзбен көрді. Партиялық бақылау барысында бағаны қолдан өсіру белгілі болған. Сонымен бірге  кей дәріханаларда қажетті дәрілер мүлдем жоқ болып шыққан. Ал барының құны белгіленген бағадан қымбат. Бахадыр Мәделіұлы тұрғындарға чекті талап етіп, бағаны көтерген кәсіпкердің үстінен құзырлы органға арыздануды сұрайды. Иә, дегенмен түптеп келгенде дәрі жетіспеушілігіне жергілікті биліктен бұрын жоғарыдағы құзырлы органның жүйесіздігі себеп болып тұр. Тоз-тозы шыққан денсаулық сақтау министрлігінің дәл бүгін әбден бетпердесі ашылды. Дәрінің бағасы бетімен кетті, тұрғындарының денсаулығы айтпаса да белгілі. Дәріні негізінен шетелден лицензиясы бар ұйымдар алып келеді. Ал лицензияны беретін – Денсаулық сақтау министрлігі. Бақылайтын – осы министрлікке қарасты медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті. Айналып келгенде, балық басынан шіріп отыр...  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы