Ішкі көші-қонда нені ұмыттық?
Ішкі көші-қонда нені ұмыттық?
443
оқылды

Ел экономикасын көтеруде, саяси ахуалды қалыпты ұстап тұруда көші-қон саясатының рөлі зор. Әсіресе, ішкі көші-қон саясаты сыр берсе, ел ішінде әлеуметтік проблема туындайды, қылмыс өршиді. Сондықтан бұл – өте нәзік мәселе. Ендеше, ел ішіндегі көші-қон саясаты қалай жүргізіліп жатыр деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Қазақстан Республикасы кө­ші-­қон саясатының 2017-2021 жыл­дарға арналған тұжырым­да­масында ішкі мигранттар саны 2012 жылы 337,8 мың адамнан 2016 жылы 610,7 мың адамға дейін көбейгені айтылған. Көріп отыр­ғанымыздай, ішкі көші-қон қар­қын алып отыр. Әдетте, халық жоғары жалақы мен жақсы өмір сүру үшін көшіп-қонады. Бұл орайда, қазақстандықтар үшін жай­лы да табысты өңірлер ба­сында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, сосын Алматы, Маң­ғыстау және Қарағанды облыс­тары тұр. Осы өңірлерге қоныс аударушылардың ең көп үлесі елдің оңтүстік өңірлеріне тиесілі болып отыр. Бұл біз тілге тиек еткен тұжырымдамада айтылады. Алайда соңғы уақытта Қарағанды облысы жайлы да табысты өңір санатынан сызылып қалатын түрі бар. Себебі, статистикалық де­рекке сүйенсек, 2018 жылы атал­ған облысқа 37 581 адам келіп, облыстан 49 180 адам кеткен. Рес­публиканың басқа аймақ­та­ры­нан келгендер саны – 17,1 па­йызға, ал облысаралық көші-қон ағымында кеткендер саны 9,4 пайызға азайған. Ал елорда, әдеттегідей, табысты қала мәрте­бесін сақтап тұр. Биыл қаңтар-ма­мыр айларында астанаға 60 155 адам келіп, 49 586 адам кеткен. 2018 жылмен салыстырғанда ­Нұр-Сұлтан қаласына келгендер саны – 70,1%, кеткендер саны 60,1%-ға көбейіпті. Қаланың негізгі көші-қон алмасуы өңіра­ралық көші-қон есебінен қалып­тасқан: келгендер – 29 479 адам, кеткендер – 18 543 адам. Елорда халқының көші-қон өсімінде Ақмола (21,2%), Қарағанды (9%), Түркістан (11,8%), Шығыс Қазақ­стан (7,8%) облыстары мен Ал­ма­ты қаласының (7,5%) үлесі басым.

 

Арнайы жобалардан қайыр бар ма?

Бүгінгі таңда ішкі көші-қонда ауылдан қалаларға қоныс аудару басым болып тұр. Бұл урбанизация үдерісіне ықпал етеді. Екінші жа­ғынан халықтың қалаларға сти­хиялы түрде қоныс аударуы жа­ғымсыз әсерлермен толығуы мүм­кін. Көшіп келген ауыл хал­қының біліктілігі, көп жағдайда төмен және еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейді, бұл жұмыссыздық пен заңсыз жұ­мыспен қамтылуға алып келеді. Қалалар мен қала маңының жү­йесіз өсуі экологиялық, көліктік, баспана және әлеуметтік проб­лемаларды туындатады. Осындай проблеманың алдын алу үшін әдетте түрлі жобалар жүзеге асы­рылады. Соның бірі – «Диплом­мен ауылға!» жобасы. 2009 жылдан бері ауылдық елдімекендерге жұмыс істеу және тұру үшін кел­ген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мә­дениет және спорт, агроөнеркәсіп кешені мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. Олар үшін 70 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу; тұрғын үй алуға және салуға 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен мерзімі 15 жылға 1 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджеттік кредит беру көзделді. Аталған жоба шеңберінде ауылдық жер­лерге тұруға және жұмыс істеуге 46 мың маман көшіп барды. Одан кейін «Серпін – 2050» білім беру бағдарламасы қолға алынды. 2014-2016 жылдар аралығында осы бағдарлама бойынша рес­публикамыздың 8 облысындағы 22 жоғарғы оқу орны мен 54 кол­леджіне 11 мың студент еліміздің 5 өңірінен келіп білім алды. Одан бөлек оңтүстік халқын солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс­тан­дыру саясаты қолға алынды. Түр­кістан облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, өткен жылы оңтүстік­тен 1 768 адам солтүстікке қоныс аударған. Солтүстік облыстарда халық аз. Игерілмей жатқан ауыл­­шаруашылық жерлері же­терлік. Мемлекеттік және бюд­жеттік мекемелерде бос жұмыс орындары бар. Кәсіп ашамын дегендерге тиімді пайызбен несие бөлінеді. Бастысы, қоныс аударушының жұмысқа деген ынтасы болса жетерлік. Бұл жоба миллиондар мекенінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге тиімді, себебі мемлекеттен қол­дау бар. Міне, осы тектес бірнеше жоба бар. Енді сол жобалар мен бағдарлама­лар­дың іс жүзінде қандай нәтиже бергенін сараптау қажет-ақ.

 

Шекаралық өңірдегі ахуал алаңдатады

Қазіргі уақытта елдің солтүстік өңірлерінде (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) халық саны (барлығы шамамен 2,2 млн адам) және орналасу тығыздығы 6,8 млн адам тұратын оңтүстік өңірлермен (Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары) салыстырғанда едәуір аз. Алдын ала болжам бойынша, 2050 жылға қарай солтүстік өңір­лердің халқы 0,9 млн адамға аза­йып, оңтүстік халқы 5,2 млн адам­ға артады. Оның үстіне, солтүстік өңірлерде егде жастағы адамдар үлесі артқан. Қартаю индексі Сол­түстік Қазақстан облысында – 53,1, Қостанай – 51,1 және Шы­ғыс Қазақстан об­лыс­тарында – 46,2 пайыздан жоғары, ал оңтүс­тікте керісінше егде жастағы адам­дардың саны көп емес (Түр­кістан облысында – 12,1, Қы­зылор­да облысында – 14,9 пайыз).

Ішкі көші-қон туралы сөз қозғағанда, шекаралас аймақтар­ды да ұмытпау маңызды. Саясат­танушы Ерлан Саировтың ай­туынша, Шығыстағы Қатон­қа­рағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы өңірлерінен ел көптеп көшіп кеткен. «Мысалы бұрынғы Мар­қакөл ауданында осыдан 30 жыл бұрын 27 мың адам тұрған. Қазір 6 мың адам қалған. Мұны гума­нитарлық проблема деуге болады. Дәл осындай проблема Алматы облысының шекаралас аумағында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қысқарып қалған аудан­дарды қайта құру қажет. Содан кейін шекаралық аймақтарды да­мыту жөніндегі мемлекеттік бағ­дарлама жасау керек», – дейді ол. Демек, бізге оңтүстік халқын солтүстік пен шығысқа ғана емес, шекаралас аймақтарға қоныс­тандыру саясатын да ойластыру керек болады.

 

Шетел тәжірибесі қандай?

Ішкі көші-қон саясатын жүр­гізуде халықаралық тәжірибені зерттеудің көмегі зор. Дамыған мемлекеттер ішкі көші-қонды тұрақты жұмыспен қамтудың және кедейлікке қарсы іс-қимыл жасаудың тиімді тетігі ретінде қарастырады. Мәселен, Қытайда Кедейлікпен күрестің 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы бар. Осы бағдарлама шеңберінде жыл сайын 2 млн адамды қайта даярлау, өндірісте жұмыс тәжіри­бесі бар 6 млн адамды жұмысқа орналастыру, 2 мың адамды қолайсыз аудандардан қоныс аударту жүзеге асырылады. Қоныс аударушылар үшін экономикалық қолжетімді баспаналар салып, баспананы жалға алу мүмкіндігі беріледі. АҚШ-та мемлекет ішінде көшіп-қону салықтық стимулдар арқылы жүргізіледі. Мәселен, көшетін жұмысшы мен оны жалдайтын жұмыс беруші үшін салықтық жеңілдік беріледі. Жұмысшыға қоныс аударуына байланысты негізгі шығындар бойынша салықты шегеріп қалу құқығы, ал жұмыс берушіге жұ­мыс­қа қабылданған қоныс ауда­рушылар қатарынан әрбір қо­сым­ша адам үшін жылына 3 000 дол­ларға дейін салық жеңілдігі жа­салады. Австралияда егер про­винцияға қоныс аударсаңыз, ел қазынасынан бір рет 6 000 доллар беріледі. Ал егер ел астанасына көшетін болсаңыз, небәрі 3 000 дол­лар аласыз. Бұл қаражатты жалдау, коммуналдық және көлік қыз­мет­терін төлеуге жұмсауға болады. Ка­наданың Саскачеван провин­циясында білімдарлардың сол өңірден кетуін болдырмау үшін оқуды енді бітірген түлектерге өңір аумағында 7 жыл бойы тұру және жұмыс істеу шартымен 20 000 доллар ұсынылады.

Әрине, біздің елде ішкі көші-қон үшін берілетін қолдау қаржы аса көп емес. Соның салдарынан ба, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен шығысқа, солтүстікке көшіру жұмыстары аса қарқынды дей алмаймыз. Қолдау қаржы қомақты болса, көшуге ниеттілер көбеюі мүмкін. Әйтпесе, қазіргі қолдау шаралары қолдаудан бұрын мәжбүрлеуге көбірек ұқсайтындай.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осы күнге дейін оң­түстіктен солтүстік пен шығысқа 900 адам көшкенін айтқаны бар. Халық саны күрт азайып бара жатқан солтүстік пен шығыс өңір­лері үшін 900 адам өте аз, әрине. Айтқандай, министр «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы барын да еске салды. Ал «Еңбек» бағдар­ламасына Нұр-Сұлтан қаласы да енгізілген. Соңғы бағдарлама шеңберінде елордадан 77 адам солтүстікке қоныс аударыпты. Осы санның өзі ішкі көші қон бағдарламасындағы қолдау қаржыны әлі де көбейту қажет екенін көрсетіп отыр. Ол үшін бюджеттен қаржы аяудың қажеті жоқ. Себебі, сәтті ойластырылған көші-қон саясаты экономикалық өсіммен қайтарылады.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ