Текеліліктер тартуы
Текеліліктер тартуы
224
оқылды
Астана күніне арналған салтанатты жиынға елдегі жағдайға байланысты көп адам қатыса алмағанымен, әлеуметтік желілер арқылы тамашалап, жылы лебіздерін білдіргендер саны баршылық. – Қадірменді, жетісулықтар! Барлық­тарыңызды еліміздегі ерекше мереке Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Халық игілігіне қызмет ететін нысандар қатары көбейе берсін. Қаламызда бүгін Ту тұғырдан бөлек, 6 спорттық алаң ашылды. Рудничный ауылында жастарға арнап футбол алаңы салынды. Осындай халыққа арналған жобалар келешекте де іске аса бермек. Көк байрағымыз биікте мәңгі желбірей берсін, – деген Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев Мемлекеттік Ту көтеру мәртебесін текелілік жас спортшы, каратэден әлем чемпионы Асемай Акранбекке ұсынды. Аталған жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған. «Нұрғазы құрылыс» ЖШС жүргізген жұмыстарды атқарғандардың үшеуі жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етіпті. Дәл сол күні Төлеби көшесіндегі спорт алаңының ағымдағы жөндеу жұмыстары да аяқталды. Осы жерде Бақтияр Әлтайұлы спорт алаңында жүрген балаларға доп таратып, «Барлығы да сіздер үшін. Ертең чемпион болып, елімізді  әлемге танытасыздар. Сондықтан таңнан кешке дейін смартфонда отыра бермей, қанекей футбол, баскетбол ойнаңдар» деп кеңес берді. Текеліде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд 837 млн 10 мың теңгенің 13 жобасы қолға алынған. Мемлекеттік бағдарлама арқылы «Көктөбе» бақылау алаңында биіктігі 12 метр­лік Ту тұғыр орнату мен алаң айналасын абаттандыру жұмыстары аяқталып, 12 маусым күні қолданысқа берілгенін жоғарыда жаздық. Қора өзенінің жағалауына күн энергиясынан жарықтанатын шамдар орнату, қала аумағын кеңейте отырып, қалалық зираттың қоршауын күрделі жөндеуден өткізу секілді жобалар да іске асырылуда. Қазіргі уақыттаТекелі қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 99 адам аталған нысандар бойынша құрылыс жұмыстарына тартылған.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы