Атырауда оқушылар мен жастар сарайы ашылды
Атырауда оқушылар мен жастар сарайы ашылды
263
оқылды
Оқушылар мен жастар сарайы «Шеврон» компаниясының демеу­шілігімен салынды. Аумағы 18 833 шаршы метр аталмыш ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталып, белгіленген мерзімде аяқталып отыр. Ғимарат астыңғы қабаттан бөлек, 4 қабаттан тұрады. Мұнда шығармашылық қызметтің барлық түрімен және спортпен айналысуға, сондай-ақ әртүрлі үйірмелерге қатысуға жағдай қарас­тырылған. Сондай-ақ  сарайда  ғылым мен техника, өнер, мәдениет  және спорт салалары бойынша жеті бағытта 63 үйірме жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, спорт саласында  футбол,  суда жүзу, жеңіл атлетика,  күрес түрлерінен үйірмелер болса, өнер саласында  хореография, ән айту, сурет салу, керамика үйірмелері бар. – Пайдалануға беріліп отырған ғимаратта үйірмелерден өзге  ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз туралы мағлұмат алуға,  планетарийден аспан әлемімен танысуға және тағы да басқа қарым-қабілетті дамытуға бар мүмкіндік жасалған. Жалпы алғанда, тәулігіне  2 ауысымда 1 500 бала өнермен, спортпен, шығармашылықпен шұғылдана алады. Оқушылар мен жастарды түрлі бағытта дамыту үшін сарайда екі жүзден астам мұғалім жұмыспен қамтылмақ, – деп түсін­дірді Қалалық білім бөлімінің өкілі. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Оқу-әдістемелік қамту және білім беру бағдарламаларын дамыту бөлімінің басшысы Злиха Қадыр­байқызы жаңа орталықтан зор үміт күтеді. –Бас қаламыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай Аты­рау өңірінде жаңадан жастар мен оқушыларға арналған зәу­лім шығармашылық орталық ашылып отыр. Осы орталықтың ашылуына демеуші болған бар­лық кәсіпкерге, мекемелерге, әсіресе қолдау білдірген облыс әкімдігіне біз ата-аналар, білім саласының қызметкерлері, жалпы Атырау жұртшылығының атынан ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Болашақ ұрпақка арналған мемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жү­зеге асырамыз. Үлесімді қосамын деген әрбір оқушыға, әрбір жасқа өзінің кіші жобасын немесе ғылыми ізденісін осын­дағы IT бағдарламалық үлгі­де жасақталған кабинеттерде жүзеге асыруына жол ашылады. Орталықтың ашылуы өңіріміздегі оқушыларды қосымша біліммен қамтуға, олардың бос уақытын ұйымдастыру көр­сеткішінің артуына септігін тигізетіні анық. Жастар мен оқушылардың шығармашылық орталығы Нұр-Сұлтан қаласының туған күнінде ашылған орталық ретінде тарихта қалады деп есеп­теймін, – деді ол. Оқушылар мен жастар сарайы қазіргі эпидемиологиялық жағ­дайға байланысты өз жұмысын 1 қыр­күйектен бастайды.  

Тұрсын  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

  Okyshi sarai