Өтініштер түгел орындалады
Өтініштер  түгел орындалады
141
оқылды

Тараз қалалық партия филиалындағы депутаттық фракциясының мүшесі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Марат Смаилов қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Кездесуге келген азаматтар түрлі мә­селелер бойынша өтініш-тілегін айтты. Қоғамдық қабылдаудың алғашқы қонағы Владимир Киров №2 қалалық аурухана қызметкерлеріне наразылығын білдірді. Оқыстан құлап, аяғын ауыртып алған ол №2 қалалық аурухана қызметкерлері қызмет көрсетуден бас тартқанын айтып шағымданды. Дәрігерлер тұрғылықты №9 қалалық емханаға барып көрініп, жарақаты ауыр болса №1 қалалық ау­руханаға жолдама беретінін айтыпты. Өз кезегінде Марат Смаилов №9 қалалық емханасының бас дәрігерімен сөйлесіп, науқастың тезірек ем алуына қол ұшын берді.

Орталыққа келген жалғызбасты ана Қаракөз Кабылбекова атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін айтып, осы мәселе оң шешімін тапса екен деген тілегін жеткізді. Оған қалада мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмағандықтан, зей­нетақы жинақтау қорында да қаражаты жоқ болғандықтан, атаулы әлеуметтік көмек берілмеген екен. Көмекке зәру ананың айтқан өтінішін мұқият тыңдаған Тараз қалалық мәслихатының депутаты Марат Смаилов бұл мәселені уәкілетті органдарға бағыттап, оның оң шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.

Қабылдауда болған Перизат Батыр­бекқызы да жәрдемақыға құжат өткіз­генімен әлі күнге ақшасы түспей жат­қанына наразылық білдірді. Көпба­лалы ананың құжаттары қайтадан ретке келтіріліп, толық рәсімделген соң жәрде­мақы алдағы тамыз айында түсетін бол­ды.

– Әрине, бүгінгі күні орталыққа жеке мәселелерімен келетін азаматтардың қа­тары көп. Дегенмен оларға арнайы ма­мандар жауап беріп, кез келген мәселе бойынша түсіндірме жұмыстары жүр­гізілуде. Орталыққа атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сауалдар көптеп жол­данады. Қалалық жұмыспен қамту ор­талығы арқылы бұл мәселе бойынша барынша түсіндірме жұмыстарын ширату керек. Оның үстіне кей азаматтар табыс көзіне байланысты шеттетіліп жатады. Бұл мақсатта қала әкімдігімен бірлесе оты­рып, бірнеше жиын өткізіп, тұр­ғын­дарға түсіндіру жұмыстарын өткіздік. Сондай-ақ Nur Otan партиясы Тараз қа­лалық филиалы, Тараз қалалық мәсли­хатының депуттатары да барынша көмек көрсетіп жатыр. Осындай қоғамдық қабылдаулар арқылы тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге дайынбыз, – дейді Тараз қалалық мәслихатының депутаты Марат Смаилов.

Іс-шара қорытындысы бойынша көптеген сұрақ сол жерде шешімін тапты, әдістемелік және тәжірибелік ұсыныстар берілді.

 

Жамбыл облысы