Жалған ақпарат жарға жығар
Жалған ақпарат жарға жығар
272
оқылды

Адам баласы жоқ жерден проблема тапқыш-ақ. Оларды «Сау басқа сақина тілеп алушылар» дейді. Одан кейін жүргені отқа да, сотқа да тү-сіп. Соңғы кез­дері ұялы телефонмен, әлеуметтік желіде, мес­сенд­жерде және басқа да қосымшаларда қоғамдық қауіпсіздікке қауіп-қатер туғызатын азаматтарға, ұйымдар мен мемлекетке зиян келтіретін жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кеткен.

Осы әрекеті үшін қыл­мыс­тық жауаптылық барын әркім бі­ле бермейтіні қынжылтады. Қылмыстық кодексте жалған ақ­парат таратқаны үшін 10 жыл­ға дейін бас бостан­ды­ғы­нан айыру түріндегі қыл­мыс­тық жауаптылық көзделген 274-бап бар. Негізі терроризм актісі туралы жалған хабарлама деп шындыққа жанаспайтын мәлімет ұғынылады. Бір жерде бом­ба қойылған деп хабар­лау түріндегі қалжыңның өзін құқық қорғау органдары алты жыл­ға дейін бас бостанды­ғы­нан айыру түріндегі жаза көз­дел­ген қылмыс ретінде сара­лай­тынын есте сақтаған жөн.

Мысалдарға көшсек. Сәт­паев қаласының сотында жа­рыл­­ғыш зат туралы жалған ақ­парат берген ер адамға қа­тыс­ты үкім шықты. Орталық ал­леяда арақ ішіп отырған оның шарадай басына терро­ризм әрекеті жайында жалған ақ­парат беру туралы ой келеді. Содан ұялы телефонмен 101 нөмірі арқылы қаланың өрт сөн­діру бөліміне қоңырау ша­лып, «Престиж» дүкенінде бом­ба бар» деп, телефонын тас­тай салады. Бір қоныраудың кесірінен ол сот үкімімен үш жыл­ға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Осын­дай жалған хабар берген Маң­ғыс­тау облысының тұрғыны 2 жыл 6 айға темір тордың арғы жағынан бірақ шықты. Ол да ұялы телефонынан 102 нөмі­рі­не хабарласып, дүкенге бом­ба қойып кеткені жайлы жал­ған мәлімет айтқан. Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасының ақпараты бойынша, тек соңғы екі жылда Атырауда жарылғыш құрылғы салынғаны туралы 6 жалған хабарлама түскен. Бұл қылмыстың барлығы ашыл­ған.

Әйел адамдар да бұл ста­тис­­тиканы «жетілдіре» түскен. Астанада 38 жастағы келіншек күйеуінің жұмыс орнына бом­ба қойылғаны туралы жал­ған хабар беріп, шұғыл қызметтер­ді аяқтарынан тік тұрғызған болатын. Мәлім болғандай, Нұр-Сұлтан ІІД-нің жедел бас­қару орталығына қаладағы биз­нес-орталықтардың бірі­нің күзетшісінен хабар түскен. Оның жұмыс телефонына бел­гісіз әйел қоңырау шалып, ғи­мараттың үшінші қабатына бом­ба қойылғанын айтқан. Сөйт­сек, оған күйеуінің жұ­мыс кестесі мен оған сыйлас­тық­пен қарамайтын ұжымы ұна­­­­маған. Әйел оларды осын­дай әдіспен жазалағысы кел­ген. Бұл кісінің үстінен де 273-бабына сәйкес қылмыс­тық іс қозғалды.

Қылмыстық заң­на­ма талаптарына сай, жалған хабар таратқан ада­мға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш­ке, яғни 346 200 тең­геден 865 500 теңгеге дейін айыппұл салу жә­не жеті жылға дейін бас бос­тандығын шектеу жазасы қа­рас­тырылған. 

Ал Оралда жалған шақырту ке­сірінен полицейлер Карев пен Мұхит қиылысындағы жол учаскесін жауып тастады. Жал­ған бомба туралы хабарла­ған адам анықталуда. Жаңа­ө­зен­­де сауда орталығына бом­ба қойылды деп жалған ақ­па­рат таратқан күдікті ұсталды. Оқи­ға 17 шілде күні болған. 1986 жылғы азамат сағат түнгі 22.05-те өзінің ұялы теле­фо­ны­мен Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығына қоңырау шалып, «Самал» шағын ауда­нын­да орналасқан «Зиба» сау­да орталығының жер­төле­сін­де бомба қойылғанын ха­бар­лаған. Ойын-сауық орта­лы­ғының ішінен 80 адам эва­куацияланып, айналасы 500 метр қашықтық қоршауға алы­нып, іші-сырты тексеріл­ген. Алайда ешқандай жарыл­ғыш зат табылмаған. Жалған ха­барлама берген күдікті сол күні қолға түскен.

Ақтөбе қалалық соты 69 жас­тағы зейнеткерге үкім шы­ғарды. Тергеу органдары Жақ­сы­лық Батановқа Қылмыстық ко­декстің 273-інші, яғни «Тер­роризм актісі туралы жалған ха­барлау» бабымен айып тақ­қан еді. Оны рақымшылық заңын қолдана отырып, түпкі­лік­ті 10 ай 16 күнге соттады. Ол жазасын қоныс колония­сын­да өтемек. Бұған қоса зей­нет­кер «жарылғыш қойылды» деп әлекке түскен мекемелерге 1 ай ішінде 360 мың теңге тө­леуі тиіс. Өйткені сол күні оқи­ға болған жерге 43 полиция мен 16 техника барған.

Терроризм актісі туралы жал­ған ақпараттан кейін ат­қары­латын қауіпсіздік шара­лары бойынша ішкі істер бө­лі­міне, төтенше жағдайлар бө­лі­міне, жедел құтқару қыз­ме­тіне едәуір материалдық шы­ғын келеді. Сонымен қатар қазіргі кезде қылмыстық қу­да­лау органдарымен тех­никаның дамуына байланысты қылмыс­керді анықтау ешбір қиындық туғызбайды. Қылмыстық заң­на­ма талаптарына сай, жалған хабар таратқан ада­мға 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш­ке, яғни 346 200 тең­геден 865 500 теңгеге дейін айыппұл салу жә­не жеті жылға дейін бас бос­тандығын шектеу жазасы қа­рас­тырылған. Міне, «бір қоңы­рау» өміріңіздің тас-тал­қанын шығаратынының тағы да дә­ле­лі. Олай болса, жал­ған ақ­па­рат жарға жыға­ты­нын ойлап қой­ғаныңыз жөн!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ