«Күн сайын зілтемір көтеріп шынығамын» – 60 жастағы чемпион ауыр атлетикамен шұғылданудың ерекшелігін айтты  
«Күн сайын зілтемір көтеріп шынығамын» – 60 жастағы чемпион ауыр атлетикамен шұғылданудың ерекшелігін айтты  
Фото: Интернеттен алынды
237
оқылды
70-тен астам спортшы мен параспортшылар, кәсіпқойлар мен әуесқойлар келіп, спортпен айналысады. Барлық дерлік спортшы Қазақстанда және әлемдік аренада пауэрлифтинг және орындықта жатып көтеру бойынша жетістіктерге қол жеткізген.    width= Олардың ішінде жасы 60-қа таяған Бақыт Құдайбергенова да бар. Оны спортшылар «Бақыт апа» деп атайды. Оның өмірінде спорттың алар орны ерекше. Аптасына үш-төрт күнді жаттығуларға арнайды. Бақыт бала кезінде аяғын сындырып алған. Сол сынықтан мүгедек болып қалған. Ұзақ уақыт арбаға таңылды. Оны ата-анасы аяққа тұрғызуға тырысқанымен, ем қонбады. Дәрігерлердің көмегінен нәтиже шықпады. Мектеп бітіргеннен кейін де Бақыт емделуді жалғастырды. Үздіксіз емнен кейін екі аяққа тұруға талпынды. Сенім пайда болды. Жақсылықтан үмітін үзбеді.
«Әр түрлі емдеу әдістерін қолданғаннан соң, үлкен қиындықтардың нәтижесінде балдақтардың көмегімен жүре бастадым. Сол кезде мен мүгедектігі бар адамдар спортпен айналыса алатынын біліп, оған қызығушылық таныта бастадым. 1992 жылы Маңғыстауда алғаш рет пауэрлифтинг федерациясы ашылды. Мен ауыр атлетика секциясына жазылдым, бірақ спорт түрімен ұлымды дүниеге алып келгеннен кейін біржолата ден қойдым. Тұрақты айналыса бастадым», – дейді Бақыт Құдайбергенова.
Біздің кейіпкеріміздің кәсіби спорттағы жолы оңай болмады. Спортшы болудан бұрын, оған өмірлік сынақтардан өтуге тура келді. Бақыттың мүгедек болып қалғаны аздай, оның тағдырына өзге де қиыншылықтар жазылған екен.
«Бір сәтте менің өмірім түбегейлі өзгеріп шыға келді. Күйеуімнен айырылып кішкентай баламен қалдым, әкемді жоғалттым, анам сал болып қалды. Бұл мен үшін қиын кезең болды. Бірақ мен спорттан жан тыныштығын таптым, ол менің ойымды өмірлік мәселелерден алып шықты. Алдымен қалалық, содан кейін республикалық жарыстарда жеңе бастағанымды байқамай қалдым. Сол кезде мүгедектігі бар спортшылар сирек кездесетін, әсіресе әйелдер, сондықтан бапкерлер маған ерекше көңіл бөлді», – дейді Бақыт.
Пауэрлифтингтен басқа, әйел үшсайыс, үстел теннисі, жүзу және басқа да спорт түрлерімен айналысты. Соңғы жылдары Бақыт Құдайбергенова бар күшін ауыр атлетикаға шоғырландырды, сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынымен шұғылданады.
«Мүгедектік – бұл үкім емес. Мен мұны өзіме деген бір сын ретінде қабылдаймын. Ұзақ жолдан өттім, спортта жоғары жетістікке жеткен марапаттарым бар. Ұлым маған қолдау көрсетеді. Жаттығуларға бірге барамыз. Менің жасым 60-қа таяп қалды және ауыр зілтемірлерді көтеріп, жатыққаннан рақаттанамын. Менің ойымша, ештеңеге қарамастан, спортпен айналысу және салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды», – дейді ол.
  пауэрлифтинг, ауыр атлетика, спорт   Спортшылар мен парапортшы-пауэрлифтерлерді қолдау, оларды халықаралық және әлемдік деңгейдегі түрлі чемпионаттарға дайындау, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамыту Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асып келеді.