Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қазіргі уақытта әмбебап мобильді бригада құрылғанын хабарлады.
«Мемлекет жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қабылдап жатыр. Алғашқы медициналық көмек қызметтері күшейтілуде. Үйде халыққа кешенді медициналық қызметтерді көрсету үшін 400 әмбебап мобильді бригада құрылды. Шілде айының соңына дейін олардың саны 3,5 мыңға дейін жеткізіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеуінде.Президенттің айтуынша, ауруханалардағы төсек орындарының санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Мен нұсқау берген сәттен бастап коронавируспен ауыратын науқастарға арналған төсек-орын саны 70%-ға артып, 43 мыңға дейін жеткізілді. Бұл жұмысқа әскери дәрігерлерлер де белсенді араласып жатыр. Қарулы күштердің ресурстарының арқасында 500-ден астам төсек орналастырылды. Ерекше таралу ошақтары орнында далалық ауруханалар жасақталуда», - деді ол.