Министр: Қауіпсіздік сертификаты азаматтардың жеке дерегін сақтамайды
Министр: Қауіпсіздік сертификаты азаматтардың жеке дерегін сақтамайды
125
оқылды

Мемлекеттік қызметкерлердің қауіпсіздік сертификатын қолданып жүргеніне бір жарым жыл болған.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев телефонын шығарып, журналистерге өзі де осы жүйені орнатқанын көрсетті.

Министр қазір интернетте киберлік қатерлердің бар екенін айтты. Қауіпсіздік сертификатын орнатудың арқасында соңғы бір айдың ішінде 130 кибершабуылға тосқауыл қойылып, 8 миллионнан астам вирустық қауіп анықталған. Министрдің айтуынша, қауіпсіздік сертификаты заңға қарсы контенттен қорғайды. «Оның ішінде суицид туралы үгіт-насихат материалдар, эстремистік сипаттағы ақпарат және т.б. бар» дейді ол.

Қоғамда қауіпсіздік сертификатына қатысты сауал көп. «Қауіпсіздік сертификатын орнатқаннан кейін жеке тұлғаның мәліметтері қандай да бір жерде сақтала ма?» деген журналист сұрағына министр «Қауіпсіздік сертификаты тек фильтр қызметін атқарады. Онда ақпарат жиналмайды» деп жауап берді. Асқар Жұмағалиев қандай да бір сұрақ туындаса, Мемлекеттік техникалық қызметке хабарласуға кеңес берді.

Қауіпсіздік сертификаты VPN-ды бұғаттай алады. Бірақ ол үшін сот шешімі немесе тиісті мемлекеттік органның нұсқауы керек. Жиында ҰҚК мемлекеттік техникалық қызмет директорының орынбасары Зекен Исмайылов осындай мәлімдеме жасады.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ