Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше республикалық телеарналар эфирінде қазақстандықтарға үндеу тастап, баршамызды толғандыратын короновируспен күрес мәселесіне тоқталды. Президент өзінің 27 сәуірдегі мәлімдемесінде егер жағдай нашарламаса, 11 мамырда төтенше жағдай алынып тасталады деген еді. Ол да жасалды. Өйткені, біз бастапқыда пандемияның таралуын шектеу үшін ең шешуші және қатаң шараларды қолға алдық. Мұны қалай істеу керегі ТЖ кезінде үйретілді. Маска кию, жұмыс орнын залалсыздандыру, қолды жуу, әлеуметтік қашықтықты ұстану. Бірден ағайын-туысқа барудың қажеті жоқтығы, жора-жолдаспен бас қосып жиналуы секілді дүниелерден бас тарту керегін ескертілді. Осы төтенше жағдайдан шығудың жолы – карантин шараларын қатаң сақтау болатын. Ешкімге жеңілдік жасалмауы керек еді. Бірақ біз мұны ұстанбадық, баршамыз карантин шараларын сақтамадық. Немқұрайдылығымызды Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының қателіктері де күшейте түсті, ал әкімдіктердің жергілікті жердегі әрекетсіздігі адамдардың қырағылығын әлсіретті. Күнделікті ауыр науқастар мен қайтыс болғандар туралы соңғы есепте таныстарымыздың, достарымыздың және туыстарымыздың есімдерін естідік. Қасым-Жомарт Кемелұлы жақындары мен туыстарына көңіл айта отырып, жүздеген отбасының қасіреті екеніне тоқталды. Сондықтан Мемлекет басшысы 13 шілде – Ұлттық аза күту күні деп жариялады. Бұл адамгершіліктің ең жоғары үлгісі және пандемия құрбаны болған қазақстандықтарға көрсетілген құрмет. Бұл баршамызды халқымыздың басына түскен сынақтар алдында қайсарлыққа, сабырлылыққа, жауапкершілік танытуға шақырды. Пандемия – адамзаттың сан ғасырлық тарихында орын алып тұратын апаттар. Әр кезеңде әлем, елдер мен адамдар өмірге, болашақ үшін күресуге, медицинаға, ғылымның жетістіктеріне сүйене отырып, жеңіске деген сенімнің арқасында қорқынышты індеттерді жеңген. Президент айтқандай, біз де жеңіске жетеміз!