Өкпесі қабынғанымен ауруханаға жатпай, үйде емделетін науқастар дәріні тегін алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты, - деп хабарлады ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қолданыстағы тізілімге сәйкес, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар ЖРВИ, тыныс алу жолдарының өткір аурулары, ауруханадан тыс өкпе қабынуы кезінде, ал ересек адамдар ауруханадан тыс өкпе қабынуы кезінде тегін амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс.
«Бұл дәрі-дәрмектерді учаскелік дәрігер жазып береді және ол бақылаушы орган қанша препарат, кімге жазылып берілгенін көріп отыруы үшін ақпараттық жүйе арқылы өтеді», - деді вице-министр.Вице-министр бүгінде еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық өңірде мұндай дәрі-дәрмекті учаскелік медбикелердің үйге жеткізіп беруі ұйымдастырылғанын да айтты.
«Бұл препараттарды мобильді бригадалардың да жеткізіп беруі жоспарланған. Дәрігер тегін қамтамасыз етілетін мұндай препараттарды жазып бергенімен, пациент дәріханадан барып алатын жайттар болып жатса, онда мұндай фактілерді бізге хабарлауды өтінеміз. Шара қолданатын боламыз», - деді вице-министр.