Жамбыл облысында ілеспе құжатсыз тасымалданған дәрілік препараттар бар жүк көлігі ұсталды, деп хабарлайды Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі. Қаржы мониторингі комитетінің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері облыстың ҰҚК ШҚ қызметкерлерімен бірлесіп атқарған жедел-іздестіру шаралары барысында Қордай ауданының «Қарасу» шекаралық бекетінде 29 жастағы қазақстандық басқарған жүк көлігін ұстады.
«Жүкті жолдаған фирма Қырғыз Республикасында тіркелген, ал қабылдаушы – РФ-ның кәсіпорны. Тексеріс барысында көлікті жүк салу бөлігінде сәйкес құжаттары бар халық тұтынатын тауарлардан басқа тауарлық-ілеспе құжаттарсыз тасымалданған дәрі-дәрмектер анықталды. Олардың ішінде 20-дан астам түрлі дәрілік заттар (500 қаптамадан «Парацетамол» және «Цитрамон», 1 750 дана «Фаниган», 240 қаптамадан «Спазмалгон» және «Седальгин», 200 қаптама «Лидокаин», 22 қорап «Тетрациклин», 9 қорап «Мукалтин және т.б.), 1 400-ден астам термометр болды», - делінген хабарламада.Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалды.
«Одан басқа, рейд барысында Тараз қаласындағы дәріханалардың бірінде дәрігердің дәрі қағазынсыз және жоғары бағада дәрі препараттарын сату фактісі анықталды. Бұл бойынша материал заң бұзушыны жауапқа тарту үшін өкілетті органға жолданды», - делінген хабарламада.