Тастайтын да, тазалайтын да – өзіміз
Тастайтын да, тазалайтын да  – өзіміз

#Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы аясында Қазақстан аумағында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Күн сайын туған табиғатымызды бүлдіріп, қоқыс атаулыны үйіп тастайтын да өзіміз, тазалайтын да өзіміз. Экологиялық акция бойынша жиналған қоқыс көлеміне қарасаңыз, тұла бойыңыз тітіркенеді. Осыншалық лас, осыншалық немқұрайды болғанымыз ба?!.

Мәселен, Түркістан облы­сы­ның елдімекендер аумағын қоқыс қалдықтарынан тазарту, эко­логиялық аймақтардың таза­лығын сақтау, су айдындарының арналарын ашу, көше бойларын және арық-атыздарды қалпына келтіру мақсатында ұйымдас­тырылған шараға облыстың 16 аудан-қаласынан 51 635 адам қатысқан. Сенбілікке арнайы 397 техника жұмылдырылыпты. Акция барысында облыс аума­ғындағы барлық өзен, көл арна­лары ретке келтіріліп, елдіме­кендердегі көше бойлары қоқыс­тардан тазартылған. Жалпы кө­лемі 1504,6 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы орындарға та­сымалданған. Атырау қаласында #birge# TazaQazaqstan эко­ло­гиялық акциясы аясында өткен жалпықалалық сенбілікке 8 мың­ға жуық қала және қала маңындағы ауылдық округ тұрғындары, со­ның ішінде мемлекеттік меке­мелер мен кәсіпорын, өнеркәсіп ұжымдары, сондай-ақ еріктілер тобы қатысып, 37-ден астам техника жұмылдырылды. Науқан барысында Жайық өзені және қала аумағындағы барлық су тоғанының жағалауларын ірілі-ұсақты қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 17 тонна қоқыс жиналған.

Жамбылдықтар да эколо­гиялық акциядан шет қалмай, экологиялық акцияға облыстың барлық 10 ауданындағы халықтың басым бөлігі қатысқан.Тараз қа­ла­сының аумағындағы «Қарасу – 1», «Қарасу – 2», «Түйте», «Тө­регелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату дренажды», «Тайвань», дренажды каналардың бойы, «Талас» өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» ша­ғынаудандарындағы каналдардың жағажайларын тазалапты. Тараз қаласы бойынша жүргізілген сен­білікке 4 535 адам қатысып, 21 ны­сан тазартылып, 47 техника жұмылдырылыпты. Жалпы, қала аумағында 61,8 шақырым канал­дардың бойы тазартылып, 258 тонна күл-қоқыс шығарылған.

Бір күндік сенбілікпен бар шаруа біте ме?

Көше бойын, каналдар мен жағалауларды тазартқан жақсы-ау, бірақ санамызды кім таза­лайды? Күл-қоқыс пен түрлі қалдықтарды көрінген жерге тастайтын дағ­дыдан қашан арыламыз?

Түркіменстанда болғанбыз. Қайда барсаңыз да айнадай тазалықты көресіз. Елдің барлық аумағында қоқыс тастайтын жәшік атаулыны көрмейсіз. Неге? «Түркімен халқы кез келген жерге қоқыс тастайтын ұлт емес» деген тағылымды тәрбиенің нәтижесі!

Қала мен даланы қоқыстан тазартудың әлегіне түспес үшін, әуелі қоғамдық санадағы та­залықты орнықтыру керек-ақ!