Автоөндірістің жайы қалай?
Автоөндірістің жайы қалай?

Соңғы уақытта отандық, яғни бізде құрастырылған көліктерге деген сұраныс жоғарылаған. «ҚазАвтоӨндіріс» мәліметінше, соңғы 6 айда 144 млрд теңгеге 20 600 көлік сатылған. Осы дерекке қарап-ақ елдегі қиын экономикалық ахуалға қарамастан азаматтардың барынша көлік мінуге тырысып жатқаны байқалады.

Біздің азаматтар көбіне Lada, Hyundai, Kia, Skoda, Chevrolet маркалы көліктерді тізгіндеуге құмар екен. «ҚазАвтоӨндіріс» одағы стратегиялық жоспарлау директоры Артур Мискарянның айтуынша, отандық көлік құрас­тыру көлемі күн санап артып келе жатыр. Бұл туралы ол КТК теле­ар­насына берген сұхбатында ай­тады. «Қазір Қазақстан нарығында 60-тан астам түрлі моделдегі жеңіл көліктер құрастырылуда. Бұл өз елімізде жасалған машиналарға деген сұранысты күрт арттырды» дейді ол.

«Ортақ жол» жол қозғалысы қауіп­сіздігі қауымдастығы» қо­ғамдық қозғалысының басшысы Арсен Шакуовтың айтуынша, жарты жылда елімізде жасалған 20 мыңнан астам көліктің сатылуы – жақсы көрсеткіш.

– Бұл – сөзсіз отандық авто­нарықтың жетістігі. Кәрістер де алғаш солай бастаған. Көлік жасап шығармаған, тек оны құрастырумен ғана айналысқан. Біз геосаяси тұрғыдан қолайлы тұрмыз. Орталық Азияда, Қытай мен Ресейдің арасындамыз. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізді көтеруге өте ыңғайлы. Мені тол­ған­­ды­ратыны – бізде құрастырыл­ған көлік сапасын қадағалау кем­шін. Тез арада осы мәселені қолға алу керек, – дейді ол.

Осыдан төрт жыл бұрынғы жағдай қазіргіден әлдеқайда төмен болатын. 2015 жылы елде жаңа көліктерге, оның ішінде бізде құрастырылған көліктерге деген сұраныс күрт төмендеп, автосалондар біршама шығынға батқан. Жалпы, біраз жыл бұрын біздің азаматтар жаңа әрі қымбат көліктерге құмар болса, соңғы уақытта мінілген көліктерге жиі мойын бұра бастаған. Russian Automotive Market Research агенттігінің директоры Татьяна Арабаджи осындай дерек кел­тіреді.

– Қазақстанда өндіріс дамып жатыр, жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Бірақ нарық мемлекеттің қолдауынсыз дами алмайды. Аза­маттар жақсы жалақы алмаса, жақсы машиналарға да қол соз­байды. Оның үстіне әлемдегі экономикалық ахуал, Ресей мен Қытай арасындағы сауда соғысы Еуразиялық экономикалық кеңіс­тікке де өз кесірін тигізбей қой­май­ды. Алда Қазақстанда да, Ре­сейде де ұлттық валюта курсы төмендейді деп күтілуде. Бұл да халықтың сатып алу әлеуетін бір­шама әлсіретпек, – дейді сарап­шы.

Расында, соңғы жылдары халықтың сатып алу мүмкіндігінің біраз төмендеп кеткені жасырын емес. Халықтың көпшілігі көлікті несиеге жиі рәсімдей бастады. Ав­тосалондар да, банк те бұл тұр­ғыда көп құжат талап етіп әуре қылып жатпайды. Темір тұлпар мі­нуге жеке басыңызды куәлан­дыратын құжат жетіп жатыр. Бірақ 4 немесе 5 жыл бойы ай сайын 40-50 мың шамасында несие төлейсіз. Несиемен көлік алған азаматтың бірі – Нұрқат Айтуов. Аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Daewoo Matiz маркалы ресейлік көлікті сатып алған. Айына 47 мың теңге қаражаты көлік несиесін жабуға кетеді. Кәсібі – күн мен түнге қарамай таксист болу.

– Жайлы бағаға таптым де­геннің өзінде несиені әлі үш жыл төлеймін. Әдейі осы көлікті таңдап алдым. Себебі, жанармай шығыны – 1,6 литр. Бұл қала ішінде өте ыңғайлы. Жанармайды толтырып бір құйсаң, біразға жетеді. Көлемі одан көп көлікті сатып алып, такси болу арқылы табыс табу өте қиынға соғады. Бұл әрі ескі көлік. Сондықтан анда-санда 70-80 мың теңгедей ақша салып, бұзылған оны-мұнысын жөндеп тұруға тура келеді. Ма­шина банкте кепілде тұрған­дық­тан, бұзылуға хақысы жоқ, – дейді Нұрқат.

Автонесиеден қашқандардың өзі банктен қаржылай несие алып, қолма-қол ақшаға іздеген көлігін тізгіндеуге тырысады. Ал қымбат көлік мініп, шалқайып жүрген­дердің көбі – жақсы табыс табу­шылар. Бірақ елдегі халық санына шағып жібергенде ондай адам­дардың үлесі тым аз екенін ба­ғамдау да қиын емес. Бұл пікірді Allur Auto автомобиль компаниясы сату бөлімінің аға менеджері Данияр Шамұхажы да растайды.

– Бізге келгендер бірінші Toyota-ны сұрайды. Алайда ол жоқ болғандықтан, Ravon, JAC, Peugeot сияқты өзіміздің маши­наларды ұсынамыз. Солардың ішінде Ravon ең өтімді саналады. Ішіндегі барлық мүмкіндігі, бар­лық жиынтығымен алғанның өзінде 4 млн 290 мың теңгеге шы­ғады. Оны 4 пайыздық несиемен рәсімдейтін болса айына 48 мың теңгеден төлейді. Салонға келу­шілердің 90 пайызы дерлік несие арқылы алғанды жөн көреді. Біздегі көліктердің бәрі «Са­рыарқа» авто зауытында құрас­тырылған, – дейді менеджер.

Соңғы уақытта банктер авто­көлік сатып алуға байланысты несие портфелдерін көбейте бастаған. Қазір еліміздегі 28 банк­тің 10-ы автонесие ұсынса, жаңа және ұсталған көліктерді тек жеті банкте – «Сбербанк», «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Еуразиялық банк», «Нұрбанк», «Банк Kassa Nova» және Capital Bank Kazakhstan-да рәсімдеуге мүмкіндік бар. «Халық банк» пен «ВТБ Банкте» тек салондардағы су жаңа көлікті сатып алу үшін несие алуға болады. Ал Kaspi Bank арқылы пайдаланылған автокө­ліктерді несиелейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, «Еура­зиялық банк» ең көп автонесие рәсімдеген екен. Жалпы құны – 134 млрд теңге. Осы орайда белгілі видеоблогер, авто шолушы Олжас Оқаспен пікірлескен едік.

– Маған хабарласып, қандай көлік алсам болады деп кеңес сұрайтындар көп. Көпшілігі 1,5-3 млн теңге аралығындағы авто­мобилдерді қолайлы көреді. Оның ішінде Priora мен Nexia-ға қанағат қылатындар жиі кездеседі. Соңғы жарты жылда Hyundai жақсы сатылды. Toyota CAMRY бірінші орында. Енді ол – халықтың махаббаты. Ал жалпы Hyundai-дың қарқыны жақсы. Барлық моделін алып қосатын болсақ, Toyota-дан кішкене ғана қалып келе жатыр. АвтоВАЗ үшінші орында. Ескі көліктер бойынша да тағы сол АвтоВАЗ, 90 жылғы еуропалық көліктер сұранысқа ие, – дейді сарапшы.

АвтоВАЗ дегеннен шығады, біраз жылдан бері біздің нарықты ресейлік көліктердің жаулап алғаны жасырын емес. Қазір ең қолжетімдісі де солар болып тұр. Қала берді өзге шетелдік көліктер де тікелей Еуразиялық эконо­микалық одақ аясындағы шарт негізінде территориямызға кіреді. Алайда мұның бірқатар кері әсері болып отыр.

– Соңғы уақытта SKD деген технология пайда болды. Көліктің шанағына дөңгелекті қосақтайды да, біздің өнім деп сата береді. Сондай технологиямен АвтоВАЗ-дың өнімдері, Хюндай мен Кианың кейбір моделдері шығып жатыр. Олар бізде бар болғаны құрастырылады. Яғни, таза біздің өнім емес. Небәрі құрастырылудың бір сатысы ғана бізде жасалады. Біз көбіне Ресейден келетін көліктерді сатып алуға мәжбүрміз. Себебі, Кедендік Одақ соған мәжбүрлейді. Себебі, одақ аясында белгілі бір шарттар бар: көлік ЕУРО 4 стандартына сай болу керек деген сияқты. Сосын ЭВАК деген батырма орнатылуы керек деген де шарт бар. Ал шетелдік көліктерде ол батырма жоқ. Біздің талаптарға келіскен кей автокомпаниялар (Hyundai, KIA) сол батырманы орнатады. Аталған батырманы негізінде қауіпсіздік үшін дейді. Бірақ, шын мәнінде, тек ресейлік көліктерді сатып алу үшін жасалып отырған қитұрқы әрекет. Шындығына келсек, қазіргі су жаңа Лада Грантаға қарағанда 2000 жылдары шыққан Мерседестер жақсы. Екеуін салыстыру мүлдем қисынсыз. Ал бағалары бірдей. Кедендік одақ үшін бұл тиімді болып отыр, – дейді Олжас Оқас.

Маманның айтуынша, авто­нарықтағы экспорт еркіндігінің шектелуі – еліміздегі экологиялық ахуалды да жақсартуға кедергі болып отыр. «Еуропа қазір табиғатты қорғауға қатты көңіл бөлуде. Сол себепті, экологиялық таза – гибридті машиналарды жиі кездестіруге болады. Қазақтар жақсы көретін Toyota Corolla кө­лігі гибридті транспортқа ай­нал­ған. Яғни, ол көліктерде атмос­фералық мотор жоқ. Гибридті дегеніміз – электро құрылғының көмегімен жүреді, сұйық отынды өте аз мөлшерде тұтынады. Қа­рапайым мотор 10-12 литр тұ­тынса, гибридті мотор 3-4 литр ғана жұмсайды» дейді Олжас.

Халықаралық PricewaterhouseCoopers консалтингтік компаниясының бағалауынша, енді қазақстандық нарық қайта күшейеді. Тіпті дағдарысқа дейінгі деңгейге жетуі мүмкін. 2028 жылға таман отандық автозауыттардың қуаттылығы екі есе арта түспек екен. Ал тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың сөзінше, елімізде көлік бағасы әлі өседі.

– Соңғы жылдары шетелден келетін көлік бағасына, жеткізу құнына және кедендік салыққа енді қайта өңдеу және бастапқы тіркеу жарнасы қосылды. Бұл төлемдердің АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) байланысты екенін ескерер болсақ, онда жылда АЕК өскен сайын авто­мобиль бағасы мен түрлі төлемдер де өсе түседі, – дейді Эдуард Эдоков.

Отандық автонарыққа серпіліс керек екені рас. Көліктердің тек Еуразиялық экономикалық одақ арқылы кіруі, азаматтардың сатып алушылық қабілетінің күрт төмендеп кеткені, көлік құрастыру сапасындағы кемшіліктер – нарық белсенділігін біршама саябырсытып тұр. Биыл – елімізде көлік құрастырыла бастағанына тура 15 жыл толды. Осы уақыт ішінде 182 255 түрлі көлік түрлері өндіріліп, ел аумағында жеті өндірістік аумақ салынған. Ол аумақтардағы конвейерлерде 19 брендтің 140-тан астам моделі жинақталуда.