Жұмысшы топ құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің уәкілі, облыстық «Nur Otan» партиясы, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары және облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдері, ҰЭМ «Бәсекелестікті қорғау және дамыту» Түркістан облысы бойынша департамент қызметкерлері мен облыстық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары болды. Жұмысшы топ алдымен «Қуаныш» базарының маңында орналасқан 6 бірдей дәріхананы аралады. Дәріханаларда ұзын-сонар кезек байқалмады. Дегенмен бірқатарында қазіргі таңдағы сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі анықталды. Оған себеп ретінде дәріхана иелері дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілмеуін алға тартып отыр. Сонымен қатар аталған дәріханаларда медициналық препараттардың бағасын шектен тыс көтеру фактілері анықталған жоқ. Соған қарамастан, топ мүшелері дәріханалардың лицензияларының және кассалық аппараттарының бар-жоғына көз жеткізді. Сондай-ақ тексеріс барысында карантин кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуына баса мән берілді.
А.ЖАСАНҰЛЫ